Әлеумет

Абай облысында балабақша қызметкерлерінің жеке деректері тарап кеткен

Абай облысының Курчатов қаласында балабақша қызметкерлерінің жеке мәліметтері интернетте заңсыз түрде ашық орналастырылғаны анықталды. Бұл заңбұзушылықты қала прокуратурасы мемлекеттік сатып алу саласына жүргізген талдау барысында анықтаған.

pixabay.com

Прокуратура мәліметінше, қаладағы балабақшалардың бірі қызметкерлерді мерзімдік медициналық тексеруден өткізуге конкурс жариялаған кезде 75 қызметкердің толық сауалнамалық деректерін, жеке сәйкестендіру нөмірлерін (ЖСН) және өзге де құпия ақпаратты интернетке жүктеген.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қолжетімділігі шектеулі ақпаратпен жұмыс істейтін тұлғалар оның құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті. Сондай-ақ азаматтардың дербес деректерін олардың келісімінсіз немесе заңды негізсіз таратуға жол берілмейді. Қадағалау органы білім беру мекемесі басшылығының бұл талаптарды сақтамауы жеке ақпараттың заңсыз мақсаттарда пайдаланылу қаупін тудырғанын атап өтті.

Прокуратураның араласуынан кейін заңбұзушылықтар жойылды.

Кінәлі лауазымды тұлға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 79-бабы 2-бөлігі бойынша жауапқа тартылып, 432 500 теңге көлемінде айыппұл салынды. 

Сайт Әкімшілігі