Саясат

Әбу-Дабиде Украина, Ресей және АҚШ арасындағы келіссөздер басталды

Әбу-Дабиде Украина, Ресей және АҚШ арасындағы келіссөздер басталды

Фото UAE PRESIDENTIAL COURT/AFP

Бүгін, 10 қарашада Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Дабиде Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған келіссөздер басталды. Кездесуге Украина, Ресей және АҚШ делегациялары қатысып жатыр.

Келіссөздер 10-11 қараша күндеріне жоспарланған. Бұл – тараптардың 2026 жылғы ақпаннан бергі алғашқы үшжақты кездесуі.

Украина делегациясын елдің Сыртқы барлау қызметінің басшысы Рустем Умеров, ал Ресей делегациясын Владимир Путиннің көмекшісі Владимир Мединский бастап барған. АҚШ атынан президент Дональд Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер қатысады.

Келіссөздердің негізгі тақырыптары – соғыс қимылдарын тоқтату, Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін беру, энергетикалық инфрақұрылымға шабуылдарды тоқтату және гуманитарлық мәселелер.

Украина делегациясы келіссөздердің алғашқы күні Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, НАТО және Еурокомиссия өкілдерімен бөлек кездесті.

Рустем Умеровтың айтуынша, еуропалық серіктестермен кездесу барысында тараптар ұстанымдарын келісіп, алдағы қадамдарды талқылаған.

Бұған дейін Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Еуроодақтың Әбу-Дабидегі келіссөздерге қатысатынын мәлімдеген. Алайда Кремль өкілі Дмитрий Песков негізгі келіссөз Ресей, Украина және АҚШ арасында үшжақты форматта өтетінін айтқан.

Әзірге келіссөздердің нәтижесі немесе тараптардың қандай да бір келісімге келгені туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Сайт Әкімшілігі