Абай облысында "Білім-Инновация" лицейінің құрылысы басталды
Бүгін Семейде дарынды балаларға арналған жаңа облыстық мамандандырылған "Білім-инновация" лицейінің іргетасын қалау рәсімі өтті.
Салтанатты шараға облыс әкімі Берік Уәли, "Білім-Инновация" халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте қатысты.
Аймақ басшысы құттықтау сөзінде жаңа білім ордасының өңір үшін маңызы ерекше екенін атап өтті.
"Бүгін біз облысымыздың білім беру жүйесі үшін айрықша маңызға ие тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Қарағайлы тұрғын ауданында дарынды балаларға арналған жаңа облыстық мамандандырылған "Білім-Инновация" лицейінің іргетасын қалау рәсімі – өңіріміздің білім саласындағы жарқын болашаққа бағытталған маңызды қадам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында білім мен ғылымды дамыту, адами капиталды нығайту, жас ұрпақтың зияткерлік әлеуетін арттыру ел дамуының стратегиялық басымдықтары екенін үнемі атап өтіп келеді. Президент айқындаған осы міндеттер аясында бүгінгі қолға алынып отырған игі бастаманың маңызы ерекше. Өйткені, мектеп салу – ғимарат тұрғызу ғана емес, ол – елдің ертеңіне, жас ұрпақтың білімі мен болашағына салынған инвестиция деп білеміз. Жобаның тағы бір маңызды қыры – жаңа ғимарат пайдалануға берілгеннен кейін қазіргі лицей орналасқан ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, қыз балаларға арналған мамандандырылған лицей ретінде ашуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, бүгінгі құрылыс екі бірдей игі мақсатқа жол ашады: біріншіден, ұлдар мен қыздарға арналған білім беру бағыттарын дамытуға мүмкіндік береді; екіншіден, өңірдегі дарынды балалардың сапалы білім алуына қолжетімділікті арттырады. Бүгін қаланып жатқан іргетас – ертеңгі үлкен жетістіктердің бастауы. Осы игі іске атсалысып отырған барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін", – деді Берік Уәли.
Дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарына сұраныстың артуына байланысты 400 орындық жаңа лицейдің құрылысы қолға алынды. Ғимарат жанынан 300 оқушыға арналған жатақхана салынады. Жоба құны – 6,8 млрд теңге. Нысан 4,7 гектар жер учаскесінде орналасады. Ғимарат үш қабаттан тұрады. Жобада математика, физика, химия, биология, информатика және робототехника пәндеріне арналған оқу кабинеттері, жаратылыстану бағытындағы зертханалар мен заманауи IT сыныптары қарастырылған.
Сонымен қатар, мұнда шығармашылық үйірмелерге арналған бөлмелер, спорт залы, асхана, кітапхана, мәжіліс залы және медициналық кабинет болады. Ғимарат аумағында демалыс орындары, көгалдандыру аймақтары, жаяу жүргіншілер жолдары мен автотұрақ салу көзделген.
Жаңа білім ордасының іргетасын қалау рәсімінде сөз сөйлеген ұстаздар мен ата-аналар өз ризашылықтарын жеткізді.
"32 жыл бұрын дәл осы күні қазіргі "Білім-Инновация" лицейі ашылған болатын. Басында 100 бала қабылданған еді. Оқушылар саны жылдан жылға өсіп келеді. Бүгінгі күні біздің түлектеріміз төрткүл дүниенің әр түкпірінде жүр. Жаңа ғимараттың іргетасы қаланып, құрылыс жұмысы басталғанына дән ризамыз. Барша ұстаздардың, ата-аналардың, тұрғындардың және түлектердің атынан алғыс айтамыз", – деді ардагер ұстаз Кенжехан Накишев.
Семейдегі "Білім-Инновация" лицейі 1994 жылы құрылған. Осы кезеңде лицей көптеген дарынды оқушыны тәрбиелеп, олардың республикалық және халықаралық деңгейде білімін көрсетуіне мүмкіндік берді. Лицей оқушылары бірнеше жыл қатарынан облыстық "Үздік олимпиадалық команда" атағын иеленіп, пәндік олимпиадаларда жоғары нәтиже көрсетіп келеді.
Қазіргі уақытта лицей 1981 жылы салынған ғимаратта орналасқан. Нысанның жобалық қуаттылығы 140 орын болғанымен, мұнда 224 оқушы білім алуда. Лицейге деген сұраныс жыл сайын артып келеді.
Бүгінде Абай облысында 304 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Онда 100 мыңға жуық бала білім алуда. Өңірде оқушы орындарының тапшылығы 6,3 мыңды құрайды. Оның 4,3 мыңы Семей қаласына тиесілі. Бұл мәселені шешу мақсатында "Келешек мектебі" ұлттық жобасы аясында облыста 5 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Семей қаласындағы Қарағайлы шағын ауданында 1400 орындық BINOM мектебінің құрылысы басталды. Сонымен қатар, "Абайға құрмет" акциясы аясында Астана қаласы Семейде 1500 орындық мектеп салуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек Жарма ауданының Суықбұлақ ауылындағы 100 орындық мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ, Ақсуат ауданының Ақсуат ауылында мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы 300 оқушыға арналған жаңа мектептің құрылысы басталады.