Саясат

Айтып келген апаттан санкцияның «алғашқы қоңырауына» дейін

Өткен аптадағы басты жаңалық, басты оқиға – Қарағанды шахтасындағы өрт. Апта атаулы апатсыз өтпейтіндіктен, әрине, қазақстандықтар үшін ондай оқиғалар оқыс та емес, еті үйреніп те кеткен.

Jasalash.kz

Әйтсе де, бұл өрт бес кеншінің өмірін жалмап кетті. Тоғыз ай бұрын да Митталдың шахтасының бірінде бес адам қаза тапқан болатын. Жалпы, бұл шет елдік «инвестор» Қарметкомбинатты иеленгелі, ол өндірісте болған түрлі апаттардан, 100-ден астам жұмысшы өлген. «Көк тиын» инвестиция салмай, комбинатты тегін алғаны былай тұрсын, елді қырып барады. Апаттың жиілігі де, өлімнің көптігі де сол уәделі инвестицияны салмағандықтан. Өндірістің жетілдірілмей, көне техникамен ілдалдалап отырғандығынан.

Неге қаржы салмайды, неге өндірісті жаңартпайды? Соншама қылмысы үшін неге жауап бермейді? Өйткені Миттал біздің елдегі өндірісті дамытып, ондағы жұмысшының әлеуметтік жағдайын жақсартуға келген жоқ. Ол  «Қазақстанды тонау» деген үлкен қылмыстық жоспардың бір «бұрандасы»  ғана. Үкіметтің оған күші жетпейтіні – бәрінің «крышасы» бір. Рахат Әлиев те «Миттал» мен бұрынғы президенттің Қарметті тең бөліп алғанын жазған. Президент Тоқаев былтыр қарашадағы апаттан кейін, мәселе өзімнің бақылауымда болады деген. Биылғы апаттан кейін Митталға ескерту жасады. Үкімет басшысы да «Қарметкомбинаттың» меншік құқын қайта қарау керек, бұл апатқа кінәлілердің бәрі де жауапқа тартылады, Миттал мұнда қалмауы керек дегенді айтты. Яғни екі арада сауда қызып тұр.

Жағдайы нашар, жұмысы қауіпті Қарағанды шахтерлері ғана емес, Назарбаевтың тағы бір алпауыты Владимир Кимнің қол астындағы «Қазақмыстағы» кеншілердің де жағдайы ауыр. Аптаның алғашқы күндері «Қазақмыс» корпорациясының Ұлытаудағы жүздеген кеншісі ереуілге шықты. Талаптары – еңбек жағдайын жақсарту, еңбек өтілінің бір жылын бір жарым жыл деп есептеу, ескі құрал-жабдықты жаңасына алмастыру деген сияқты он бес мәселеден тұрады. Қарап тұрсақ, Қарағанды кеншілерінің басындағы жағдай тәрізді, еш айырмасы жоқ. Олар да талап еткен. Бірақ ешкім құлақ аспаған. Нәтижесін көріп отырмыз. Ал «Қазақмыстың» бас директоры Копытов деген ресейлік менеджер міз бақпайды. Бәрі жақсы, жоспардың бәрі орындалып жатыр, ереуіл жасайтындай ештеңе жоқ дейді. Бәлкім, Ким, Копытовтардың жағдайы жақсы болар. Иә, Митталдың Люксембургта керемет сарай салғанын, Кимнің «Формула-1» автоспортындағы команданы сатып алғанын білеміз. Ал басын күн сайын ажалға тігіп жүрген кеншілер жағдайы жақсы болса, ереуілге шығып несі бар? Тіпті оларға берген уәдесінде де талаптарын орындамақшы ойлары жоқ – ереуілге шыққандары үшін жазаламаймыз дейді.

Ал ереуілдер еш толастамайтын Маңғыстауда «Мөлдір Мұнай Сервис» компаниясының мұнайшылары, ондай әрекеттерінен түк шықпайтынын түсінген соң, аштыққа көшті. Ал жергілікті билік олардың отбасына, бала-шағасына қысым жасай бастады. Әдістері әдеттегідей – қарапайым киінген белгісіз біреулер келіп, қорқытатын көрінеді. Аштық жариялап жатқан ерлеріміздің де өміріне алаңдаймыз дейді. Қорқытып, үркіту, үрей туғызу – терроршыл әрекет. Сонда кім «террорист»? Ал мұнайшылар болса, бар болғаны, тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, лайықты жалақы төле дейді. Көктемде Астанаға келген де осы жігіттер. Ол кезде депутаты бар, үкімет мүшелері бар, бұларға бәрі дұрыс болады деп, шығарып салған. Ауылдарына қайтқан мұнайшылар, биліктің өздерін алдап соққанын түсінген. Содан, ереуілге шыққан.

