5 пен 9-сынып оқушылары БЖБ мен ТЖБ тапсырмауы мүмкін
Оқу-ағарту министрлігі бастауыш сыныптардан кейін 5-9-сыныптардағы білімді бағалау жүйесін де өзгертуді жоспарлап отыр.
Сол себепті БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастау мәселесі қарастырылып жатыр. Жаңа тәсіл келесі оқу жылынан бастап енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты.
Оның сөзінше, алдымен 5–9-сынып оқушыларының білімін бағалау тәртібі қайта қаралады. Кейін осы тәжірибені 10–11-сыныптарға да енгізу жоспарланған.
Министрдің айтуынша, БЖБ мен ТЖБ-дан бас тарту оқушыларға қойылатын талаптардың төмендейтінін білдірмейді. Білім сапасын бағалаудың жаңа тетіктері сақталады.
Сонымен қатар оқу барысында оқушылардың жас ерекшелігі ескеріліп, тиісті тапсырмалар мен оқу жұмыстарының циклі жалғаса береді.