Қоғам

Абай облысында заңсыз алтын өндіру дерегі бойынша тергеу басталды

Қаржылық мониторинг агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен Жарма ауданында алтынды заңсыз өндірумен айналысқан топтың жолын кесті.

Фото: ашық дереккөз

Тергеу мәліметінше, күдіктілер Жаңғызтөбе кентінен шамамен 10 шақырым жердегі аумақта тиісті рұқсат құжаттарынсыз алтын өндірген. Олар құрамында алтын бар кенді ашық әдіспен қазып алып, арнайы жабдықтардың көмегімен жуып-шайған.

Аумақты тексеру кезінде тереңдігі 15 метрге жететін карьер анықталды. Заңсыз қазылған тау жыныстарының көлемі 12 мың текше метрден асқан. Бұдан бөлек, 4 мың шаршы метрден астам жердің құнарлы топырақ қабаты бүлінген.

Жедел-іздестіру шаралары барысында заңсыз өндіріске қатысы бар тоғыз адам анықталды. Оқиға орнынан кенді шаюға және ұсақтауға арналған жабдықтар, құрамында алтыны бар материал салынған жеті қап, екі металл іздегіш, екі тиегіш пен бір экскаватор тәркіленді.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, істің өзге мән-жайлары жария етілмейді.

Сайт Әкімшілігі