Қарағанды шахтасында өрт шығып, кеншілер қаза тауып жатқанда, президент Тоқаев жұмыс сапарымен Алматыға келді. Әрине, алдын ала жоспарланған сапар екені белгілі. Сол күні апат басында болуға міндетті төтенше жағдайлар министрін де ерте келді. Үлкен Алматының жоғарғы тұсында салынған Аюсай бөгетімен танысты. Жаз бойы алматылықтардың зығырын қайната отырып, Досаев қайта жаңартып шыққан Алматының орталық көшелерімен жүрді, академикпен кездесті, тағы да елдің әлеуметтік жағдайын жақсарту керек екенін айтты. Президент туған қаласына келген сайын «шіркін-ай, миллиардер Ыдырысов пен Бәйбектің ортақ тірлігінің нәтижесі – «бұзық автобустар паркіне барса ғой» деп ойлайсың. Бір қызығы, бұл автобустарды ешкім де жойып, металын қайта өңдеуге жіберіп жатқан жоқ. Сонда, утильалымның ақшасы қайда? Сол жерге барса, бәлкім, бұл сұрақ президенттің де көкейінде туар ма еді? Содан, утильалым дегеннің нағыз алаяқтық екенін өзі де түсінер ме еді? Ал бұл автобустардың қаншаға сатып алынғанын, қаладағы жолаушылар транспортына бөлінетін субсидия мәселесін тексерсе ше? Жаңағы екі қасқаның қанша миллиард «жеп» кеткенін көрер еді, ол «астаудың» қазіргілердің де кәдесіне жарап жатқанын білер еді.

Басынан бұлт сейілмей тұрған еркін журналистер. Мәжіліс депутаты Болат Нәжимеденұлы деген үстінен арыз түсіріп, 20 тәулікке қамалған  «Сарыағаш-инфо» газетінің бас редакторы Амангелді Батырбеков өткен аптада бостандыққа шықты. Ал талдықорғандық журналист Сандуғаш Дүйсенованың басынан не өткенін дүйім жұрт біліп болды. Полицияның оны тыр жалаңаш шешіндіріп тінтігені, тіпті масқара! Оның өзі «Ордаға» берген сұхбатынан білгеніміз – бұл облыс әкімі, бұрынғы журналист Бейбіт Исабаевтың Сандуғаштан алған кегі көрінеді. Әлеумет дүрліге түскен соң, прокуратура араласып, журналистке қарсы қозғалған істі жауып тастады. Оның өзі жала болатын.

Думан Мұхаметкәрім Әблязовтан сұхбат алып, оның реквизиттерін жариялағаны үшін «экстремистік» баппен айыпталып, бірер ай болды, қамауда отыр. Аштық жариялады, денсаулығы нашарлап кетті. Өткен аптада оның қамау мерзімін тағы да бір айға созды. Билік оны дәрігерге көрсетуден бас тартып отыр.

Ал олигарх Клебановтың (биыл қыста Екібастұзды қатырып тастаған сабаз) жиені, бірнеше ютуб арнаның редакцияларына шабуыл жасап, үрей туғызғандарды жалдады деген Аркадий Клебанов жынды болып шықты. Медициналық сараптаманың қорытындысы сондай. Жарты жыл бойы журналистердің мәшинесін өртеткізіп, кеңселерінің терезесін шақтырып, есіктерін желімдеп, әлеуметке қауіпті түрлі қылмыстық істерге барады, үркітіп, қорқытады да, аяқасты «жынды» болып қалады. Мүмкін, полиция мен прокуратураның ертегісіне сеніп отырған, біз жынды шығармыз? Әйтпесе, өз қалтасынан 300 мың доллар шығарып, соншалықты бассыздыққа баратындай оған не көрініпті? Әйтеуір, нағыз тапсырма бергеннің кім екенін құпия қалдырудың амалы. Өйткені Аркаша сияқты «жындыны» тергеуге де, сотқа шақыруға да болмайды. Қалай десек те, билік журналистердің аузын жабуға бар күшін салып жатыр.

Биыл көктемде Халықаралық «Шекарасыз тілшілер» ұйымы баспасөз еркіндігі индексін жариялаған болатын. Қазақстан 180 елдің ішінде 134 орынға тұрақтап, елдегі баспасөз еркіндігі «ауыр» деген баға алған. Қасымызда Ресей, Ауғанстан, Беларусь, Тәжікстан, Корей және Қытай бар. Өңкей «ығай мен сығай» дерсің. Келесі рейтингте бұдан да төмен құлдырай түсу үшін билік барын істеп-бағуда.  

Өткен аптада АЭС мәселесі қайта көтерілді. Энергетика министрінің беті бүлк етпестен, қазақстандықтар болашақ стансаның технологиялары мен қауіпсіздігі туралы, елдің, аймақтың, ғылымның дамуына бұл атом стансасы қаншалықты серпін беретіні туралы, бар ақпаратқа қанық болды, стансаны салуды қолдайтындар көбейе түсті деп мәлімдеді. Ол өтірікті қандай мәліметтерге сүйеніп айтқаны белгісіз. Сәтқалиевке жауап ретінде қоғам белсенділері баспасөз мәслихатын өткізді. Олар бүкілхалықтық референдум өткізбейінше, ол құрылысқа мораторий жариялау керек деп санайды.

