88 жастағы ЕҰУ профессоры алаяқтардың кесірінен пәтері мен жинаған қаржысынан айрылғанын мәлімдеді
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, география ғылымдарының докторы Марат Ишанқұлов Қазақстан Президентіне үндеу жасап, алаяқтардың құрбаны болғанын айтты.
Оның сөзінше, ол жалғыз баспанасы мен өмір бойы жинаған қаражатынан айрылған. Ғалымның студенттерінің айтуынша, бірнеше ай бойы белгісіз адамдар профессорға қоңырау шалып, WhatsApp арқылы хабарласқан. Олар өздерін университет қызметкерлері, заңгерлер және мемлекеттік орган өкілдері ретінде таныстырып, біртіндеп сеніміне кірген.
Нәтижесінде алаяқтар қарт ғалымды Астанадағы жалғыз пәтерін 39 миллион теңгеге сатуға көндірген. Кейін ол есепшотындағы ақшаны шешіп алып, долларға айырбастап, курьер арқылы шамамен 71,4 мың АҚШ долларын берген.
Оқиға бойынша полиция қылмыстық іс қозғаған. Студенттердің мәліметінше, құқық қорғау органдары ұрланған қаражатты тауып, қайтарған. Алайда бұдан кейін профессордың мүддесін қорғауы тиіс болған заңгер оған сот процестері аяқталғанша ақшаны сақтауға беруді ұсынған.
Марат Ишанқұловтың айтуынша, кейін ол бұл қаражатты қайтара алмаған. Профессор қазір баспанасынан біржола айрылып қалу қаупі бар екенін айтып, істің жан-жақты әрі әділ тергелуін сұрады. Ғалымды оның студенттері де қолдап отыр. Олардың айтуынша, 88 жастағы профессордың балалары мен немерелері жоқ, сондықтан өз мүддесін қорғайтын жақын туыстары да жоқ.