Адам өзгермей, қоғам өзгермейді
Парламентаризм туралы ой
Азат Перуашовтың «Демократия дегеніміз – парламентаризм» деген сұхбаты шығыпты. Кезінде, өткен ғасырдың 90-жылдары «демократия» деген сөзді айтуға тіліміз келмейтін, жазғанда қате жіберетін уақытта демократияны түсіндіру үшін арнайы оқулық жазған адам есебінде («Демократия негіздеріне кіріспе», 1997 жыл, Алматы) демократия мәселесіне қайта оралатын уақыт жетті ме деп отырмын. Әрине, газеттің шағын мақаласы бұл тақырыпты жан-жақты ашып бере алмайтыны анық, бірақ Азат ініміздің көтерген мәселесіне орай, «демократия» сөзіне бүгінгі жағдайға байланысты түсінік беру қажет сияқты. Бұл – Азаттың көзқарасын сынау немесе беделін түсіру емес, «демократия» сөзін саяси тәсіл ретінде пайдалану арқылы негізгі, бастапқы мағынасынан ажырап қалмауына көмектесу ғана.
Тәуелсіздіктен соң, сол тәуелсіздік үшін саусақтарының ұшын қимылдатпаған, сол тәуелсіздікке шамалары келгенше іштей де, нақты да қарсылық көрсеткен коммунистік номенклатура қайтадан билікті басып алғаннан соңғы барлық іс-әрекеттер, жоспар-жобалар, биік мінбеден айтылған, газет-журналдарда жазылған сөздердің барлығы «демократия» деген жамылғының астында өтті. Авторитарлық билік демократияның қыр-сырын біле бермейтін халыққа осы бір жақсы сөзді айтудан жалыққан жоқ, сондықтан болу керек, азаматтардың көпшілігі демократия ұғымын жете түсінбей жатып жирене бастады. Себеп біреу-ақ – бізде демократия деген сөз алдау мен аярлықтың қолбаласына айналды. Қадірі кетті.
Соңғы он шақты жылда саяси-қоғамдық өмірде Қазақ елінің билік жүйесі туралы сөз болса, «президенттік мемлекет боламыз ба», әлде «парламенттік мемлекет боламыз ба», «мүмкін, президенттік-парламенттік мемлекет болғанымыз дұрыс шығар» деген пікірлер көбейіп кетті. Әрине, авторитарлық президенттік жүйеден шаршаған электорат үшін енді қалғаны – парламенттік басқару сияқты. Үшінші басқару жолы – олардың буданы… Кейбіреулер егер басқару жүйесі өзгерсе, нақтырақ айтсақ, Қазақ елі парламенттік басқару жолына өтсе, қоғамда кенеттен әділеттік орнап, шын мәніндегі халық билігіне қол жеткіземіз дегенге сенетін сияқты.
Билік ақымақ емес (ақымақ болса, билікті қолдарына ала алмайды және осыншама жыл ұстап тұра алмайды ғой), оның ішінде біздің билік тіпті де ақымақ емес. Тарихқа бір сәт көз жүгіртейік. Ұмытпасам, 1917 жылы Ленин «Бүкіл өкімет билігі советтерге берілсін!» деген ұранды күн тәртібінен алып тастауды ұсынды. Оның себебі – советтердің көпшілігі коммунистердің (ол уақытта большевиктер деп аталатын) қолынан шығып, эсерлердің қарамағына өтіп кетті. Егер бүкіл өкімет билігі советтерге өтетін болса, билікке коммунистердің бәсекелесі, кейін жауына айналған эсерлер келетін-ді. Саясатта «уақыт факторы» деген ұғым бар. Дәл сол сияқты егер 90-жылдары, алғашқы үлкен өзгерістер кезеңінде, Қазақ елі парламенттік басқаруға өткенде жағдай, мүмкін, қазіргіден басқаша болар ма еді. Ал қазір мойындауымыз керек, бүгінгі президент те, парламент те сол авторитарлық билікпен біте қайнасып кетті. Сондықтан олар үшін «президенттік басқару» мен «парламенттік басқару», керек десеңіз, «президенттік-парламенттік басқару» да бір. Демек, олар «парламенттік басқаруға өтейік, сонда бізде бәрі де тамаша болады, халық билігі орнайды» деген ұран көтеруге дайын. Айтпақшы, Ленин де барлық советтерді коммунистер қолдарына қайтып алғаннан кейін «Бүкіл өкімет билігі советтерге берілсін!» деген ұранды қайтадан көтерді.