Ал «Росатом» болса, Қазақстандағы уран кенішінен үлес сатып алғаны туралы ресми мәлімдеді. Бұл өткен жолы біздің қоғамда шу болған «Буденовск» кен орны. Ол кеніштің 49 пайызын Ресей мемлекеттік корпорациясы сатып алғанын «Қазатомөндірісінің» есебінен білгенбіз. Сатқан ресейлік Анисимов деген миллиардер мен біздің баяғы Клебановымыз. Яғни кен орны үшін төленген бір жарым миллиард доллар Қазақстан қазынасын айналып өтіп, біреудің меншік қалтасына түскен. Ал Клебанов жүрген жерде Назарбаевтардың «құлағы» көрініп тұратынын білеміз. Сонымен, ендігі елдегі бүкіл уран өндіру саласы Ресейдің қол астында қалды деуге негіз бар. Бірер күн бұрын Путинмен кездескен «Росатомның» басшысы Алексей Лихачев «біз уран өндірісі бойынша әлемде екінші орынға шықтық» деп қуана мәлімдей отырып, Путинге «Буденовскіні» сатып алу барысында көрсеткен көмегі үшін алғысын да білдірген болатын. Ол қандай көмек екен, ә?

Қаңтарда «ескертусіз атылған» оқтан қаза тапқан төрт жасар Айкөркемнің өліміне кінәлінің үстінен қозғалған сот ісі басталды. Алайда сотқа марқұм сәбидің әкесін кіргізбей қойды. Сот жабық түрде өтіп жатыр. Қоғамнан не құпияны жасырғылары келетіні белгісіз. Бір қызынан айырылып, екі баласына оқ тиіп, өзі де денсаулығынан зардап шеккені, өмірінің азапқа айналғаны аз ба еді? Сондай-ақ қаңтарда «қару-жарақ ұрлады және сақтады» деген айып тағылып, 16 жылға сотталған Ербол Жұмановтың аппеляциялық соты алғашқы сот үкімін еш өзгеріссіз қалдырды.

Сыртқы істер министрлігі Ресей пропагандашыларының сөзін елемеу керек деген ақыл айтты. Ал,қ пропагандашыларды қоздырған «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының сайтында жарық көрген  Қазақстанда Z, V және «Вагнер» символикаларына тыйым салынатын болды деген жаңалық. Семейде өткен бір отырыста прокурор Бапиновтың ауызынан шыққан бұл сөз – облыс аймағын ғана емес, Қазақстан асып, Ресей, Украинаны да шарлап кеткен. Әлемдік баспасөз де жазған. Кремльдің пропагандашылары өре түрегеліп, бір күннен соң, «Атамекен» сайтынан жаңағы хабар жоқ болды. Енді ауыздарынан «ақ ит кіріп, көк ит шығып» жатқан оларға қарсы жауап қатпаңдар дейді. Үндемей-ақ үйдей бәледен құтылмақшы.

Қазақстанда тіркелген  Defence Engineering деген компания АҚШ-тың санкциялық тізіміне ілікті. Бұл компания Солтүстік Кореядан Ресейге қару-жарақ жеткізуге қатысы бар деген күдік бар. Бұл компания, өзімен бірге осы «қара тізімге» енген Ресей мен Словакиядағы тағы екі компания сияқты, өзіне бұған дейін де санкция салынған Ашот Мкртыч деген Әзербайжаннан шыққан словакиялық бизнесменмен байланысты көрінеді. Вашингтон бұл Ашотқа, биылғы көктем айларында-ақ, Ресей мен Солтүстік Корея арасындағы қару-жарақ саудасында делдалдық жасамақшы болды деп айып таққан болатын. Бірер күн бұрын, дәл сондай айыппен, Ұлыбританияның да санкциялық тізіміне алынған. kompra.kz анықтаған мәліметтерге сайсақ, Ашот Мкртыч Defence Engineering-ті 2018 жылдың 27 қарашасында тіркелген. Яғни Ресейдің Украинаға қарсы басқыншыл соғысы басталмай тұрып-ақ, Астанаға табан тіреп үлгерген. Қазақстан Республикасының қаржы министрлігі бірден «біз Ашотты танымаймыз» деп шыға келді. Бұл әшейіндегі қарапайым жаңалық емес. Бұл – «тұр-тұрдан келген хабар». Украинаға қарсы басқыншыл соғыс ашқаны үшін, Батыс елдері Ресейді жазалауға кіріскен. Санкциядан санкция. Ал Қазақстан тағы басқа бірнеше елмен бірге Ресейге сол бөгетті айналып өтуге көмектесіп отыр. Яғни бейбіт украиндықтардың үйлерін қиратып, өлімге соқтырып жатқан ракета, бомбаларда біздің де қосарымыз бар деген сөз. Еуропа, АҚШ Қазақстанға «бұларың болмайды, арты насырға шабуы мүмкін» дегендей, құлаққағыс жасап келеді. Ал Астанаға Мәскеудің ықпалы қаншалықты зор екені тағы белгілі. Қысқасы, өткен апта біздің екі оттың ортасында тұрғанымызды тағы бір есімізге салып беріп, өтті де кетті.

Асхат Асан
Тегтер: Без Тега