Әлеумет

81 жастағы жазушы Букер сыйлығының тарихындағы ең қарт лауреат атанды

2026 жылғы Букер әдеби сыйлығы 81 жастағы британ жазушысы М. Джон Харрисонға берілді.

Фото Фото: Kirsty Wigglesworth/AP Photo/dpa/picture alliance

 Ол сыйлық тарихындағы ең қарт лауреат атанды.

Беделді әдеби сыйлықтың жеңімпазы 9 қарашада Лондонда өткен салтанатты рәсімде жарияланды.Харрисонға 50 мың фунт стерлинг (шамамен 60 мың еуро) көлемінде ақшалай сыйақы табысталады.

Жазушы бұл марапатқа "Бәрінің ақыры" ("The End of Everything") атты сатиралық антиутопиялық романы үшін ие болды.

Шығармадағы оқиғалар жақын болашақта Ла-Манш бұғазының жағалауында өрбиді. Белгісіз апат қоғамның қалыпты тіршілігін күйретіп, Ұлыбританияға жұмбақ бөгдеғаламдық тіршілік иелерінің ағылуына себеп болады.

Романның басты кейіпкері – теңіз жағалауына шығып қалған заттарды жинап күн көретін, тәтесімен бірге тұратын адам. Бір күні ол жағалаудан пішінін өзгерте алатын жұмбақ зат тауып алады.

Биылғы қазылар алқасын басқарған тарихшы Мэри Бирд романды "болашақ арқылы бейнеленген бүгінгі саясат" деп сипаттады. Оның айтуынша, шығарма өзі толық түсіне алмайтын апатты бастан өткеріп жатқан қоғам туралы баяндайды.

Қазылар алқасының құрамында британдық Pulp тобының негізін қалаушы әрі әншісі Джарвис Кокер де болды.

Биыл Букер сыйлығының қысқа тізіміне алты роман енген. Олардың авторлары арасында бұған дейін осы марапатты алған ямайкалық жазушы Марлон Джеймс пен шотландиялық Дуглас Стюарт та бар.

Букер сыйлығы туралы

Букер сыйлығы 1969 жылы құрылған. 2014 жылдан бастап оған Ұлыбританияда немесе Ирландияда ағылшын тілінде жарық көрген романның авторы, азаматтығына қарамастан, үміткер бола алады.

2025 жылы бұл марапат канадалық-венгриялық-британдық жазушы Дэвид Салэйге "Тән" ("Flesh") романы үшін берілген. Шығармада ер азамат болмысы, әлеуметтік таптар арасындағы айырмашылық пен билік мәселелері қозғалады.

Ал 2024 жылы Букер сыйлығын британ жазушысы Саманта Харви "Орбитада" ("Orbital") романы үшін иеленді. Бұл шығарма Халықаралық ғарыш станциясындағы алты ғарышкердің бір күндік өмірін суреттейді.

Сайт Әкімшілігі