Абай облысында жол ережелерін өрескел бұзып, той кортежін ұйымдастырғандар жауапқа тартылды
Абай облысында жол ережелерін өрескел бұзған той кортежіне қатысушылар жауапқа тартылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақсуат ауылының Қабанбай көшесінде той кортежіне қатысқан бірнеше жүргізуші жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, қауіпті маневрлер жасаған. Олардың әрекеті жолдағы басқа қатысушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндірген.
Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысқан барлық жүргізушіні анықтады. Тексеру барысында Hyundai Tucson, Hyundai Santa Fe, Chevrolet, Toyota және Lada Priora көліктерін басқарған бес азамат жауапкершілікке тартылды.
Құқық бұзушыларға қатысты маневр жасау тәртібін бұзу, қауіпсіздік белдігін тақпау, жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін жағдай туғызу және көлік құралдарын пайдалану талаптарын сақтамау бойынша барлығы 19 хаттама рәсімделді.
Сондай-ақ, олардың көліктері арнайы айыптұраққа қойылды.