182 млрд доллар сыртқы қарызды қалай қайтарамыз?
Шенділер әдетте халықты қарыз буып бара жатқанын жиі айтады. Ұлттық банктің биыл 1 сәуірдегі есебі бойынша, қарапайым азаматтардың банктер мен қаржы ұйымдары алдындағы несиесі 27 трлн теңгеден асқан.
Оның ішінде үш ай бойы төленбеген проблемалық берешек 1,7 трлн теңгеге жетіпті. Елдегі 16 мен 62 жас аралығында 11,75 млн адамның 7,7 миллионы қарыз арқалап жүрген көрінеді.
Құзырлы орган өкілдері мұндай статистиканы жариялағанда «халықты қаржылық сауаты төмен, мемлекетке масыл» ретінде көрсеткісі келетіндей. Тіпті «азаматтар келсе-келмесе кредит алады» деп кінәлайды. Бірақ олар көпшілік несиені жетіскенінен емес, күнкөріс қамы үшін алып жүргенін мойындағысы келмейді. Ел арасында ішер ас, киер киімді қарызға алып жүрген адамдар аз емес екенін айтпайды.
Бірақ біздің Үкіметтің халыққа «күлер» жері жоқ. Өйткені Үкіметтің өзі шетелден қарыз алуға әуес. Мысалы, Қазақстан – Орталық Азиядағы ең ірі қарыз алушы ел. Қазақстанның сыртқы қарызы (181,8 млрд доллар) Орталық Азиядағы өзге елдердің жалпы қарызын қоса есептегендегі (109 млрд доллар) сомадан да көп.
Оның үстіне Астананың берешегі кейінгі кезде жылдам өсіп жатыр. Атап айтқанда, 2020 жылдан 2023 жылға дейін елдің сыртқы қарызы 161,1 миллиардтан 164,7 млрд долларға өссе, кейінгі бір жылда 10,4 пайызға көбейіп, 165 миллиардтан 182 млрд долларға жетті. Сөйтіп, бір жылда екі рекорд жаңарып отыр. Біріншісі, Қазақстанның сыртқы қарызы тарихтағы ең жоғары көрсеткішке жетті (181,8 млрд доллар). Екіншісі, елдің сыртқы қарызы бір жылда ең жылдам өсті (10,4 пайыз). Тіпті 2050 жылға қарай мемлекеттік борыш жалпы ішкі өнімнің 45 пайызына жетеді деген қорқынышты болжам айтылып жүр. Қазір бұл көрсеткіш 30 пайыз шамасында.
Қазақ еліне +1 млрд қарыз
Үкімет шетелден несие алудан рекорд жаңартып тастағанын айттық. Бірақ көп қарыздан қаймығып отырған билік жоқ. Өзге жұртқа алақан жаюды жалғастыруда. 17 маусым күні өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Халықаралық қайта құру және Даму банкінен, сондай-ақ Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен қарыз алу туралы келісімді ратификациялады. Осы келісімдерге сай Қазақстан Үкіметі бюджет тапшылығын жабу үшін аталған банктерден миллиард долларға жуық қарыз алады.
Екі халықаралық банктен қарыз алу жөніндегі келісімдерді депутаттарға қаржы министрі Мәди Тәкиев таныстырды. Оның айтуынша, Үкімет несиені жапон иенімен алған. Біздің елге «Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі» – 92,3 млрд иен, «Халықаралық қайта құру және даму банкі» (Дүниежүзілік банк) 62,4 млрд иен қарыз береді. Несиені өтеу мерзімі – 11 жыл. Оның алғашқы 5 жылы жеңілдік кезеңі саналады.
«Қарыз валютасы ретінде жапон иенін таңдауға Жапониядағы төмен базалық пайыздық мөлшерлеме, сондай-ақ теңге мен жапон иені арасында тығыз байланыс себеп болды. Бұл қаражат экономиканың маңызды салаларын қаржыландыруға, Үкіметтің басым бағыттағы шараларын қолдауға мүмкіндік береді», – деді министр.
Шетелден тағы қарыз алуға бюджет тапшылығы себеп болғаны айтылды. Қазақстанның биылғы бюджет шығыны – 27 трлн теңге, ал кіріс – 19 трлн теңге ғана. Ұлттық қордан бөлінетін 2,7 трлн теңгені қоса есептегеннің өзінде бюджет тапшылығы 4,6 трлн теңгеге жеткен. Үкімет осы тапшылықты ішкі және сыртқы несиемен жабуды жоспарлап отыр.
