Сараптама

Ахметов аяқ баспаған Абыралы жұрты

Абыралы өңірінің ауылдары Семей қаласының құрамына енгенімен, 370 шақырымға дейін аумақты алып жатыр.

Jasalash.kz

Бұрынғы аудан орталығы Қайнар ауылының өзінен қалаға қатынау оңай емес. Өйткені, 300 шақырымнан асатын жолдың сайрап жатқанынан тесіліп жайрап жатқан тұстары көп болатын. «Жол азабын жүрген біледі» дегендей, Абыралы өңіріне барып қайтқан адам көпке дейін ат ізін салмауға тырысады. Ал, қала әкімі Ермак Сәлімов бастаған шенеуніктер есеп беру мақсатында амалсыз шықпаса, «жағдайы қалай екен?» деп жаны ашып баруға құлқы жоқтығы шындық. Облыс әкімінің креслосына отырған 6 жыл ішінде Даниал Ахметовтің Абыралыға аттап баспағанын айтудың өзіне сөзіміз шығын. Дәл осыдан бір жыл бұрын «Ахметов абыралылық «аборигендерді» біле ме?» деген мақаламызда талай жайды айтқанбыз. (https://zhasalash.kz/article/2546-akhmetov-abyralylyq-aborigenderdi-bile-me!).

Сол мақаламыздағы мына бір үзіндінің өзінен талай жайды аңғаруға болады: «Айтпақшы, осы тұста Ахметовтің алдында Шығысты басқарған Бердібек Сапарбаев еріксіз еске түседі. 2009 жылы ШҚО әкімі қызметіне келген Сапарбаев Ахметовке қарағанда адамгершілік қасиеті биіктеу болса керек, бірнеше ай өткенде осы Абыралы өңіріне әдейілеп барды. Полигон аймағының мәселесімен танысып, халқымен жүздескенін жергілікті жұртшылық әрдайым ризашылықпен айтып жүреді. Өйткені, абыралылықтар облыс әкімін 11 жыл бұрын Шығысты басқарған Виталий Меттеден кейін көріп тұрғаны сол болатын». (25.06.2019 жыл). Иә, сонымен, сеніңіз сенбеңіз абыралылықтар облыс әкімін «тірідей» көрмегелі он жыл өте шығыпты.

Ал, қазір жолдың жағдайы ептеп жақсарып, жөндеуден өтіп жөнге келе бастағалы халықтың да көңілі орныққаны рас. Бұған дейін 7-8 сағат жүріп үйіне әупірімдеп жететін қайнарлықтар ұзағанда бес сағатта жететіне тәубе айтады. Ал, бұл айналып келгенде жергілікті атқарушы биліктің, Шығыс шенеуніктерінің аттан түспей «аттандап» жүріп атқарған шаруасының нәтижесі емес. Абыралы өңірі халқының жайына үнемі назар аударып, жолының төселіп, ауыз суының тартылуын, интернетпен қамтылуын қадағалаған Мәжіліс депутаты, экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильяновтың айрықша еңбегі екендігін атап айтқан жөн.  Сол себептен де осыдан бірер апта бұрын орталарына арнайы келген Мәжіліс депутатын Алғабас, Қайнар, Абыралы ауылдарының жұрты ерекше ықыласпен қарсы алды. (Анығын айтқанда, облыс әкімі Ахметов алты жыл аттап баспаған өңір депутатпен «жылап көрісті» деуге болады). Сайлаушылар аманатына жауапкершілікпен қарайтындығы қай ауданға барса да байқалып тұратын Сабильяновтың жоғарыда айтылған жергілікті мәселелердің дұрыс шешілуіне себепкер болғандығының нәтижесі еді бұл.  

    Алдымен Қайнардың ар жағындағы 55 шақырым қашықтықта жатқан Алғабас ауылдық округінің халқымен кездесу жоғары джеңгейде өтті деуге болады. Санитарлық талапты сақтай отырып, алғабастықтармен далада кездескен депутат қойылған сұрақтарға жапуап бере отырып, ауыл тіршілігінің аз да болса көш ілгері екеніне көз жеткізді. Кезінде Қарағанды облысының құрамында болған Алғабастың өз тағдыры бар. Бірде Егіндібұлақ, бірде Қарқаралы аудандарына қараған ауылдың Абыралы аудан болып құрылғанда Шығыс Қазақстан облысының территориясына өтіп, кейін аудан тараған соң, Семей қаласының құрамында қалып қойғаны өз алдына жеке мәселе. Ынтымағы ыдырамаған, тірлігі ширақ Алғабаста демографиялық өсім бары да көңілге қуаныш ұялатады. Әттеңі сол, облыс орталығы Өскеменнен 570 шақырым алыста жатыр. Соған қарамастан бірде Нұр-Сұлтан, бірде Қарағанды қаласымен тығыз байланыс орнатып, өз жоқтарын түгендеп отыр.  