Әрине, парламентаризм демократия институттарының біріне жатады. Бірақ бұл институттың болуы немесе парламенттік басқару жолына көшу қоғамның демократиялық сипатын білдіреді десек, оңбай қателесеміз. Демократияны халық билігі десек, сол билікті жүзеге асырудың нақты құрылымдары бар. Бұл – демократия институттары. Олар бірімен-бірі тығыз байланыста, бірінсіз бірінің күні жоқ. Бір институттың болмауы сол елдегі демократияның болмауы деп түсіну керек. Сондықтан қазіргі парламенттің құзыретін кеңейтіп, оған биліктің барлық тетіктерін беру, президентке берілетін өкілеттікті азайту, бір сөзбен айтқанда, парламентаризмді күшейту немесе парламенттік басқару жүйесіне көшу ештеңені өзгертпейді.
Парламентаризмді нығайту үшін демократияның «көппартиялы жүйе» деп аталатын институты орнауы керек. Бізде ол жоқ. Жасанды, жоғарыдан рұқсат етілген саяси партияларды көппартиялық институт деуге аузым бармайды. Ал көппартиялық жүйе орнау үшін демократияның «әділетті, ерікті сайлау» деген институты болуы шарт. Бізде ол жоқ. Кешегі өткен сайлауларды «әділетті» деуге тағы да аузым бармайды. Ал әділетті, ерікті сайлау үшін демократияның «сөз бостандығы», «шерулер мен митингілер өткізу бостандығы» деген институты болу керек. Бізде ол да жоқ. Егер демократияның бұл институттары болмаса, парламентаризм қалай өмірге келмек? Сондықтан «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат ініміздің «Президенттік басқару жүйесінен парламенттік басқару жүйесіне шақыру», «Үкіметтің құрамын президент емес, парламент жасақтауы керек», «Үкіметтің құрамын мемлекет басшысы емес, парламенттік сайлауда жеңген партия құруы керек» деген жақсы ниеті Қазақ елінде адам құқығы сақталып, сөз бостандығы мен бейбіт шерулерге мүмкіндік беріліп, ерікті, әділетті сайлау өткенде және соның нәтижесінде көппартиялық жүйе орнағанда ғана жүзеге асады.
Байқайсыздар ма, қазіргі болып жатқан «жағымды бастамалар» біздің жаңа тарихымызда болған, басымыздан өткен жағдайлар. 90-жылдардың басында 70 жылдық қылмыстары ашылған коммунистер «адам бейнесіндегі коммунизм жасаймыз, бұрынғы коммунистердің іс-әрекетіне Сталин, Хрущев және Брежнев қана кінәлі» деп сендірмек болды. Халықты сендіру үшін, биліктен айырылып қалмау үшін өздері басқарып отырған партияларын өздері жабуға дейін барды. Конституцияға «демократиялық мемлекетпіз» деген сөзді жазды. Әділетті қоғам жасаймыз, нарықтық экономикаға өтеміз деді. Деді де, авторитарлық-тоталитарлық қоғам мен коррупцияланған капитализм жасап шығарды. Енді бұл жүйенің де күні бітіп келе жатқанын байқаған билік (сол билік!) «оппозиция керек болса, парламенттік оппозиция жасаймыз», ал егер президенттік басқару дұрыс емес десеңдер, парламенттік басқаруға да көшуге дайынбыз» деп отыр. Әрине, дайын. Парламентке сол бұрынғы – қазіргі биліктің адамдары нық орнығып алғаннан соң, олар бәріне дайын.
Басқару жүйесі – Алладиннің сиқырлы шамы емес, ол құрал ғана. Басты мәселе – сол құралдың қандай адамдардың, қандай топтардың қолында болуында. Кейбір мемлекеттер президенттік басқару тәсілімен тамаша өмір сүріп жатыр, ал енді біреулері парламенттік басқаруды басшылыққа алуда. Енді біреулеріне аралас жүйе ұнайды. Өз басым елді бүгінгі жағдайға жеткізген топқа, адамдарға ешқашан сенім білдірген емеспін. Олардың кейбірі оппозиция серкесі болады, ал енді бірі демократия туралы тамаша сөздер айтады, бірақ бәрінің шыққан жерлері – коммунистік номенклатура. Сондықтан «парламентаризм» деген жақсы сөздің артында бұрынғы коммунистердің – қазіргі «көп партияның» тұрғанын дәлелдеп жату артық.
Меніңше, қазіргі билікті ақтап алатын, тарихта жақсы атпен қалдыратын бір ғана жол бар. Әрине, егер олар қоғамды жаңартуға ниетті болса… Ол – сайлау заңына, саяси партиялар туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, Қазақ елінде әділетті, ерікті сайлау жүйесін орнатып, сол арқылы жаңа саяси күштің, бұрынғы билікпен ешқандай байланысы жоқ жаңа адамдардың келуін қамтамасыз ету. Сол әділетті сайлаудың нәтижесінде жасақталған жаңа парламент басқарудың қандай жолының тиімді екенін өзі анықтасын.
Адамдар өзгермей, ештеңе өзгермейді. Ал қазіргі билік «адамдарды өзгертпей-ақ, қоғамды, басқару жүйесін өзгертуге болады» деп сендірмекші болады. Мен оған сенбеймін.