Аймақ

Адам саудасына қарсы күрестің нәтижесі қандай?

Адам саудасы туралы сөз болғанда, көпшіліктің ойына шекара асырып әкетілген немесе жыныстық қанауға мәжбүр болған адамдар келеді. Бірақ бұл қылмыстың ауқымы әлдеқайда кең.

Фото: ІІМ

 Біреуді жоғары жалақысы бар жұмысқа орналастырамыз деп алдау, құжатын тартып алып, еркін жүріп-тұруына шектеу қою, еңбегін ақысыз пайдалану, қарызға батырып, тәуелді жағдайда ұстау да адамды қанаудың белгілері болуы мүмкін. Мұндай жағдайда жәбірленуші өзінің қылмыс құрбанына айналғанын бірден түсінбеуі де ықтимал.

Сондықтан адам саудасына қарсы күрес тек қылмыс жасалғаннан кейін күдіктіні ұстаумен шектелмеуге тиіс. Оның алдын алу, қауіпке тап болған адамды дер кезінде анықтау, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсету де маңызды.

Шымкентте 2026 жылы осы бағыттағы жұмыстар бірнеше арна бойынша жүргізіліп жатыр. Қалалық комиссияның отырыстарында қауіп-қатерлер мен мобильдік топтардың қызметі қаралса, мемлекеттік органдар сауда орындарында кәсіпкерлермен, жалдамалы жұмысшылармен және тұрғындармен кездесулер өткізді. Сонымен бірге құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысына басымдық берілген.

Комиссия отырысы мен рейдтер: қандай мәселелер қаралды?

Биыл жазда Шымкентте адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның бірінші жартыжылдыққа арналған отырысы өтті. Жиынға Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қала бойынша өкілі Н. Әбдезов қатысты. Отырыста адам саудасына қарсы күрес кезінде туындайтын тәуекелдер мен мобильдік топтардың профилактикалық қызметі талқыланды. Жауапты құрылымдардың баяндамалары тыңдалып, өзекті мәселелер қаралды. Ресми мәліметте тәуекелі жоғары орындарда рейдтік тексерулер ұйымдастырылып, құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары тұрақты жүргізілетіні айтылған.

Бұл – адам саудасына қарсы іс-қимылдың бірнеше мемлекеттік органның үйлесімді жұмысына тәуелді екенін көрсететін бағыт. Өйткені қанауға ұшыраған адамды анықтау міндеті тек полицияға ғана жүктелмейді. Еңбек инспекциясы заңсыз еңбек қатынастарын, әлеуметтік қызметтер көмекке мұқтаж адамдарды, ал құқық қорғау органдары қылмыс белгілерін анықтауға қатыса алады. Жәбірленушіге көмек көрсету барысында үкіметтік емес ұйымдар да маңызды рөл атқарады.  

Биылғы профилактикалық жұмыстардың тағы бір бағыты – сауда орындарындағы түсіндіру шаралары. Шымкент қаласының Әділет департаменті Абай аудандық әкімдігімен және Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, "Алаш" және "Бекжан" сауда орындарын аралаған. Кәсіпкерлермен, жалдамалы жұмысшылармен және азаматтармен кездесулер өткізіліп, адам саудасының белгілері, еңбек қанауынан сақтану, күмәнді жұмыс ұсыныстарын ажырату және еңбек қатынастарын заңды түрде рәсімдеу мәселелері түсіндірілген.

Кездесулер кезінде тұрғындарға өз құқықтарын қорғау жолдары мен заңсыз әрекеттерге тап болған жағдайда қайда жүгінуге болатыны туралы ақпарат беріліп, жадынамалар таратылған. Бұл жұмыстың мәні – адам саудасының қаупін тек қылмыс әлеміне тән құбылыс ретінде қарастырмай, күнделікті еңбек қатынастары мен жұмыс іздеу кезінде де сақ болу қажеттігін түсіндіру.

Мәселен, азамат әлеуметтік желіден шетелде немесе басқа қалада жақсы жалақы ұсынған хабарландыруды көріп, жұмыс берушімен келісуі мүмкін. Алайда келісімшарттың болмауы, жұмыс орны мен міндеттерінің анық көрсетілмеуі, жол шығынына немесе делдалға қатысты түсініксіз талаптар, құжаттарды басқа адамның қолына тапсыруды міндеттеу қауіп белгісі болуы ықтимал. Кейбір жағдайда адам жұмысқа барған соң ғана уәде етілген жағдайдың мүлде басқа екенін біледі.

Осындай тәуекелдерді алдын ала түсіндіру қажет. Бірақ ақпараттық жадынама тарату немесе сауда орындарын аралау жұмыстың түпкі нәтижесін өздігінен дәлелдемейді. Оның қанша адамды қамтығаны, қандай қауіптер анықталғаны, тұрғындардың өтініштері бойынша қандай шара қабылданғаны да маңызды.

