Абай облысында алтын өндіретін кәсіпорында Қытай азаматы екі қазақстандықты пышақтады деген күдікпен ұсталды
Абай облысында алтын өндіретін кәсіпорында Қытай азаматы екі қазақстандықты пышақтады деген күдікпен ұсталды
Абай облысында алтын өндіретін кәсіпорында қазақстандық және қытайлық жұмысшылар арасындағы жанжал пышақтасуға ұласқан. Алдын ала мәлімет бойынша, жанжал жұмысшылардың суық контейнерлерге жылу беру үшін дизель генераторын қосуды сұрауынан басталған. Зардап шеккендердің бірі жансақтау бөліміне түскен.
Inbusiness.kz басылымының зардап шеккен азаматтың туыстарына сілтеме жасап хабарлауынша, оқиға 7 қараша күні кешке Қалбатау маңындағы Төменгі Шар аумағында орналасқан алтын өндіретін кәсіпорында болған.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, екі қазақстандық жұмысшы күннің суытуына байланысты дизель генераторын қосуды сұрап, Қытай азаматы болып саналатын басшыға жүгінген. Алайда олардың өтініші қабылданбаған. Осыдан кейін тараптар арасында жанжал туындап, арты төбелеске ұласқан.
Басылым мәліметінше, жанжал кезінде Қытай азаматтарының бірі екі қазақстандықты пышақтаған. 27 жастағы жұмысшы бауыр тұсынан, ал екінші ер адам иегінің астынан жараланған.
Зардап шеккен 27 жастағы жігіттің анасы Айнұр Хамзинаның айтуынша, ұлы қашып құтылуға тырысқанымен, күдікті оны пышақпен қуған. Жараланған жігіт шамамен екі шақырым жерге дейін қашып барып, қалың бұталардың арасына жасырынған.
Оны келесі күні ғана тауып, аудандық ауруханаға жеткізген.
Анасының сөзінше, ұлы бір литрден астам қан жоғалтқан. Оған операция жасалып, шамамен екі жарым тәулік жансақтау бөлімінде жатқан. Қазір науқас жалпы палатаға ауыстырылғанымен, жағдайы әлі де ауыр.
Абай облысының полиция департаменті аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Құқық қорғау органдары тергеу мүддесіне байланысты істің өзге мән-жайларын әзірге жариялаған жоқ.