Абай облысында жатақханада жанжал шығарған студент жауапқа тартылды
Абай облысында жатақханада жанжал шығарғаны үшін студент 220 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды,деп хабарлайды Polisia.kz.
Семей қаласының 20 жастағы тұрғыны танысының денсаулығына зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылып, қазіргі уақытта Үржар ауданы пробация қызметі бөлімінің бақылауымен жазасын өтеуде.
Оқиға жас жігіт Өскемен қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде білім алып, студенттік жатақханада тұрған кезде болған. Танысымен кездесіп сөйлесу барысында олар бұрынғы реніштерін еске алып, араларында сөзге келіспеушілік туындаған. Кейіннен жанжал төбелеске ұласып, жас жігіт танысының бет тұсына бірнеше рет соққы жасап, денсаулығына зиян келтірген.
Сот оны кінәлі деп танып, оған 220 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындады.
Сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін сотталған азамат Үржар ауданының пробация қызметіне есепке қойылды. Тағайындалған жазаны орындау үшін ол ауылдық округ әкімдігіне жұмысқа орналастырылып, қазіргі уақытта абаттандыру жұмыстарына қатысып, аула сыпырушы қызметін атқаруда.