Әлеумет

«Әділет» партиясының делегаттары Amanat-пен бірігуді бірауыздан қолдады

Астанада өткен «Әділет» партиясының ІІ съезінде делегаттар Amanat партиясымен бірігу туралы ұсынысты бірауыздан қолдады.

Фото: «Әділет» партиясы

Осылайша, соңғы күндері елдің саяси кеңістігінде талқыланып жатқан партиялардың бірігу процесі тағы бір маңызды кезеңнен өтті.

Съезд барысында сөз сөйлеген партия төрағасы Айбек Дәдебай «Әділет» партиясының құрылу тарихына тоқталып, оның басты мақсаты қоғамда әділеттілік қағидатын орнықтыру болғанын айтты.

– «Әділет» партиясы құрылған кезде біз тұрақты даму әділеттіліксіз мүмкін емес деген ұстанымды негізге алдық. Әділ ережелер жұмыс істейтін жерде сенім қалыптасады. Сенім бар жерде инвестиция келеді, кәсіпкерлік дамиды, азаматтық белсенділік артады, қоғамдық ынтымақ пен ұлттық бірлік нығаяды, – деді ол.

Партия жетекшісі қазіргі кезеңде ел алдында тұрған міндеттер жекелеген саяси ұйымдардың шеңберінен асып түсетінін айтып, Amanat партиясының бірігу туралы ұсынысын қолдайтынын мәлімдеді.

– Мен Amanat партиясының бірігу туралы ұсынысын қолдаймын. Қош келдіңіз! Бүгінде Қазақстан алдында ауқымды міндеттер тұр. Оларды жүзеге асыру үшін бірлік, ынтымақ және ортақ жұмыс қажет, – деді Айбек Дәдебай.

Партия өкілдерінің мәліметінше, съезге қатысқан 613 делегаттың барлығы бірігу туралы шешімді қолдап дауыс берген.

Айбек Дәдебайдың айтуынша, екі саяси ұйымды ортақ құндылықтар мен стратегиялық мақсаттар біріктіреді. Оның сөзінше, бұл – мықты мемлекеттік институттар құру, мемлекеттік басқарудың тиімді үлгісін қалыптастыру, бәсекеге қабілетті экономиканы дамыту, әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету және заманауи саяси мәдениетті орнықтыру міндеттері.

Еске салайық, бұған дейін Amanat партиясының XXVI съезінде делегаттар «Әділет» партиясының құрамына қосылу туралы шешімді қолдаған болатын. Партия өкілдері бұл қадамды елдегі саяси реформалардың жаңа кезеңімен және қоғамды топтастыру қажеттілігімен байланыстырған еді.

Осылайша, екі партияның да съездері бірігу туралы шешімді қолдап, саяси ұйымдарды бір құрылым аясында топтастыру процесіне жол ашты. Бұл шешімнің Қазақстанның партиялық жүйесіне қалай әсер ететіні алдағы уақытта белгілі болмақ.

Сайт Әкімшілігі