Саясат

Әйтенов отставкаға қашан кетеді?

Орынбасарын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ұстаған Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтенов отставкаға кеткен жоқ.

Jasalash.kz

Әзірге...

Рас, орынбасарға қатысты келеңсіз жағдай жалпақ елге жария болған соң, Әйтеновтің қызметінен кететіні туралы әңгіменің шеті шыққан. Тіпті оның орнына Президент әкімшілігінен бір кадрдың келе жатқаны да айтыла бастаған. Алайда әкімдік мұның бәрін жоққа шығарып, арнайы мәлімдеме таратты. Ал Әйтеновтің өзі… Әкімдікте күніне бірнеше жиын өткізеді, оның арасында әлеуметтік нысандардың құрылысын аралайды, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдайды. Қысқасы, әкімнің қазіргі тынымсыз тірлігінен отставкаға кететін сыңай байқалмайды.

Айтпақшы, ұсталған орынбасар Мақсұт Исахов көлік, жер қатынастары салаларына жетекшілік жасаған. Екі ай бұрын Шымкентте сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы, орынбасары, бөлім басшысымен бірге парамен ұсталған. Бір ай бұрын қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы көлік компанияларына берілетін субсидияны кедергісіз төлеу үшін 13 миллион теңге пара алды деген айыппен қамауға алынған. Бәлкім, осының бәрі кездейсоқ емес шығар. Кейбіреулер Исаховтың ісін көлік басқармасы басшысының тірліктерімен байланыстырып жатыр. «Ол пара алып емес, ҰҚК-ның лауазымды қызметкерлеріне пара беріп ұсталған» деген сөздің рас-өтірігі қайсы?!

Ақорда Исаховтың кінәсі дәлелденіп, сот үкімі күшіне енгенше Әйтеновті орнынан қозғамау туралы шешім қабылдаған сияқты. Осыдан дәл бір жыл бұрын Шөкеевке қатысты сценарийді енді Әйтенов қайталайтын болды. «Дүние – кезек» деген – осы.

Ал Шымкент сыбайлас жемқорлық қылмыстармен елдің жағасын ұстатуды әлі жалғастырып жатыр. Жуырда қалалық білім басқармасында бухгалтер болып істеген екі қызметкерге үкім шықты. Сот үкіміне қарағанда, мектепке дейінгі мекемелердің жұмысын бақылайтын бас маман мен жетекші маман мегаполистегі жекеменшік балабақшалардың құрылтайшыларынан ақша алуды әдетке айналдырған. 2021 жылдың маусымында Шымкенттегі бір кәсіпкер өзінің балабақшасын тексертпеу үшін бас маман А.Шиндауловаға пара бермек болған. Параға жетекші маман М. Мейірбекова делдалдық жасаған. Берілген 100 мың теңгенің 60 мыңын Мейірбекова алып, қалғанын Шиндаулованың қызының «Каспий голдына» салып жіберген. Дәл осындай жағдай сол 2021 жылдың маусымында тағы қайталанған. Бұл жолы қос маман берілген 100 мың теңгені 50 мыңнан бөліп алады. 

2022 жылдың сәуірінде Шиндаулова жекеменшік балабақшаның құрылтайшысынан тексеру қорытындысында кемшіліктерді көрсетпеу үшін 500 мың теңге параны білім басқармасы ғимаратының алдында, көлік ішінде алған. Кейін «бұл ақша аз болып қалды» деп тағы 100 мың теңгені қызының «Каспий голдына» аудартқызған. Бұл аралықта Мейірбекова қарап жүрмей, қаржылық есептілікті қате тапсырған бір балабақшаның бухгалтерін «тәртіптік жазаға тартыласың» деп алдап, соны шешіп беру үшін оның 150 мың теңгесін қымқырған. 

Сотта Шиндаулова жасаған әрекетінің парақорлық емес, алаяқтық екендігін айтыпты. Алайда сот оны парақорлық бабымен 32 миллион теңге айыппұл салу жазасына кесті. Ал параға делдалдық жасау және алаяқтық баптарымен айыпталған Мейірбекова 4 миллион теңге айыппұл төлеуі тиіс. Пара берген екі балабақшаның құрылтайшылары Тәуелсіздіктің 30 жылдығына жариялаған рақымшылыққа ілікті. Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.

Қазір әлеуметтік желіде екі бухгалтерге шығарылған үкімнен кейін қалалық білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиеваның жауапкершілігі туралы мәселе көтеріліп жатыр. Алайда Шымкенттің бас мұғалімі қарамағындағы екі қызметкерінің қылмысы үшін өзін кінәлі сезінбейтінін бұған дейін жергілікті теларнаға берген сұхбатында мәлімдеп қойған. Оның айтуынша, былтыр күзде басқарма басшысы антикордан сыбайлас жемқорлыққа қарсы сыртқы талдау жұмыстарын жүргізуді өтінген. Осы талдау кезінде басқармадағы барлық қызметкерлердің, олардың туыстарының банктегі шоттары, қаржылық операциялары зерделенген. Жекеменшік балабақшаның құрылтайшыларынан ақшаны «Каспий голд» арқылы алып жүрген Шиндаулова мен Мейірбекова осы кезде күдікке іліккен көрінеді (антикордың 2021 жылы болған парақорлық қылмыстарды неге екі жылдан кейін анықтағаны осыдан кейін түсінікті). Тәжиева істі болған екі маманның мемлекеттік қызметкерге жатпайтынын, қарапайым бухгалтер болып істегенін, оларға ешкімнің ақша алуға тапсырма бермегенін алға тартып отыр. 

Біз осы жөнінде Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесінің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссиясының төрағасы Жанысбек Өтегеннің пікірін сұрағанбыз.

Бұған дейін комиссия тарапынан білім саласындағы жемқорлыққа қатысты жиын өткізгенбіз. Оған қаладағы мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері қатысқан. Бірақ біздің айтқан ұсыныстарымызды назарға алып жатқан ешкім жоқ. Былтыр мәдениет басқармасындағы бухгалтерлер сотталса, міне, биыл білім саласының есепшілері жазаға тартылып жатыр. Сыбайластық барлық салаға тамыр жайып алған. Соңғы жылдары Шымкентке бөлініп жатқан ақшаның көлемі күрт көбейді. Жемқорлықтың бір себебін осымен де байланыстыруға болады. Ақша көп болған соң шенеуніктер оны қажеті бар жерге де, қажеті жоқ жерге де жұмсай береді. Күмәнді жобалар көбейген. Бәрі айналып келгенде бюджеттің қаржысын жымқыруға барып тіреледі, – дейді Жанысбек Өтеген.

Комиссия төрағасы Шымкентте соңғы кездері сыбайлас жемқорлық қылмыстар көбейіп кеткендіктен Мұрат Әйтеновтің отставкаға кетуі тиіс деп есептейді.

Бақытжан Әбдірашұлы
Тегтер: Без Тега