2027 жылы қазақстандықтарды қажылыққа тек төрт туроператор ғана апара алады
2027 жылғы қажылық маусымында қазақстандықтарды Сауд Арабиясына апаратын туроператорлар саны шектелді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы конкурсы нәтижесінде төрт компания іріктеліп шықты.
Мүфтияттың мәліметінше, іріктеудің мақсаты – қажыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Сауд Арабиясының қажылыққа қатысты талаптарын сақтау.
Конкурстан өткен компаниялар:
«Атлас Туризм» ЖШС;
«Нұрхан Тревел» ЖШС;
«Тауаф Тревел» ЖШС;
«Хикмет Тревел» ЖШС.
Туроператорлардың лицензиясы «Туристік Қамқор» корпоративті қоры арқылы тексерілген.
Мүфтияттың хабарлауынша, конкурсқа қатысып, іріктеуден өте алмаған басқа туроператорлар да қажылық сапарын ұйымдастыра алады. Ол үшін жоғарыда аталған компаниялардың бірімен субагенттік келісім жасауы қажет.
Мұндай тәртіп қазақстандықтарды лицензиясыз турфирмалардан қорғау үшін енгізілген. Бұған дейін қажылыққа апарамыз деп азаматтардан ақша жинап, кейін уәдесін орындамаған алаяқтық фактілері де тіркелген.