Саясат

Ахметов «Нұр Отаннан» орала ма?

Соңғы күндердегі тағайындаулар әлі де біраз өңір әкімдерінің тағатын тауысып, сағатын санатып отырғаны күмәнсіз.

Jasalash.kz
Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметінде отырғанына 5 жылдың жүзі болған Даниал АХМЕТОВТІҢ төңірегіндегі әңгіме де қазір ел ішінде түрлі болжамға түрткі болуда. Ахметовпен қатар «ат жарыстырып» келе жатқан Бердібек Сапарбаевтың Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі болуы да облыс басшысын жаңартар сәттің таяп қалғанын аңғартқандай. Үкіметтегі тағайындаулар басталған бетте Шығыс жұрты Ахметовтің қайда баратынына дейін біліп отырғандай болған.Қалай десек те бүгін шешуші күн. Дәл қазір Астанада «Нұр отан» партиясының съезі өтіп жатыр. Оған Үкімет мүшелері, облыс әкімдері тайлы-тұяғы қалмай жиналғаны белгілі. Даниал Кенжетайұлы да қазір Астанадағы бір «майлы жіліктің» басын ұстайтынына сенімді күйде отырған да болар. Зейнеткерлік жасқа жеткен облыс басшысының ендігі қызметі Сенаттан бұйыруы да ғажап емес. Әзірге Мемлекеттік хатшы лауазымынан басқа «вакансия» жоқ болғанымен, оған Қызылорда облысының әкімі Көшербаевтың баруы мүмкін екені айтылуда.Сонымен Ахметов Астанада. «Нұр Отан» съезіне қатысып жатыр. Егер осы жиыннан соң бір жайлы орын бұйырғаны мәлім болса, көп кешікпей Шығыс Қазақстан облысына келетін жаңа әкімнің есімі де естіліп қалары анық. Әзірге облыс басшылығына Қоғамдық даму министрлігінен босап қалған осы өңірдің тумасы Дархан ҚАЛЕТАЕВТЫҢ келіп қалуы мүмкін екенін айтып жатқандар да аз емес.  Бірақ ештеңеге таңқалуға болмайтын заманда Даниал Ахметовтің «Нұр Отан» съезінен кейін облысқа қайта оралуы да ғажап емес.Фото: zhasalash.kz
Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега