Әлеумет

2022 жылдан бері жүздеген украиналық сарбаз Германияда дайындық кезінде қашып кеткен

2022 жылдан бері Германияда әскери дайындықтан өтіп жүрген жүздеген украиналық сарбаз өз бөлімдерін рұқсатсыз тастап кеткен.

Фото: kaktus.media

Бұл туралы немістің Die Zeit басылымы жазды.

Басылымның мәліметінше, Саксония-Анхальт федералдық жерінің өзінде 2022 жылдан бері 80-нен астам украиналық әскери қызметші жауынгерлік дайындық курстарынан өз еркімен кетіп қалған. Ал бүкіл Германия бойынша мұндай бірнеше жүз жағдай тіркелген.

Украина заңнамасы мұндай әрекетті дезертирлік деп қарастырады. Сондықтан Украинаға оралған жағдайда оларға 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Die Zeit мәліметінше, Германияға әскери дайындыққа жіберілгендердің арасында Украина Қарулы күштері қатарына мәжбүрлі түрде алынғандар да бар. Олардың кейбірі Саксония-Анхальттағы Альтенграбов әскери полигонына жіберілген кезде қашып кеткен.

Германияға босқын ретінде келген украиналық бейбіт тұрғындардан айырмашылығы, әскери қызметшілерге уақытша қорғау туралы ереже қолданылмайды.

Ресей Украинаға қарсы толық ауқымды соғысты бастаған 2022 жылғы ақпаннан бері Германияда шамамен 29 мың украиналық сарбаз бен офицер әскери дайындықтан өткен. Әдетте мұндай курстар бірнеше аптаға созылады.

Басылымның жазуынша, соғыстың алғашқы кезеңінде Германиядағы полигондарға негізінен тәжірибелі әрі соғысуға ынталы әскери қызметшілер жіберілген. Алайда қазір Украина армиясының қатарына жауынгерлік тәжірибесі жоқ және соғысуға құлшынысы төмен адамдардың көбірек алынатыны байқалады.

Сайт Әкімшілігі