Сараптама

Аккаунтты бұғаттау. Қауіпсіздік пе, журналистік қызметті шектеу ме?

Бүгінде журналистер үшін ақпарат таратудан бөлек, беделі мен кәсіби абыройын қорғау да күрмеуі қиын мәселеге айналып барады.

Фото: IGF

Оған қоса, цифрлық қысымның сипаты да күрделене түсті. Енді БАҚ өкілдері тек интернет-платформаларының бұғатталуымен ғана емес, өз атынан жалған ақпарат тарататын парақшалармен де күресуге мәжбүр. Мұндай әрекеттер медиа беделіне нұқсан келтіріп қана қоймай, қоғамды жаңылыстырып, ақпарат құралдарына деген сенімді әлсіретері анық.

Соңғы уақытта медиа мамандарының жұмысына кедергі келтіріп жатқан мәселелер Интернетті басқару жөніндегі ұлттық форумда талқыланды. Қазақстанда интернетті реттеуге қатысты бірқатар заң қабылданып, жасанды интеллект саласын заңмен реттеу жұмысы басталды. Қазір Цифрлық кодекс жобасы талқыланып жатыр. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құрылуы да осы саясаттың бір бөлігі. Алайда заң қабылдаумен ғана шектелу цифрлық медиадағы түйткілдердің бәрін шешпейді. Күнделікті қолданып жүрген ірі платформалардың жұмысы әлі де ашық емес. Аккаунт немесе медианың сайты бұғатталса, оның себебін анықтап, шағымдану оңайға соқпайды. Мәселен, Meta платформасына жүгінген кезде кейбір пайдаланушыларға жағдайды толық түсіндіріп беретін жауаптың орнына жалпылама техникалық хабарлама жіберіледі. Сондай-ақ мәселе жеке аккаунттардың бұғатталуымен ғана шектелмейді. Жазбалардың жаппай өшірілуі, сайттар мен Telegram каналдардың көшірмелерінің пайда болуы, жалған аккаунттар арқылы ақпарат тарату және медиа өкілдеріне жасалатын цифрлық қысым да назар аударуды қажет етеді.

Фото: JasAlash/Гүлмира Біржанова

"Құқықтық медиа орталығы" ҚҚ тең құрылтайшысы, "Media Qoldau" құқықтық қызметінің басшысы Гүлмира Біржанованың айтуынша, оған бірнеше танымал қоғам белсенділерінің атынан қоңыраулар түскен. Спикер бұл жағдайлардан цифрлық кеңістікте өзгенің атын жамылып, оның жеке басы мен беделін рұқсатсыз пайдаланудың өзекті мәселеге айналғанын көруге болатынын атап өтті. Бұған қоса белгілі ақпарат құралдарының атауы мен сыртқы дизайнын қайталайтын парақшалар да пайда болған. Г.Біржанованың сөзінше, жуырда ресми медианың бірнеше жалған көшірмесі пайда болып, оларда Азат Перуашевқа қатысты ақпарат тараған. Мұндай әрекеттер тек республикалық деңгейдегі басылымдарға ғана емес, өңірлік медианың да көшірмелері жасалуы мүмкін. Соның салдарынан оқырман жалған ақпаратты редакция жариялады деп ойлап, БАҚ өкілдеріне сенімін жоғалтады. Бұдан бөлек, журналистер мен медиа саласындағы мамандар парақшалар мен контенттің бұғатталуы сияқты цифрлық қысымдарға да ұшырап отыр. 

 "Онлайн-платформалар контентті не себепті бұғаттағанын ашық түсіндіріп, шешімге шағымдану мүмкіндігін беруі қажет. Цифрлық қауіпсіздік пен еркін пікір білдіру құқығының арасындағы тепе-теңдік сақталуы тиіс. Жалған ақпаратпен күресу –  азаматтардың заңды пікірін шектеуге себеп емес. Ал бұғаттау шараларының негізді әрі ашық болуы онлайн-платформаларға деген сенімді нығайтуға ықпал етеді. Мен бұл жағдайға Meta компаниясын біржақты айыптағым келмейді. Бірақ компания құрған экожүйеде осындай осал тұстар да бар. Алаяқтар сол олқылықтарды пайдаланып, авторлық құқықтың бұзылғаны туралы жалған шағымдар жіберуі мүмкін. Соның салдарынан медиа ұйымдар мен журналистер өз аккаунттарынан айырылып, аудиториясымен байланысын жоғалтып жатыр", – дейді Гүлмира Біржанова.

