Саясат

30 млн доллар, Мәскеу мен Дубайдағы пәтерлер: Назарбаевтың екінші әйелі қандай активтерге ие?

Назарбаевтың екінші әйелі Әсел Исабаеваның қандай байлығы бар?

Фото ЖИ / JasAlash

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші әйелі Әсел Исабаеваға тиесілі делінетін активтер қатарында офшорлық компаниялар арқылы жасалған 30 млн долларлық мәміле, Мәскеу мен Дубайдағы жылжымайтын мүлік, сондай-ақ Қазақстандағы бірнеше қор мен жеке кәсіпкерлік бар. National Business бұл деректерді ашық реестрлер мен бұған дейін жарияланған халықаралық журналистік зерттеулер негізінде жинақтаған.

Әсел Исабаева туралы халықаралық деңгейде 2021 жылдың қазанында Pandora Papers құжаттарыжарияланғаннан кейін кеңінен айтыла бастады. Ал Нұрсұлтан Назарбаев 2023 жылы жарық көрген "Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа" кітабында Әселмен қарым-қатынасы және одан екі ұлы бар екенін алғаш рет ашық жазған.

Фото ашық дереккөз/Нұрсұлтан Назарбаев пен Әсел Исабаева

Исабаева Алматыда дүниеге келіп, Талдықорғанда өскен. Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін тәмамдаған. 1999 жылы "Мисс Қазақстан" байқауына қатысып, кейін Қазақстан атынан Лондонда өткен "Мисс әлемі" байқауына барған.

Кейін құжаттарда оның тегі анасы Гүлбану Құрманбаеваның тегіне ауыстырылып, Әсел Құрманбаева ретінде көрсетілген.

Фото ашық дереккөз/Әсел Құрманбаева

30 млн долларлық офшорлық мәміле

Әсел Исабаеваға қатысты ең ірі зерттеулердің бірін 2021 жылы OCCRP Pandora Papers аясында жариялады.

Зерттеуде Исабаеваның Британдық Виргин аралдарында тіркелген офшорлық компаниядағы үлесін сату арқылы 30 млн доллар алғаны айтылған. Бұл төлемге дейін алты офшорлық компания қатысқан бірнеше акция айырбастау операциясы жүргізілген. Олардың біреуінен басқасы Британдық Виргин аралдарында тіркелген.

OCCRP дерегінше, мәміледе кезінде Назарбаевқа жақын адамдар ретінде аталған кәсіпкерлер Владимир Ни мен Владимир Кимнің есімдері кездеседі. Исабаеваға 30 млн доллар Владимир Ни 2010 жылы қайтыс болғаннан кейін екі ай өткен соң төленген. Ақша Ни қайтыс болғаннан кейін оның қызы басқарған компания арқылы аударылған, ал құжаттарда Владимир Ким мәміленің куәгері ретінде көрсетілген.

Бұл деректер журналистер қолына түскен миллиондаған офшорлық құжаттарға негізделген. Pandora Papers материалдарын Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумы (ICIJ) және оның серіктестері зерттеген.

Фото ашық дереккөз/Әсел Құрманбаева

Қазақстандағы қорлары мен бизнесі

National Business мәліметінше, Исабаева/Құрманбаева Қазақстанда төрт жеке қордың құрылтайшысы ретінде көрсетіледі. Олар – Қазақстандағы көркем гимнастиканы қолдау және дамыту қоры, "Тұмар healt", Astana Art fund және "Өрлеу" жас таланттарды қолдау және дамыту қоры. Бұған қоса Ballet school жеке кәсіпкерлігі бар.

Басылымның ашық деректерге жасаған талдауына сәйкес, көркем гимнастиканы қолдау қорынан осы уақытқа дейін шамамен 9 млн теңге салық төленген. "Тұмар healt" қазір жұмыс істемейді, бұған дейін шамамен 23 млн теңге салық төлеген.

"Өрлеу" қоры да белсенді емес ұйым ретінде көрсетіледі. Ал Astana Art fund жеті жылдан бері жұмыс істейді және осы кезеңде шамамен 100 млн теңге салық төлегені жазылған.

Ballet school жеке кәсіпкерлігінің қызмет түрі жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқару ретінде тіркелген.

Astana Ballet-пен байланысы

2012 жылы Назарбаевтың бастамасымен құрылған Astana Ballet театры бастапқыда экс-президент қорына қараған, кейін мемлекет меншігіне өткен.

Исабаева бұған дейін театрда басшылық қызмет атқарған. Қазір ол топ-менеджерлер қатарында көрсетілмейді. Алайда National Business оның театрда жұмысын жалғастырып жүргенін жазады. Басылым оның қазіргі қызметі мен жалақысының мөлшері туралы ашық дерек таппаған.

Мәскеудегі 300 шаршы метрлік пәтер

Журналистік зерттеулерде Исабаеваның аты Мәскеудегі қымбат жылжымайтын мүлікпен де байланыстырылады.

Ресейлік "Важные истории" басылымының жылжымайтын мүлік деректеріне негізделген зерттеуінде Исабаеваға Мәскеудің батысындағы Рублевское тасжолы маңынан шамамен 300 шаршы метрлік пәтер мен екі автотұрақ орны тиесілі екені айтылған.

Мүлік 2017 жылдың қазанында сатып алынған делінеді. National Business қазіргі нарықтағы ұқсас пәтерлердің бағасы 290–512 млн рубль аралығында екенін жазады. Бұл баға Исабаеваның мүлкінің нақты бағасы емес, сол аудандағы салыстырмалы ұсыныстар екенін ескерген жөн.

Дубайдағы Palm Jumeirah

Басылым БАӘ жылжымайтын мүлік реестрінің жария болған деректеріне сүйеніп, Исабаеваның атына Дубайдағы Palm Jumeirah аралындағы Aquamarine Residence-3 кешенінен үш бөлмелі апартамент тіркелгенін жазады.

Пәтердің ауданы – шамамен 210 шаршы метр. Басылым оның нарықтық құнын шамамен 2 млн доллар немесе 900 млн теңге деп бағалаған.

Фото: ЖИ / Жас Алаш/Әсел, Тауман және Нұрсұлтан Назарбаев

Ұлының үйлену тойы

2026 жылдың қыркүйегінде Назарбаев пен Исабаеваның үлкен ұлы, 21 жастағы Тауман Астанада Айдана Сәрсембаеваға үйленді.

Той The Ritz-Carlton қонақүйінде өтті. Қонақтардың бөлек кіреберіс арқылы кіргізіліп, телефондардың арнайы жабық қаптарға салынғанды. Кеште өнер көрсеткен әншілердің арасында Jah Khalib болды.

Активтердің толық көлемі белгісіз

Ашық деректер мен журналистік зерттеулер Әсел Исабаеваға қатысты бірқатар активтерді анықтағанымен, оның жалпы байлығының көлемі белгісіз. Сондай-ақ 2010 жылғы 30 млн долларлық офшорлық мәміленің толық құрылымы мен қаражаттың бастапқы қайдан келгені жөніндегі барлық сұраққа ашық деректер жауап бермейді.

Сайт Әкімшілігі