Депутаттар Тәкиевтен «дефицитті жабу үшін неге алдымен ішкі қаржыландыруды ойламай, сыртқы қарыз алуға ұмытылып отырғанын» сұрады. Министр іштен де қаржы алынатынын, бірақ оның өсімі өте жоғары екенін, 17 пайызға дейін жететінін айтты. Ал шетелден алынған қарыздың өсімі өте төмен көрінеді.
«Екі халықаралық банк Қазақстанның стратегиялық әріптестері екенін, ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып отырғанын атап өткен жөн. Біз екі банктен жылына 1,15 және 1,2 пайыз мөлшерлемемен млрд доллар қарызды 11 жылға алып отырмыз. Оның үстіне 5 жылдық жеңілдік кезеңіміз бар. Сондықтан бұл өте жеңіл қарыз болады деп есептейміз», – деді қаржы министрі.
Қазақстанда қарыз өсімі өте жоғары екені бұрыннан белгілі. Әсіресе екінші деңгейлі банктер халыққа елде жоқ жоғары пайызбен несие беріп, жыл сайын мол пайдаға кенеледі. Екінші деңгейлі банктердің мөлшерлемесі Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне байланысты екені рас. Бірақ соның өзінде банктер ұсынатын өсім өте жоғары. Мысалы, қазір базалық мөлшерлеме – 17 пайыз. Ал банктер несиені бұдан кемі 2 есе жоғары пайызбен берді. Тіпті ипотекалық бағдарламалардың өзінің өсімі 30-40 пайызға жететіні жасырын емес. Мемлекет екінші деңгейлі банктерге мол субсидия бөледі. Бірақ олардың жоғары пайызбен «халықты тонауына» тоқтау сала алмайды. Біз мұны Тәкиевтің «өзімізде өсім жоғары болғандықтан, шетелдік банктен қарыз алдық» деген сөзіне орай айтып отырмыз.
Жангелді ШЫМШЫҚОВ, экономист: Қазақстанның сыртқы қарызы отбасылық қарыз сияқты
– Шын мәнінде мемлекеттің қарызын отбасылық қарызбен салыстыруға келмейді. Өйткені қарапайым отбасы қарызды тұтыну үшін алады, ондай несие өсім бермейді. Ал мемлекеттік немесе коммерциялық қарыз өндірісте жұмыс істейді, өсім береді. Яғни мұндай қарыздың өсімін төлеумен қатар, пайдасын көруге болады. Егер сол пайда қарыздың өсімін жаба алатын болса, онда еш қиындық жоқ.
Бірақ экономикалық тұрғыда «қарыз жалпы ішкі өнімнің қанша үлесіне сәйкес келеді» деген талап бар. Егер несие ЖІӨ-нің 40 пайызынан асып, жартысына дейін жетсе, қауіп төндіре бастайды. Ал ол 30 пайыз деңгейінде болса, оны қабылдауға болады. Үкіметтің айтуынша, қазір біздің елдің қарызы әлі аз, максималды шекке жеткенге дейін әлі біршама несие алуға болады. Бірақ жыл сайын 19 млрд долларға жуық қаржыны алған несиені өтеуге жұмсап жатырмыз. Сондықтан бұл жол бізге тиімді емес.
Рас, 182 млрд доллар қарызды соншалық қорқынышты деп айтуға келмейді. Өйткені ол жалпы ішкі өнімнің 30 пайызына ғана сәйкес келеді. Бірақ басқа жаңа дамып келе жатқан елдердің тәжірибесіне сүйеніп айтар болсақ, арқаны кеңге салуға да болмайтынын байқаймыз. Мысалы, көршілес Өзбекстан Ислам Каримовтың тұсында шетелге бір тиын қарыз болған жоқ, соның арқасында қазір экономикасына қуат бітті. Қазір Өзбекстанның экономикалық өсімі бізге қарағанда анағұрлым жоғары.
