Абылай Мырзахметов колониядан үйге ауыстырылды – БАҚ
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы төрағасы Абылай Мырзахметовке қатысты сот үкімі өзгертіліп, жазасы жеңілдетілді.
Алаяқтық үшін сотталған экс-шенеунік қазір түзеу мекемесінде емес. Ол жазасын үй жағдайында электронды бақылау құрылғысының көмегімен өтеп жатыр.
Бұл ақпаратты Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті де растады. Ведомствоның хабарлауынша, сот шешімімен Мырзахметовке тағайындалған жаза неғұрлым жеңіл түрге ауыстырылған. Комитет мұндай шешімдерді қабылдау соттың айрықша құзыретіне жататынын атап өтті.
Еске салсақ, 2024 жылдың мамырында Абылай Мырзахметов аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айрылған болатын. Сонымен қатар сот оның 5,8 млрд теңге көлеміндегі мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарған.
Бұған дейін бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановтың да өтелмеген жаза мерзімі бас бостандығынан айыру жазасынан айыппұл төлеуге ауыстырылған еді.