300 млрд теңгелік агрожоба. Өңірді аграрлық хабқа айналдыру стратегиясы
Президент «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына жолдауында агроөнеркәсіпке басымдық беріп, бұл салаға тың серпін беру үшін мемлекет соңғы жылдары реформа жүргізіп жатқанын айтып еді.
Агроөнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамыту үшін биыл шаруаларды қолдауға бір триллион теңге жұмсалған. Қажетті несиелер уақытында берілгені, мұндай ауқымды қолдау елімізде бұрын-сонды болмағанын қоса атап өтті. Осы орайда Жамбыл облысының аграрлық әлеуеті соңғы жылдары қарқынды дамып, өңір экономикасының негізгі тірегіне айналып отыр. 2025–2027 жылдарға арналған жоспарлар да осы үрдістің жалғасы ретінде қарастырылып, жалпы құны 300 млрд теңгеден асатын 20 ірі агрожобаның жүзеге асырылуы жоспарланған. Бұл бастамалар тек ауыл шаруашылығы өндірісін жаңғыртып қана қоймай, инновациялық технологияларды енгізу, аграрлық салаға жаңа серпін беру және өңірдің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту секілді маңызды міндеттерді де қамтитыны анық. Жамбыл жерінің табиғи-климаттық жағдайын тиімді пайдалану арқылы әлемдік нарыққа жаңа өнім түрлерін ұсыну жоспары бүгінде бұл аймақты Қазақстанның ғана емес, Орталық Азияның да агроөнеркәсіптік хабына айналдыруға бағытталған стратегиялық қадам ретінде бағаланып отыр.
Агросектордағы ірі жобалардың қатарында дәстүрлі емес, бұрын өңірде кең көлемде өсірілмеген жаңа дақылдарға ерекше назар аударылмақ. Атап айтқанда, алғаш рет 15 гектарға соя, 238 гектарға бұршақ егілді. Бұл – қазақстандық аграрлық тәжірибеге тың қадам, себебі осы уақытқа дейін соя мен бұршақтың негізгі егіс алаңдары еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерінде шоғырланған болатын. Мексикадан арнайы жеткізілген элиталық тұқымдар жергілікті жердің топырақ-климаттық ерекшеліктеріне бейімделіп, жоғары өнімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді деген сенім зор. Мұндай қадамдар өңірдің өнімдік әртараптануын қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық бағыттағы жаңа нарықтарға жол ашады.
Сонымен қатар дәстүрлі дақылдар мен ауыл шаруашылығы бағыттары да назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, 2025 жылдың 25 қыркүйегінде Байзақ ауданында қуаттылығы жылына 1 млн тонна өнім өңдеуге жететін заманауи қант зауытының құрылысы басталмақ. Бұл жоба қант қызылшасы өндірісіне тың серпін беріп, аймақтағы қант саласын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етпек. Қант зауытының іске қосылуы тек өнім көлемін арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімін тереңдетіп өңдеу жүйесін жолға қоюға, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауылдық аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына да елеулі үлес қосады. Қант өндірісінің жолға қойылуы еліміздің ішкі нарығындағы қант тапшылығын жоюға мүмкіндік беріп, импортқа тәуелділікті азайтуда маңызды рөл атқарады.
Облыстың аграрлық секторындағы оң өзгерістер нақты көрсеткіштерден де көрініс табуда. 2025 жылы ауыл шаруашылығын дамытуға 48,2 млрд теңге бөлініп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 26,8 пайызға артқан. Мұндай ауқымды қаржыландырудың негізгі мақсаты – аграрлық саладағы өндірістік инфрақұрылымды жетілдіру, жаңа технологияларды енгізу және шаруалардың табысын еселеу. Нақты деректерге сүйенсек, биылғы жылдың алғашқы сегіз айында облыс диқандары жалпы құны 214,2 млрд теңгенің өнімін өндірген. Бұл көрсеткіш Жамбыл аграршыларының еңбекқорлығы мен жаңашылдыққа деген ұмтылысының айқын дәлелі.
Егіс алқаптарының көлемі де жылдан-жылға ұлғайып келеді. 2025 жылы өңірдегі егіс көлемі 640 мың гектарға жетіп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мың гектарға артық. Мұндай өсім аграрлық өндірістің жүйелі түрде кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Егіс көлемінің артуы күтілетін өнім көлеміне де әсер етуде: биылғы жылдың қорытындысында шамамен 3,8 млн тонна өнім алынбақ. Бұл аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, басқа өңірлерге де тұрақты жеткізілім жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы атап өтті.
«Ауыл шаруашылығы Жамбыл облысы экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналуда. Біз тек өндіріс көлемін ұлғайтуды ғана емес, өңірді аграрлық инновациялар орталығы ретінде нығайтуды да мақсат етіп отырмыз. Жалпы алғанда, Жамбыл облысының агросаясаты бірнеше стратегиялық бағытқа негізделіп отыр. Біріншіден, ауыл шаруашылығында жаңа дақыл түрлерін енгізу арқылы нарықтағы өнім түрлерін әртараптандыру және экспорттық әлеуетті арттыру. Екіншіден, дәстүрлі салаларды заманауи технологиялармен ұштастыру арқылы өндірістің тиімділігін арттыру. Үшіншіден, өңірдің ауылдық аумақтарында әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымды дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу. Төртіншіден, климаттық жағдайларды ескеріп, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу арқылы тұрақты даму моделін қалыптастыру», – дейді басқарма басшысы.
Осы бастамалардың барлығы Жамбыл облысының аграрлық секторын жаңа сапалық деңгейге шығармақ. Инновациялық жобалардың жүзеге асырылуы Жамбыл облысының агроөнеркәсіптік кешенін республика көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде де бәсекеге қабілетті салаға айналдыра алады. Сондықтан алдағы жылдарда жүзеге асырылатын ауқымды жобалар өңірдің стратегиялық болашағын айқындайтын маңызды фактор болып қала бермек.
С. Бақберген
Жамбыл облысы