Менің ойымша, ішкі көздерге сүйенген әрқашан дұрыс. Бірақ біздің әуелден қисық кеткен жеріміз бар, үнемі «сыртқы инвестиция, тікелей инвестиция» деп қақсап, соның айналасында жұмыс істеп келеміз. Менің есептеуімше, сыртқы инвестициялардың сомасы бізден сыртқа шығарылған қаражатпен тең болып тұр. Ендеше, басты қатырмай, сыртқы инвестициядан гөрі өзіміздің ішкі инвестицияны қолданған дұрыс болар еді.
Сондай-ақ Ұлттық қор қаржысының көбі шетелдің құнды қағаздарына салынады. Ресейдің тәжірибесі нені көрсетіп отыр? Еуропаға салған 700 млрд доллардан аса қаражаты бұғатталып, Украинаның соғыстан зардап шегіп, қираған ғимараттарын, инфрақұрылымы қалпына келтіруге жұмсалатын болды. Сондықтан біз Ұлттық қор қаражатын шетелдің мемлекеттік құнды қағаздарына салғаннан гөрі өзіміздің тікелей инвестициямыз ретінде ішкі өндірісті дамытуға неге жұмсамаймыз?
Сыртқы инвестиция мен сырттан қарыз алу өте бұралаңқы жол деп есептеймін, ол біреулердің қалтасын толтыруға жол ашуы мүмкін. Сондықтан да сыртқы қарыз әжептәуір деңгейге жетіп қалды. АҚШ сияқты алдынғы қатарлы дамыған елдер мұндай қарыздан қорықпайды, өйткені алынған қарыз елде жұмыс істеп, ақша табады. Сол үшін сыртқы қарыз оларға өте жеңіл әсер етеді. Ал біздегі қарыз отбасының қарызы сияқты, дұрыс пайда бермейді. Демек, шетелден қарыз алуды құптай кетуге болмайды.
Сыртқы қарыз – екі жағы бар күрделі мәселе. Бірақ оң жағы көрініп, елге пайда әкелу үшін билікте адалдық пен ашықтық болу керек. Сыбайлас жемқорлық болмауы керек. Міне, сонда ғана ашық әрекет жасалып, алған қарыздарымыз елге пайда береді. Шетелден алған қарыздан түскен пайда сол қарыздың өсімін жабудан асып, елге көмегі тисе ғана сыртқы қарызды құптауға болады. Ал олай болмаса, шетелге қарызға бата берудің жөні жоқ.
Айта кететін тағы бір мәселе бар. Осы жолы алатын 1 млрд доллар қандай бағытта, қандай мақсатта алынатыны өте маңызды. Өйткені біз Еуразиялық одақтың, ҰҚШҚ-ның құрамындамыз, ал Ресейде қаржы тапшылығы бар. Демек, Мәскеу өз қалтасын толтыру үшін біздің елде АЭС салатынын айтып, басқа да қысым жасау жолдарын ойлап тауып, Астанаға несие алдырып, миллиард долларды біздің мойнымызға іліп қоюы да әбден мүмкін. Сондықтан жаңа қарыздың мақсаты айқын, бағыты анықталған болса ғана елге пайда әкелмек. Ал олай болмаса, экономикамызды одан әрі тонауға жол ашады.
«Қарыз күліп кіріп, жылап шығады»
Әділін айту керек, біз сөз еткен 181,8 млрд доллар қарыздың бәрі Үкіметтің мойнында тұрған жоқ. Мұның тең жартысы фирмааралық берешек. Яғни шетелдік инвесторлардың Қазақстандағы өз еншілес компаниясына берген қарызы. Бұл – 89,9 млрд доллар. Ал жеке және квазимемлекеттік компаниялардың қарызы – 55 млрд доллар. Мұның ішінде мемлекетке қарасты ұлттық компаниялар алған несиелер де бар. Сондай-ақ екінші деңгейлі банктер шетелден 20 млрд доллар шамасында қарыз алған.
Ал мемлекеттің сыртқы қарызы 17 млрд доллар айналасында. Мәди Тәкиев осыны алға тартып, «алаңдауға еш негіз жоқ» дейді. Министрдің айтуынша, мемлекеттің шетелге қарызы жалпы ішкі өнімнің 4,5 пайызына ғана тең, бұл көрші мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Сондықтан БАҚ-та айтылып жатқан 180 млрд доллардың бәрі мемлекеттің сыртқы қарызы деп есептемеу қажет.