    Нұртай Салихұлы Қайнар ауылының халқымен кездескенде көп жайлар айтылды. Басты ризашылық – қаламен арадағы жолдың қазір қарқынды жөнделіп жатқаны. Мәжіліс дептутатының өзі де осы сапарында асфальт төсеп жатқан «Гордорстрой» серіктестігінің жұмысын тексеріп және арнайы көпір құрылысын жүргізіп жатқан компанияның да жұмыс нысанында болғанына куә болдық.  1 млрд теңгеден астам бюджет қаражатының игерілу сапасын тексерген депутат қанйарлық сайлаушылармен кездесуде іс барысына көңілі толатындығын білдіргенімен әлі де шаруа жетерлік екенін жеткізді. Сонымен бірге осы Абыралы өңірінің, Қайнардың жергілікті мәселесін көтеріп Парламентке іздеп келген жергілікті азамат Жәнібек Наурызбаевтай азаматтары барына алғысын айтты. Ал, Жәнібектің өзін сөзге тартқанымызда мәселелердің оң шешілуіне Сабильяновтың қалай еңбек сіңіргендігін былайша жеткізді.

— Нұртай ағамыздың бірінші қолға алғаны – Қайнар мен Семей арасындағы ұзақ жолдың азапты күйден арылтуға аянбай тер төккені болды. Одан өзге таза ауыз суға қол жеткізілгелі бір жыл болса, интернетке қол жеткізгенімізге бір айдай болды. Жасыратыны жоқ, Нұртай ағамыздай депутаттың бұл тұрғыдағы еңбегін «біз жасадық» деп пайдаланып қалуға тырысатындар да бар. Анығын айтқанда, облыс, қала басшыларының өтірік уәделеріне тойып болған халық. Тағы бір айтатын еңбегі – Қайнар ауылдық Мәдениет үйін қысқартуға ұшырағалы тұрған жерінен аман-есен алып қалды,-дейді такси жүргізуді кәсіп еткен Жәнібек Наурызбаев.  

   -Мен сіздерге бір шындықты айтайын. Осы жол мәселесін қолға алғанымда Шығыстан ешкім де қолдау көрсеткен жоқ. Дегенмен, жергілікті ауыл халқы өздері бас болып хат жолдағаннан кейін құзырлы, жауапты органдарға бардым. Шенеуніктер кіріскісі келмейді. Неге? Жолдың республикалық маңызы болғанымен, автокөлік аз жүреді дегендей желелулер айтылды. Соған қарамастан республикалық бюджет Парламентте талқылағанда мәселені күн тәртібіне қойдым. 2017 жылы жолдың жөнделуі жақсы жүргізілді. Одан кейін әртүрлі себептермен тоқтап қалды. Одан кейін қайтадан кірісіп, министрлік арқылы «Қазавтожол» мекемесінің жұмыс ретіне қойдым. Әрине, бұл менің емес, сіздердің бірлесе талап етіп, мәселені үнемі көтергендеріңіздің арқасы. Мен өз тарапымнан Премьер-министрге дейін хат жолдап назар ауаруын сұрадым. Міне, көріп отырсыздар бірқатар жайлар оң шешімін тапты. Биыл 46 шықырымы орташа жөндеуден өтеді. Одан бөлек Саржалға дейінгі жол қашықтығының 12 шақырымы жөнделді. Тау ішіндегі 82 мен 208 шақырымындағы 26 шақырым және 112 мен 132 шақырым аралықтары биыл жөнделетін болады. Тиісті министрлік пен «Қазавтожол» аяқталуына уәде беріп отыр. Әртүрлі жағдайлар орын алатыны да рас. Дегенмен, бұл жолдың жөнделуі әлі де бақылауымда,-деді Н. Сабильянов қайнарлықтармен кездесуінде

   Жалпы, Мәжіліс депутаты бұл сапарында өзге де жайларды естіп, біліп қайтты. Мәселен, Абыралы ауылының тұрғыындары көбіне қарттардың қалып, жас отбасылардың жаппай қалаға көшуі белең алғанына алаңдаулы. Соның салдарынан ауылдағы үш қабатты мектеп ғимараты бос қалып тұрған жайы бар. Қазір бар-жоғы елуге тарта ғана бала оқиды. Бұдан өзге Алғабас, Қайнар, Абыралы ауылдарына бір учаскелік инспектор ғана қатынап жүр. Өткен жылы Қайнар ауылындағы полиция пункті қысқарып қалуының «жемісі» бұл. Ауыл әкімі Ұлан осы мәселеге байланысты Семей қааллық ІІБ-іне бірнеше рет хат жолдап, ауылға учаскелік инспектор бөлуін сұрағанымен әлі күнге дейін жауап жоқтығын айтады.

     Сонымен алғашында сапарын Абай ауданынан бастаған Н. Сабильянов артынша Абыралы, Аягөз, Үржар аудандарында және Шұбартау өңірінің ауылдарында болып, кездесулер өткізіп қайтты. Бұл туралы депутат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында күнделікті жариялап та отырды. Әлеуметтік желі арқылы да сұрақ жолдаған кімнің болмасын сөзін жауапсыз қалдырмайтындығынан шығар халық Нұртай Салихұлына үнемі үміт артады, сөзін де ынтамен тыңдайды, қалтқысыз сенеді және ризашылығын білдіреді.

  

Сәтжан Қасымжанұлы
Тегтер: Без Тега