Саясат

Аймағамбетов Батыстың «агенті» ме?

Бір кездері білім және ғылым министрлігінде департамент басшысы, одан кейін Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры қызметтерін атқарған Анар Қайырбекованы қазір жұрт әлеуметтік желілердегі шулы жазбалары арқылы жақсы таниды.

Jasalash.kz

Анар Мерекеқызы кезінде «Білім және ғылым министрінің орынбасары Ф. Жақыпова докторлық диссертациясын толығымен дерлік көшіріп алған» деген мәлімдеме жасаған болатын. Одан білім және ғылым министрілігінің жауапты хатшысы қызметін атқарған Арын Орсариевтен қысым көргенін айтып шағымданды. Қайырбекованың айтқаны қаншалықты ондыққа дөп тигенін қайдам, бірақ, жоғарыда айтқан екі лауазымды тұлға да осы мәлімдемеден кейін көп ұзамай қызметтерінен босатылып, басқа жұмысқа ауысып кеткені белгілі. Бұл туралы сол кезде «Жас Алаш» газетінде кеңінен жазылды.

Дегенмен де Анар Қайырбекова білім саласының былық-шылықтарын жария етуді бір сәтке де тоқтатқан емес. Бұған дейін ол білім және ғылым министрлігінің онлайн оқытудың дайындық жұмыстарына қаншама миллиардтаған қаржы жұмсап, ақыр аяғында дайын болмай шыққанын, қаншама қаржының бекерге желге ұшқанын ашық айыптаған болатын. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың атына да бірнеше рет ашық сындар айтылды. Бірақ, әл-әзірге Асхат Қанатұлы бұл ауыр айыптауларды шыбын шаққан құрлы көрмей келеді.

Енді бұл жолы Анар Қайырбекова білім және ғылым министрінің өмірбаянын түп-тұқиянына дейін қопарып, шетелде жоғарғы білім алған жылдарын май шаммен ақтарып шығыпты.

– Қоғамда айқай-шу көтерген мәселе қай салаға қатысты, соған сол саланың басшысы кінәлі, — дейді қоғам белсендісі Анар Қайырбекова өзінің әлеуметтік желілердегі парақшасында.

– Мәселен, экс-денсаулық сақтау министріне індетке қарсы күресті дұрыс ұйымдастырмады деген айып тағылғаны белгілі. Ал білім беруді ақпараттандыруға ондаған миллиард теңге қаржыны тиімсіз жұмсаған білім және ғылым министрі бостандықта қалып отыр. Сондай-ақ сайлауға бірнеше ай қалғанда студенттерінен тұтас дивизия құруға болатын екі университеттің лицензияларын қайтарып алды.

Министр бұл қадамға жастық пен тәжірибесіздіктен барып отырған жоқ. Негізі «дипломдарды басып шығарып жатқан «фабрикаларды», яғни саны көп сапасы жоқ жоғары оқу орындарын жабу туралы тапсырманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев берген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасын жұрт «формальды» нәрсе деп қабылдады. Іс жүзінде өздерін университеттер деп атайтын және дипломдар сататын коммерциялық фирмалар, яғни, «жалған» университеттерді жабу туралы мәселе өте өзекті болатын. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі қазіргі және ең нашар университеттердің лицензиясын қайтарып ала бастады. Бірақ жабылуы тиіс оқу орындарының ішіне Кеңес заманынан бері мықты саналатын Қазақ көлік және коммуникация академиясы да еніп кетті. Бұл оқу орны рейтингісі жоғары болмағанымен, талай теміржолшылардың отбасы білім алған, «Қазақстан темір жолына» қажетті кадр дайындап отырған оқу орны еді.