Шенділер мұндайда әлемдегі алпауыт елдердің бәрінде сыртқы қарыз бар екенін алға тартады. Мысалы, сыртқы қарызы ең көп елдердің көшін АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия және Нидерланды бастап тұр. Бірақ бұл жерде ескеретін бір жайт бар. АҚШ, Ұлыбритания сияқты ірі мемлекеттердің еншісіне жазылып отырған қарыздың басым бөлігін елдегі банктер, компаниялар және резиденттер алған. Яғни Вашингтонды, Лондонды немесе Берлинді қарызға батып қалды деуге келмейді. Ал халықаралық ұйымдарға ел үкіметі ең көп қарыздар болған елдер – Аргентина, Украина және Мысыр. Демек, экономикасы әлсіз елдердің мемлекеттік қарызы көп болады деп тұжырымдауға негіз бар.
Қазақстанның ең ірі кредиторлары – Нидерланды, Ұлыбритания, Ресей, Қытай және Франция. Ұлттық банктің есебінше, еліміз Нидерландыдан – 42 млрд, Ұлыбританиядан – 19,8 млрд, Ресейден – 16,6 млрд, Қытайдан – 12,9 млрд, Франциядан – 11,2 млрд, АҚШ-тан – 11 млрд доллар қарыз алған.
Кейінгі 10 жылда Ресейге қарызымыз қатты өсті. 2016 жылы Мәскеуге несиеміз 7,1 млрд доллар болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 16,6 миллиардқа жетті. Ең қызығы, Ұлыбритания (–5,2 млрд) мен АҚШ-тан (–1,5 млрд) алған қарызымыз азайып, Бермуд аралдары (+6,6 млрд) мен БАӘ-ге (+5,2 млрд) берешегіміз артқан. Яғни Қазақстанның сыртқы қарызындағы Батыс елдерінің үлесі азайып, Ресейдің, Таяу Шығыс елдерінің және кейбір оффшорлық юрисдикциялардың үлесі артқан.
Айтпақшы, кейінгі 10 жылда АҚШ долларымен көрсетілген қарыз 131,1 млрд доллардан 119,3 млрд долларға азайып, Қытай юанімен көрсетілген қарыз 55 млн доллардан 6,3 млрд долларға өскен. Теңгемен көрсетілген міндеттемелер 4,4 млрд доллардан 12,5 млрд долларға дейін өсті. Яғни Қытай валютасымен есептелетін несие 10 жылда 100 еседен аса артқан. Бұл Астананың Бейжіңге тым жақындап бара жатқанын білдіруі мүмкін. Сарапшылар Қытайдың қарызы мен инвестициясынан сақ болу қажет деп санайды. Өйткені оның соңы геосаяси ықпал ету құралына ұласып кетуі мүмкін. Бейжіңнің дамушы елдерді «инвестиция құямыз, инфрақұрылым салып береміз» деген желеумен қарызға батырып, соның өтеуіне сол елдегі стратегиялық нысандарға қол созатын әдеті бар. Мұны Батыс жұрты «қарыз тұзағы дипломатиясы» деп атайды. Мысалы, Шри-Ланка қарызын қайтара алмай, Хамбантото портын 99 жылға берген.
Әрине, сыртқы қарыз мәселесінде Қытайдан ғана қауіп бар деуге келмейді. Жоғарыда Ресейден алған қарыз кейінгі 10 жылда 2 еседен аса артқанын айттық. Жалпы сыртқы қарызымыз жылдам өсіп бара жатқаны да жасырын емес. 2016 жылы Қазақстанның шетелге қарызы – 153 млрд доллар болса, биыл ол 182 млрд долларға жетті. Үкімет сырттан қарыз алуды әлі жалғастыруда. Ел экономикасына сырттан келетін қаржы ауадай қажет дегенімізбен, «қарыздың күліп кіріп, жылап шығатынын» естен шығармау қажет. Мамандар қарыз деңгейін бақылауда ұстау қажет деп санайды. Өйткені сыртқы нарықтағы өзгеріс елдің қаржылық тұрақтылығына әсер етуі мүмкін. Оның үстіне бюджет дефицитін жабу үшін алынған қарыздың талан-таражға түспейтініне ешкім кепілдік бермейді. Сондықтан Үкімет шетелден алған қаржының қалай жұмсалғаны жөнінде ашық есеп беруді де ұмытпағаны жөн.
Қуаныш Қаппас