23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот онлайн көрсетіліп жатыр
Астанада қызмет барысында қаза тапқан 23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот процесі басталды. Сот отырысын онлайн режимде тікелей көруге болады.
Жоғарғы соттың мәліметінше, істің қоғамдағы резонансы, сот процесіне қатысушылардың пікірі және жәбірленуші тараптың өтініші ескеріліп, отырысты ашық түрде трансляциялау туралы шешім қабылданған. Сот процесінің тікелей көрсетілімі Жоғарғы соттың YouTube арнасында жүргізіледі.
Қайғылы жағдай 2025 жылғы 8 қарашада болған. Ұлдана Мырзуан жұмыс міндетін атқарып жүрген кезде ғимараттың қасбетінен кірпіштер мен кондиционердің бекіткіші құлаған. Фельдшер ауыр жарақат алып, 18 қарашада көз жұмды.
Бұл іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 254-бабының 1-бөлігі, яғни «міндеттерге салғырт қарау» бабы бойынша қаралып жатыр. Іс бойынша айыпталушы ретінде кондиционер құлаған тұрғын үйдің мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) төрайымы Сәуле Жұбаниязова танылған.
Жәбірленушілердің адвокаты қылмыстық іс аясында алты адамның жәбірленуші ретінде танылғанын мәлімдеді. Олардың арасында марқұмның анасы, Ұлдананың күйеуі Әділет және өзге де тұлғалар бар.
Сот барысында оқиғаның мән-жайы, ғимарат қасбеті мен кондиционер бекіткішінің қауіпсіздігіне жауапты тұлғалардың әрекеті, сондай-ақ қызметтік міндеттерді орындау кезінде болған қайғылы жағдайға кімнің жауапты екені анықталмақ.