Осындай оқу орындарының лицензиясын қайтарып алынғаны көкейде көп сауал туындатады. Мәселен, неге осы үдеріс кезінде тиісті комиссия студенттердің мемлекеттік емтихандары және диплом қорғау жұмыстары кезінде бітірушілердің білім сапасына көз жеткізіп, тексермеген? Екіншіден, лицензияны қайтарып алу процесін неліктен жаз кезінде жүргізбеген? Егер сондай шешім жазда қабылданса, сол университет жаңа оқу жылына талапкерлер тартуды тоқтатар еді ғой. Ал бірінші курсқа қабылданған студенттердің ендігі тағдыры не болмақ? Енді көлік саласы бойынша мамандық таңдаған 5 мың студент пен оларға дәріс берген педагогтар далада қала ма? Қазір қаншама оқытушы мен теміржолшылардың көкейінде тұрған сұрақ – осы. Ал ең басты көкейкесті мәселе – мұндай «ұсынысты» Президентке кім берген? Себебі, осы тапсырманы іске асыру арқылы олар Президентке соққы беріп отыр.

Осылай деген Анар Қайырбекова білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің қайда білім алғанын зерттеп көргенін айтады. Қоғамдық белсендісінің айтуына қарағанда министр Мәскеу Азаматтық ағарту мектебінде білім алған, бірақ, онысын жасыратын көрінеді. Не үшін?

– Асхат Аймағамбетов Мәскеу Азаматтық ағарту мектебінде білім алған, — дейді Анар Қайырбекова өзінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында.

 – Мұндай мектептер ТМД елдерінің бірқатарында, Грузия, Украинада ашылған. Осы мектептердің түлектері кезінде әр мемлекеттегі түрлі-түсті революцияларға қатысқан. Аталған мектепте оқыған ресейлік түлектер – белсенді либералдар мен оппозиционерлер. Бірақ олардың арасында «маска» киген мемлекеттік билікті жақтаушылар да жоқ емес. Солар қазір беделді лауазым иелері атанып, мандат пен мансапқа да ие болған.

Ресейлік политологтар мұндай мектептердің түлектерін «бесінші колоннаның» адамдары және батыстың «агенттері» деп атайды. Мәскеу Азаматтық ағарту мектебінің педагогтарының бәрі АҚШ-тың Ресейдегі елшілері болған. Бұл мектептің қамқоршылық кеңесінің құрамына шет мемлекеттердің барлау және саяси әскери ведомстволарының отставкадағы көрнекті адамдары, соның ішінде Мәскеу мектебінің Қамқоршылық кеңесінің төрағасы болған және Ұлыбритания барлау комитетінің бұрынғы басшысы Родрик Брейтвейт, бұрынғы Ұлыбританияның штаб пәтерінің басшысы Чарльз Гутри бар.

Мектептің қызметін бірқатар шетелдік ұйымдар, соның ішінде Еуропа Кеңесі, сондай-ақ НАТО-ға мүше мемлекеттердің 5 ұйымы және Еуроодаққа мүше мемлекеттердің 7 ұйымы өтеусіз негізде қаржыландырады. Менің ойымша, Аймағамбетов өзінің бұл мектепке қатыстылығын жасырып отыр.

Енді Аймағамбетов 2006 жылдың 14 маусымында сұхбаты жазылған мақалаға назар аударайық. Аймағамбетов бұл мақалада қалалық мәслихаттың жас депутаты ретінде еске түседі, онда ол Мәскеуге сапары туралы, Мәскеу мектебінде оқу туралы, АҚШ пен Ресейдің ықпалды саясаткерлерімен танысу және бейресми қарым-қатынас туралы еске алады. Жалпы бұл сұхбат несімен қызықты? Менің қолымда Аймағамбетовтың Мәскеу Азаматтық ағарту мектебіне сапарын Джордж Сорос ұйымдастырып, төлегенін растайтын құжаттар бар.

Сонымен қатар, мен Сорос қоры 2006 жылы Аймағамбетовке «Бюджеттік процесс: жолсілтеме және іс-әрекетке басшылық» кітабын жазу үшін 2 мың АҚШ долларын төледі деген құжаттарды таптым. Алайда бұл кітапты табу мүмкін болмады. Сонда бұл ақша не үшін болды?!

… Қысқасы, білім және ғылым министрінің басынан дау арылар емес. Шынын айтсақ, осыдан кейін көпшілік кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс, кімнің айтқаны шындық, кімнің айтқаны жалған екенін айырудан қалды. Сондықтан бұл мәселенің ақиқатын білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың өзі айтпаса жұрт бұл мәселенің мән-жайын түсінер емес.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Без Тега