Ақбота Канигаева: Алып бала – патология емес, алайда ол ерекше бақылауды қажет ететін жағдай
Баяғыда балтыры жуан келіндер батпандай бала табатын. «Өмірге батыр келді» деп бүкіл ауыл қуанатын.
Ал бүгінде баланың салмағы балтырдың өлшемімен үйлеспейтін жағдайлар көбейді. Салмағы таразының тілін «селтең еткізетін» нәрестелер өмір есігін ашып жатыр. Бұл – жақсылықтың нышаны ма, қауіптің белгісі ме? Жақсылық болса, дәрігерлер неге құрсағына бала біткен аналардың құлағына «алтын сырға» тағуға әуес. Біз бүгін бұл мәселені Алматы қалалық №5 перзентханасы директорының медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі орынбасары Ақбота Мелсқызы Канигаевамен талқылаймыз.
– Ақбота Мелсқызы, айтыңызшы, құрсақтағы шарананың ірі болуы акушер мамандар үшін қауіп пе? Қауіп болса, неліктен? Туу кезінде қандай да бір қиындықтар туындауы мүмкін деген қорқыныштан ба? Әлде басқа себебі бар ма?
– Соңғы жылдары ірі салмақты нәрестелердің дүниеге келу жиілігі әжептәуір артты. Бұл жағдай ана мен бала денсаулығына ерекше назар аударуды талап етеді. Мысалы, біздің, яғни Алматы қалалық №5 перзентханасының 2026 жылдың алғашқы 6 айындағы статистикасына қарасақ, 492 (барлық босанудың 14,8%-ы) ірі салмақты нәресте дүниеге келген. Оның ішінде 383 (77,8%) әйел табиғи жолмен босанса, 109 (22,2%) жағдайда кесар тілігі операциясы жасалған. Бұл көрсеткіштер қалыптан тыс жүктіліктің қазіргі таңда жиілеп келе жатқанын және мұндай жағдайды бақылауда ұстаудың маңызы артқанын көрсетеді.
– Алып бала – қандай бала? Олардың салмағы қанша келіден асса, алып немесе қалыптан тыс деп есептеледі?
– Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің клиникалық хаттамаларына сәйкес, 4000 грамнан жоғары нәресте – ірі шарана,5000 грамнан жоғары нәресте – алып шарана болып есептеледі. Дегенмен ескертетін бір мәселе, әрбір ірі салмақты нәресте міндетті түрде патология деп саналмайды. Кей жағдайда, бұл ата-анасының генетикалық ерекшеліктеріне немесе конституциялық ерекшеліктеріне байланысты болуы мүмкін. Дегенмен құрсақтағы ірі бала көптеген акушериялық қауіп-қатерлермен қатар жүреді. Мәселен, біздің перзентханада 2026 жылдың алғашқы 6 айында салмағы 5000 грамнан асатын алып баланы босандырып алудың 4 (барлық босанудың 0,1%-ы) жағдайы тіркелген. Оның 1-еуі ғана табиғи жолмен босанса, қалған 3-еуіне кесар тілігін пайдалануға тура келді.
– Демек, алып бала көп жағдайда анасының қарнын жарып алу арқылы өмірге келеді. Ендеше, салмақты шараналардың көбеюіне не себеп?
– Оған әртүрлі фактор әсер етеді. Алдымен алиментарлы фактор (дұрыс тамақтанбау, жылдам әзірленетін тағамдарды тұтыну, газдалған тәтті сусындарды көп ішу). Жүкті ананың қимыл-қозғалысының аздығы да – құрсақтағы шарананың шамадан тыс өсуіне себепкер болады. Бұған енді жүктілікке дейінгі семіздікті қосыңыз. Құрсағына бала біткен ананың салмақ қосуы, іштегі шарананың да «шардай үрленуіне» әсер етеді. Сосын – қант диабеті немесе гестациялық қант диабеті. Жүктіліктің 41-42 аптаға дейін созылуы да – бала салмағының артуына негізгі себептің бірі. Одан кейін тұқымқуалайтын ерекшеліктер. Міне, салмақты шарананың көбеюіне осы факторлар түрткі болып отыр. Дегенмен олардың ішінен біреуін ерекше атауға мәжбүрміз. Өйткені соңғы жылдары гестациялық қант диабетінің жиі анықталуы ірі салмақты нәрестелердің дүниеге келу жиілігінің артуына әсер ететін басты фактордың біріне айналды.
– Иә, дәрігерлердің аузынан «диабеттік фетопатия» деген тіркесті жиі естіп жүрміз. Бұл не? Қайдан пайда болады?
