Саясат

12 жылға сотталған экс-әкім Кәрім Көкірекбаев бостандыққа шығуы мүмкін

12 жылға сотталған экс-әкім Кәрім Көкірекбаев бостандыққа шығуы мүмкін

Фото ашық дереккөз

Пара алғаны үшін 12 жылға сотталған Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаев денсаулығына байланысты мерзімінен бұрын бостандыққа шығуы мүмкін.

Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, Алатау қаласының соты 69 жастағы экс-әкімнің денсаулық жағдайына байланысты жазадан мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырған.

Алайда сот шешімінің заңды күшіне енгені және Көкірекбаевтың жазасын өтеу мекемесінен босатылғаны әзірге ресми расталған жоқ.

Еске салайық, Кәрім Көкірекбаевтың ұсталғаны туралы 2022 жылғы 27 желтоқсанда белгілі болды. Ол сол кезде "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесін басқарған.

2023 жылдың мамырында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет экс-әкім мен іс бойынша басқа да фигуранттарға кәсіпкерлерден жалпы сомасы 396 миллион теңге пара алды деген айып тағылғанын хабарлады. Тергеу мәліметінше, ақша орындалған жұмыстар актілеріне қол қою және кәсіпкерлерге қамқорлық көрсету үшін берілген.

Сол кезде мемлекетке келтірілген жалпы залал шамамен 2 миллиард теңгеге бағаланған.

2025 жылдың шілдесінде Кәрім Көкірекбаев 12 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сайт Әкімшілігі