Саясат

Әбу-Дабиде Ресей, Украина және АҚШ келіссөзінің екінші күні аяқталды

Әбу-Дабиде Ресей, Украина және АҚШ келіссөзінің екінші күні аяқталды

Фото aa.com.tr

Бұған дейін сол күні Әбу-Дабиде АҚШ-тың арағайындығымен Ресей мен Украина арасындағы соғысты аяқтауға бағытталған келіссөздердің екінші күні басталды.

"Алдымен АҚШ және Ресей өкілдерімен үшжақты форматта келіссөз жүргіземіз. Одан кейін еуропалық серіктестермен жеке кездесу өткіземіз", – деп мәлімдеді Украина делегациясының жетекшісі, Украинаның Сыртқы барлау қызметінің басшысы Рустем Умеров.

Ал AFP агенттігінің Украинаның жоғары лауазымды өкіліне сілтеме жасап хабарлауынша, Киев соғыс аяқталғаннан кейін кемінде 10 жыл бойы 800 мың адамнан тұратын армияны ұстауға қажетті қаржыландыруды қамтамасыз етуге ұмтылып отыр.

Украина билігі мұндай шараны Ресей тарапынан қайталануы мүмкін әскери агрессиядан қорғану үшін қажет деп санайды.

Politico басылымының мәліметінше, 11 қарашадағы келіссөздің негізгі тақырыбы – аумақ  мәселелері, оның ішінде шекаралар болы.

Бұған дейін, 10 қарашада өткен алғашқы кездесу шамамен төрт жарым сағатқа созылған. АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио оны нәтижелі деп бағалағанымен, тараптар арасында шешілмеген мәселелер көп екенін мойындады.

Украина президенті Владимир Зеленский алғашқы кездесуді конструктивті әрі мазмұнды деп атады. Оның айтуынша, тараптар әскери тұтқындарды босату, қауіпсіздік кепілдіктері және соғыстың қайта басталуына жол бермеу тетіктерін талқылаған.

Ресей делегациясын Владимир Мединский, Украина тарапын Рустем Умеров басқарады. АҚШ атынан Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер қатысып жатыр.

ТАСС агенттігінің мәліметінше, Ресей делегациясы бүгінгі келіссөздің қорытындысы бойынша баспасөзге мәлімдеме жасауды жоспарлап отыр.

Әзірге екінші күнгі келіссөздің нақты нәтижелері жарияланған жоқ.

Сайт Әкімшілігі