– Диабеттік фетопатия дегеніміз, қант диабетімен немесе гестациялық диабетпен ауыратын аналардың құрсағындағы шаранада кездесетін жатырішілік дамудың бұзылуы. Ананың қанындағы артық глюкоза шаранаға өтіп, оның ұйқы безін шамадан тыс инсулин бөлуге мәжбүрлейді. Содан келіп, жатырдағы баланың бойында мынадай қауіпті өзгерістер пайда болады:
* нәрестенің дене салмағы шамадан тыс ұлғаяды;
* иық белдеуі мен дене көлемі үлкейеді;
* ішкі ағзалардың жетілуі кешеуілдеуі мүмкін;
* туғаннан кейін гипогликемия дамуы ықтимал;
* тыныс алу бұзылыстары кездесуі мүмкін;
* жаңа туған кезеңдегі басқа да асқынулардың қаупі жоғарылайды.
Сондықтан жүктілік кезінде қандағы қант деңгейін тұрақты бақылау ана мен нәрестенің денсаулығын сақтауда маңызды рөл атқарады. Мұны, әрине, әрбір сәби күткен ата-ана, әсіресе жүкті әйел есінен шығармағаны абзал.
– Құрсағында алып шаранасы бар әйел босануға келді дейік. Бұл жағдай акушер мамандар үшін қауіппен тең бе?
– Әрине, кез келген ананы босандыру кезінде акушер-гинекологтар әрбір қадамына мұқият болады. Ал құрсақтағы баланың салмағы үлкен болса, жауапкершіліктің жүгі екі есе артады. Себебі бұл жерде екі бірдей адамның тағдыры тұр. Қауіп анаға ғана емес, балаға да ортақ. Ендеше, жіліктеп көрейік. Ана үшін қандай қауіптер бар? Біріншіден, босану ұзаққа созылуы мүмкін. Екіншіден, босану жолдарында жарақаттар қалуы ықтимал. Қан кету қаупі де жоқ емес. Негізгісі, табиғи босандырудың мүмкіндігі азайса, амалсыз кесар тілігіне жүгінуге тура келеді.
Ал бала үшін қатері бұдан да зор. Мысалы, иық дистоциясы, бұғана немесе тоқпан жіліктің сынуы, гипоксия, жаңа туған кезеңдегі гипогликемия. Мұның бәрі алып баланы босандыру кезінде кездесуі мүмкін қауіп-қатерлер. Сосын қарқынды терапия бөлімінде бақылау қажеттілігі туындауы мүмкін.
– Құрсағындағы шаранасы қалыптан тыс үлкен болса, акушерлер осындай қатерден қорқып, бірден «жарып алуға» жүгірмей ме?
– Жоқ. Босандыру тәсілі тек нәрестенің болжамды салмағына қарап анықталмайды. Дәрігер әрбір жағдайды жеке бағалай отырып, қорытынды жасайды. Мысалы, ана мен баланың жалпы жағдайын тексереді. Жатырда жатқан «батырдың» қалай орналасқанына мән береді. Қосымша ауру-сырқаудың бар-жоқ екенін зерделейді. Егер ана бұған дейін өмірге бала әкелген болса, алдыңғы босанудың ерекшеліктері мен динамикасын ескереді. Қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда, көптеген әйелдер ірі салмақты нәрестені табиғи жолмен қауіпсіз босана алады.
– Жалпы, артық салмақты шарананы азайтуға немесе оның алдын алуға бола ма?
– Барлық жағдайда алдын алу мүмкін емес. Бірақ оның даму қарқынын төмендетуге, тежеуге болады. Бұл енді әрбір ананың өзіне тікелей байланысты. Жоғарыда айтқанымдай, дені сау ұрпақ өмірге әкелгісі келген ана жүктіліктен бұрын салмағын қалпына келтіруі керек. Жүктілік кезінде де ұсынылған мөлшерден артық салмақ қоспағаны абзал. Тұрақты дене белсенділігін арттыру – құрсақтағы баланың шамадан тыс өсіп кетпеуіне кепіл. Дұрыс әрі теңгерімді тамақтану – ана ғана емес, құрсақтағы баланың дамуына да оң әсер етеді. Содан кейін белгілі ғой, әйелдер консультациясында тұрақты бақылауда болуы қажет, гестациялық қант диабетіне уақытылы скринингтен өтуі тиіс.
Бір ескеретін мәселе, алып бала – әрқашан патология емес, алайда ол ерекше бақылауды қажет ететін жағдай. Қазіргі заманғы акушерияның мүмкіндіктері, дәлелді медицина қағидаттарына негізделген тәсілдер және тәжірибелі мамандардың бақылауы ана мен нәрестенің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Алматы қалалық №5 перзентханасында әрбір жүктілік жеке қарастырылып, босандыру тактикасы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің клиникалық хаттамалары мен халықаралық ұсынымдарға сәйкес таңдалады. Біздің басты мақсатымыз – ана мен нәрестенің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету. Біз осы мақсатымызға жету үшін ештеңеден аянып қалмаймыз!
– Әңгімеңізге рақмет! Еңбектеріңізге табыс тілейміз!
Әңгімелескен Сансызбай НҰРБАБА