Адам саудасын алдын алу тәсілі де өзгеруі керек

Адам саудасы міндетті түрде біреуді күшпен алып кету немесе шекарадан заңсыз өткізу түрінде көрінбейді. Қылмыскерлер адамның қаржылық қиындықтарын, жұмысқа орналасуға деген үмітін, шетелге шығуға ынтасын немесе құқықтық сауатының жеткіліксіздігін пайдалана алады. Кейде бастапқыда ерікті келісім сияқты көрінген әрекет кейін қорқытуға, бопсалауға, құжаттарды тартып алуға және қозғалысын шектеуге ұласуы мүмкін.

Шымкент үшін бұл мәселенің өзектілігін қалалық прокуратура жариялаған сот материалы да көрсетеді. Прокуратураның мәліметінше, қаладағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта Қазақстан азаматтарын Бахрейнге жұмысқа орналастыру сылтауымен алдап жіберуге қатысты адам саудасы ісі қаралған. Тергеу нұсқасына сәйкес, жәбірленушілердің арасында қаржылық қиындыққа тап болған әйелдер болған. Оларға жоғары жалақы төленетін жұмыс ұсынылғанымен, шетелге барған соң құжаттары алынып, қозғалысы шектеліп, жыныстық қанауға мәжбүрленген. Құқық қорғау органдарының жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде бірнеше жәбірленуші құтқарылып, елге қайтарылған. Прокуратура хабарламасында осыған дейін 23 адамға қатысты үкімдер шығарылғаны да айтылған.  

Бұл мысал жұмысқа орналастыру туралы ұсыныстарды тексерудің маңызын аңғартады. Адам шетелге жұмыс істеуге барар алдында жұмыс берушінің кім екенін, келісімшарт талаптарын, жалақы мен еңбек жағдайларын, тұратын жерін және құжаттарын кімге тапсыратынын анық білуге тиіс. Ал күмән туындаса, шешімді асығыс қабылдамай, ресми органдардан немесе құқықтық көмек көрсететін ұйымдардан кеңес алған жөн.

Адам саудасына қарсы күресте халықаралық тәжірибе мен мекемелер арасындағы байланыс та маңызды. 2026 жылғы шілдеде Ішкі істер министрлігінің ведомствоаралық комиссиясында мәжбүрлі еңбек, жыныстық қанау, қайыршылыққа мәжбүрлеу және азаматтарды басқа қылмыстық әрекеттерге тарту сияқты қауіптер талқыланған. Министрлік жариялаған жалпыұлттық дерек бойынша, жыл басынан бері елде адам саудасына байланысты 72 қылмыс анықталған, адам саудасының 15 құрбаны әлеуметтік қызметтерге жолданған.  

Ақпараттандыру жеткілікті ме?

Адам саудасының алдын алу шараларында тұрғындарға қауіп туралы ақпарат жеткізу маңызды орын алады. Бірақ мұндай жұмыстың әсері азаматтардың қандай ақпарат алғанымен ғана өлшенбейді. Қауіпке тап болған адам көмек сұрай ала ма, оған сеніммен қарай ма, өтініші құзырлы органға жеткен соң қандай әрекет жасалады – негізгі мәселе осында.

Шымкентте мемлекеттік органдардың сауда орындарындағы түсіндіру жұмыстары мен комиссия отырыстары алдын алудың ұйымдастырушылық негізін қалыптастырады. Дегенмен ашық жарияланған материалдарда қала бойынша 2026 жылдың басынан бергі адам саудасына қатысты қылмыстардың толық саны, анықталған жәбірленушілер, сотқа жолданған істер мен көрсетілген әлеуметтік көмектің көлемі бір жерге жинақталып берілмеген. Сондықтан атқарылған шаралардың нақты тиімділігіне түпкілікті баға беру әзірге қиын.

Бұл жерде ашық есептіліктің маңызы артады. Қалалық полиция мен прокуратура жыл басынан бергі көрсеткіштерді жариялап, қылмыстың қандай түрлері жиі кездесетінін, қанша жәбірленуші анықталғанын, олардың қайсысына қандай көмек көрсетілгенін нақтыласа, қоғам ахуалды жақсырақ бағалай алар еді. Ал комиссия жұмысының қорытындысы тек отырыс өткізілгенімен шектелмей, қандай мәселе анықталып, қандай шешім қабылданғанын және оның орындалуын көрсетуге тиіс.

Адам саудасына қарсы күрестің нәтижесі – өткізілген рейдтің немесе таратылған жадынаманың саны емес. Нәтиже – қанауға түсуі мүмкін адамның дер кезінде қорғалуы, қылмыскердің жауапқа тартылуы, жәбірленушінің қауіпсіз ортаға оралуы және қайтадан қанауға ұшырауына жол бермеу.  

 Жігер Әшім

Шымкент қаласы 

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: адам саудасы