Әлеумет

210 млн теңгеге екі төсек: Жаңаөзен әкімінің бұрынғы орынбасары тергеліп жатыр

Маңғыстау облысында Жаңаөзен көпбейінді қалалық ауруханасына демеушілік көмек ретінде бөлінген қаржыны жымқыру дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр.

Фото: скриншот

 Істе күдікті ретінде  Жаңаөзен әкімінің бұрынғы орынбасары да бар. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.

ҚМА мәліметінше, 2025 жылы Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы күйік бөлімшесін ашу үшін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-нан демеушілік көмек сұраған. Жобаны жүзеге асыруға 223 млн теңге бөлініп, «ӨзенМұнайГаз» АҚ бұл қаражатты «Жарылқау» қоғамдық қорына аударған.

Бастапқыда жоба аясында медициналық жабдықтың сегіз түрін сатып алу және мамандарды оқыту жоспарланған. Алайда кейін жоба шарттары өзгертіліп, бөлімшені кешенді жабдықтаудың орнына қоғамдық қор, қалалық аурухана және AKBS Invest ЖШС арасында небәрі екі күйікке қарсы төсек сатып алу жөнінде 210 млн теңгеге үшжақты келісім жасалған.

ҚМА дерегінше, сатып алу заңнама талаптарын айналып өтіп жүргізілген. Мұндай құндағы медициналық жабдық Бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алынуға тиіс.

Тергеу нұсқасы бойынша, схемаға қалалық аурухана директорының орынбасары, «Жарылқау» қоғамдық қорының басшысы, Жаңаөзен әкімінің бұрынғы орынбасары және жабдық жеткізуші қатысы болуы мүмкін.

Жабдыққа 92 млн теңге ғана жұмсалған

Тергеу мәліметінше, медициналық жабдықты сатып алуға іс жүзінде 92 млн теңге жұмсалған. Қалған қаражат аффилиирленген кәсіпорындар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, болжамды схемаға қатысушылар арасында бөлінген.

ҚМА мәліметінше, AKBS Invest ЖШС өкілі қылмыстық жолмен алынған қаражатқа Астанадан пәтер сатып алып, оны үшінші тұлғалардың атына рәсімдеген.

Жаңаөзен әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты Қылмыстық кодекстің 361-бабы бойынша – лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану дерегімен тергеу басталған.

Үш күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен олардың мүлкіне, оның ішінде үш пәтерге, екі тұрғын үй мен бір автокөлікке тыйым салынды.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.

Сайт Әкімшілігі