200-ге жуық ресейлік әскери Қытайда жасырын дайындықтан өтті – БАҚ
2025 жылдың соңында екі ел арасындағы құпия келісім аясында 200-ге жуық ресейлік әскери қызметкер Қытайда арнайы дайындықтан өткен.
Бұл туралы Reuters агенттігі Еуропаның үш барлау қызметіндегі құжаттар мен дереккөздерге сүйеніп хабарлады.
Мәліметке сәйкес, ресейлік әскерилердің оқу-жаттығулары Бейжің мен Нанкиндегі нысандарда өткен. Курстар дрондарды пайдалану, жарылғыш заттар, миналар және радиоэлектрондық күрес құралдарын қолдануға арналған.
Reuters агенттігінің барлаудағы дереккөздерінің айтуынша, Қытай әскери қызметкерлері кем дегенде 2024 жылдан бері Ресейге оқуға барып жүрген. Алайда ресейлік әскерилердің Қытайда дайындықтан өткені туралы ақпарат алғаш рет жарияланып отыр.
Еуропалық дереккөздердің мәліметінше, Қытайда дайындықтан өткен ресейлік сарбаздардың бір бөлігі кейін Қырым мен Запорожье облысындағы дрон операцияларына қатысқан.
Қытай билігі Ресей-Украина соғысы басталғалы бері өзін бейтарап ел ретінде көрсетіп келеді. Соған қарамастан, Бейжің Ресейге кейін әскери өндірісте пайдаланылатын қос мақсаттағы тауарларды жеткізуді жалғастырып отыр.