Ақ үй БАҚ-пен жанжалдан кейін тәулік бойы жұмыс істейтін «Трамп-ТВ»-ны іске қосты
Ақ үй өзінің ресми YouTube арнасында тәулік бойы хабар тарататын «TRUMP TV: The Essentials Station» трансляциясын іске қосты.
Онда АҚШ президенті Дональд Трамптың сөздері, әкімшіліктің негізгі мәлімдемелері мен арнайы іріктелген видеолар көрсетіледі.
Арнаның сипаттамасында Трамп әкімшілігінің маңызды сәттері бір жерге жинақталып, үздік видеолар мен негізгі сөздер тәулік бойы көрсетіліп, нақты уақыт режимінде жаңартылып отыратыны жазылған.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каэлан Дорр «Трамп-ТВ»-ны әкімшіліктің маңызды сәттерін «цензурасыз тікелей көрсететін» арна деп атады. Оның сөзінше, мұнда ірі телеарналар дұрыс көрсетпеген немесе мүлде назардан тыс қалдырған үзінділер де жарияланады.
Жаңа трансляцияның іске қосылуы Трамп әкімшілігі мен америкалық БАҚ арасындағы жанжалмен тұспа-тұс келді. 18 қыркүйекте Трамп CNN, MS NOW (бұрынғы MSNBC) және Politico тілшілерінің Ақ үйге кіруіне тыйым салып, оларды «жалған жаңалық» таратты деп айыптады. Келесі күні аталған басылымдардың журналистерінен рұқсатнамалары алынған.
Бұған жауап ретінде ABC, CBS, NBC, Fox News және CNN кіретін Ақ үйдің телевизиялық пулы президент іс-шараларын бірлесіп жариялауды тоқтатты. CNN, MS NOW және Politico әкімшіліктің шешімі АҚШ Конституциясының Бірінші түзетуін бұзады деп, сотқа жүгінді.
Кәсіби телевизиялық пул болмаған кезде Ақ үйдің Оңтүстік көгалында жаңа тікұшақ алаңын ашу рәсіміндегі әкімшіліктің өз трансляциясында Трамптың дауысы сыртқы шудың кесірінен нашар естілген.
Енді Ақ үй дәстүрлі телеарналарды айналып өтіп, контентін YouTube пен ресми қосымша арқылы тікелей таратып жатыр.