Қоғам

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 21 спорт түрі енді

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйек аралығында Астанада өтеді. Бұл туралы ҚР туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев хабарлады.

Фото: ortkom

Бағдарламаға 21 спорт түрі енді. Оның ішінде жартысы қазақтың ұлттық спорт түрлері, қалғаны көптеген түркі елдерінің ұлттық спорт түрлері. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев хабарлады.

«Ойындарға 89 елден делегациялар қатысатынын растады. 2500 астам спортшы келеді деп күтілуде», - деді спикер баспасөз конференциясы барысында.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының серіктестері бөлген қаражат жүлде төлеуге бағытталады. Сонымен қатар, олар кәдесый өнімдерін алуға, ғылыми бағдарлама спикерлерінің ақысын төлеуге, шетелден келетін мәдени бағдарламаға қатысушыларға төлем жасауға жұмсалады. 

«5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы жүлделердің жалпы сомасы 253 млн теңгені құрайды. Әр спорт түрі бойынша жүлделер жеке беріледі. Командалық спорт түрлері – бұл ең алдымен көкпар және көк-бору. Жеңімпаз командаға 10 млн теңге, екінші орынға 6 млн теңге, қола жүлдегерге 4 млн теңге табысталады. Жеке спорт түрлерінде жеңімпаздар 500 мың теңгеден алады, екінші орын иеленгендер 300 мың теңгеден, қола жүлдегер 200 мың теңгеден алады», - деді 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясының басшысы Наиль Нұров.

Ат спорты түрлерінде жүлделер біршама көп: бәйге жеңімпазына 2 млн теңге, жорға, құнан бәйге, топ бәйге жарыстарында 3 млн теңгеден, аламан бәйгеде 5 млн теңгеден беріледі.

«Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары үшін арнайы әзірленген бірегей медальдар табысталады. Ойындар дизайнерінің авторы - отандық дизайнерлік студия», - деді Н.Нұров.
Nurbike Beksultan
Тегтер: Астана