Қоғам

Air Astana рейсі 27 сағатқа кешігіп, жолаушылар Қытайда қалып қойды

Санья – Астана бағытындағы чартерлік рейстің 150-ден астам жолаушысы Қытайда 27 сағатқа жуық уақыт бөгеліп қалды.

Фото: Air Astana

Олардың арасында 20-ға жуық бала мен 30-ға жуық егде жастағы әйел болған. Threads желісінің қолданушылары кейбір жолаушылар әуежайдағы орындықтарда түнеуге мәжбүр болғанын жазды.

Air Astana әуе компаниясы KC584 рейсінің кешігуіне қатысты түсініктеме берді. Компания мәліметінше, 4 қарашаға жоспарланған Санья – Астана бағытындағы чартерлік рейс техникалық ақауға байланысты 5 қарашаға ауыстырылған.

Әуе кемесінің жасыл гидравликалық жүйесіндегі қысым төмендеген. Ақаулы бөлшек ауыстырылғаннан кейін ұшақ сапарға дайындалған.

Компания өкілдерінің хабарлауынша, күтіп қалған жолаушыларға көлік, тамақ және қонақүйден орын берілген.

Ұшақ 5 қарашада сағат 10:07–де Саньядан ұшып шыққан. Астанаға жергілікті уақыт бойынша сағат 14:45–те жетуі жоспарланған. Air Astana жолаушылардан рейстің кешіккені үшін кешірім сұрады.

Сайт Әкімшілігі