«Әділ сөз» Аруна Ортаеваның ісіне алаңдаушылық білдірді
Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры Алматы әкімдігіндегі жабық жиынның аудиожазбаларын жариялағаннан кейін қамауға алынған экоактивист Аруна Ортаеваның жағдайына алаңдаушылық білдірді.
Қордың пікірінше, мұндай жағдайларда тергеу әрекеттері қоғам үшін маңызды ақпаратты таратқан адамға қысым көрсету немесе ақпараттың таралу көзін анықтау құралына айналмауы тиіс.
«Жарияланған жазбалар қоғам үшін айқын маңызы бар мәселелерді – жасыл желекті сақтау, ірі инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру және қоғамдық тыңдаулар өткізуді қамтиды. Сондықтан тінту, әкімшілік қамауға алу және басқа да шектеу шараларын қолдану ерекше мұқият әрі нанымды құқықтық негіздемені талап етеді», – делінген «Әділ сөз» мәлімдемесінде.
Қор Аруна Ортаеваға қатысты әрекеттерге де, ол жариялаған аудиожазбалардағы мәліметтерге де құқықтық баға беріліп, тергеу ашық әрі объективті жүргізілуі қажет деп санайды.
«Әділ сөз» құқық қорғау органдарының назары жазбаның қалай пайда болып, қалай таралғанына аударылғанына да назар аударды. Ал аудиоматериалдарда айтылған мәселелердің өзіне қатысты тексеру жүргізіліп жатқаны жөнінде әзірге ресми ақпарат жоқ.
Қордың мәліметінше, Ортаева жариялаған жазбаларда Алматы әкімдігіндегі жиынға қатысушылар Көкжайлау аумағындағы жол құрылысына кедергі келтіретін ағаштардың тағдырын талқылаған болуы мүмкін.
Бұған дейін Аруна Ортаеваның үйінде тінту жүргізіліп, кейін ол Алматы қалалық полиция департаментіне жеткізілген. Кейін экоактивистің 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынғаны белгілі болды.
Қоғам белсенділерінің мәліметінше, Ортаева Іле Алатауы ұлттық паркінің аумағындағы Көкжайлауды игеруге қарсы шығып жүрген белсенділердің бірі. Ол бұған дейін басқа қоғам өкілдерімен бірге БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке аймақтың бірегей экожүйесіне қауіп төндіретін құрылыс жұмыстарын тоқтатуды талап етіп, ресми үндеу жолдаған.
Тінту жүргізілерден аз уақыт бұрын Ортаева Instagram-дағы парақшасында Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы, 1972 жылы «Медеу» биік таулы спорт кешені құрылысының бас инженері болған Борис Яглинскийдің Көкжайлауда тау шаңғысы кешенін салуға қарсы пікір білдірген видеосын жариялаған.