Қоғам

20 жастағы қызды 12 рет пышақтаған: туыстары істі аса қатыгездікпен жасалған қылмыс ретінде саралауды сұрайды

Абай облысының Бородулиха ауылында 20 жастағы Дильназ Жұмағұлованың өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр. Қыз 13 шілдеде қаза тапқан, деп хабарлайды Qumash телеграм каналы.

Фото: Qumash

Марқұмның әкесінің айтуынша, күдікті Дильназға 12 рет пышақ сұққан. Жастар арасында жанжал болған. Дильназ жігіттің бетінен ұрып, оқиға орнынан кеткен. Алайда күдікті оның соңынан еріп, пышақ алып шыққан.

Тергеу эксперименті кезінде күдікті пышақты қызды қорқыту үшін алғанын айтқан. Кейін Дильназдың мойнына жарақат салған. Қыз жерге құлағаннан кейін де оған бірнеше рет пышақ сұққан.

Туыстарының сөзінше, Дильназ қарсылық көрсеткенімен, күдікті оны жол бойымен шамамен 32 метр сүйреген. Кейін кеуде тұсынан тағы соққы жасаған. Қыздан ауыр бас-ми жарақаты да анықталған.Оқиғадан кейін күдікті Дильназдың күртесін шешіп, телефонын бұталардың арасына жасырып, оқиға орнынан кеткен.

Дильназ отбасындағы жалғыз бала болған.

Қазір қылмыстық іс қасақана адам өлтіру бабы бойынша тергеліп жатыр. Марқұмның туыстары қылмысты аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру ретінде қайта саралауды талап етуде. Алайда сараптамалар жүргізілгеніне қарамастан, іс әзірге қайта сараланбаған.

Сайт Әкімшілігі