Тағы бір мәселеге цифрлық бопсалауды жатқызуға болады. Оқырманы көп танымал сайтқа немесе медиаға мессенджер арқылы жеке хабарлама келеді. Онда белгілі бір соманы төлемесе, аккаунтына шағым түсіріліп, Meta платформасы оны бұғаттайтыны ескертіледі.

"Бірнеше редакция осындай бопсалауға тап болды. Олардың біріне бопсалаушылар талап еткен ақшаны төлеуге тура келген. Ал бір басылым мәселені өз бетінше зерттеп, бопсалаушыларды анықтаған. Алайда олар Қазақстанда болмай шыққан. Әлбетте, мұндай жағдай бопсалаушыларды жауапкершілікке тарту мәселесін қиындатады. Кейбір редакциялар үшін бопсалаушыларға ақша төлеу аудиториясы мен жарнамадан түсетін табысын жоғалтқаннан тиімдірек болып көрінеді. Себебі парақшаға шағым түсіп, ол бұғатталса, медиа жарнамадан түсетін қомақты кірісінен айырылуы мүмкін. Оны қайта ашу да оңай емес", – дейді сарапшы.

Қазақстандағы әрбір журналист аккаунттарының бұғатталуы, бұзылуы және басқа да цифрлық шабуылдарға тап болады. Бұл – медиа саласындағы киберқауіпсіздік мәселесінің әлі де өзекті екенін көрсетеді.

Жәния Уранқаева, журналист: Платформаларға жіберген шағымдар аяқсыз қалады

Фото: JasAlash/Жәния Уранқаева

Өкінішке қарай, биыл менің парақшам да бұғатталғандар тізіміне енді. 27 шілдеде, яғни сайлау науқаны қыза бастаған тұста, Facebook-тегі парақшамның бұғатталғаны туралы хабарлама алдым. Facebook аккаунттың авторлық құқықты бұзғаны үшін бұғатталғанын айтқанымен, нақты қандай заңбұзушылық болғанын түсіндірмейді. Қандай жазбаға қатысты шағым түскені де белгісіз. Пайдаланушыға тек парақшаның бұғатталғаны туралы ескерту келеді.Әрине, шешімге шағымдануға, яғни апелляция беруге мүмкіндік бар. Бірақ Facebook пен Meta платформаларына тікелей жіберілген шағымдарымыздың нәтижесі бола бермейтінін көріп отырмыз. Қыркүйекте TikTok-тағы парақшам да бұғатталды. Бұл жолы аккаунтым авторлық құқыққа байланысты емес, жалған парақша деп танылғандықтан жабылды. Ең өкініштісі, оны өз аты-жөніммен жүргізіп келген едім. Сол кезде парақшама 47 500 адам жазылған болатын. Аудитория жинаудың қаншалықты қиын екенін медиа саласындағылар жақсы біледі. Сондықтан осынша оқырманы бар парақшадан бір сәтте айырылу оңай емес. TikTok та аккаунтымның біржола бұғатталғанын хабарлады. Апелляция беруге болады, бірақ шағымның қаралуын ұзақ күтуге тура келеді.

23 шілдеде редакцияның Instagram парақшасын бұзып кіруге әрекеттер басталды. Біраз уақыттан кейін әріптесім медиа ұйымның аккаунтын қалпына келтірді. Өз тәжірибем мен әріптестерімнің жағдайына сүйенсем, платформалардың өзіне апелляция жолдау көбіне нәтиже бермейді. WhatsApp пен Facebook-тегі аккаунттарына әлі күнге дейін қол жеткізе алмай жүргендер бар. Неліктен біреулердің парақшасы қалпына келтіріліп, енді біреулерінікі бұғаттаулы күйде қалатыны да түсініксіз. Мұның себептерін тереңірек зерттеу қажет. Мен Facebook пен TikTok-тағы аккаунттарымды қайтара алдым. Алайда бұған платформаларға жіберген шағымдарым емес, журналистерге қолдау көрсететін құқық қорғау ұйымы көмектесті. Көмек алу үшін алдымен журналист екеніңді дәлелдейсің. Ол үшін жарияланған материалдарыңды жинап, жағдайды түсіндіретін өтініш жазасың. Бұған қоса басқа адамдар мен ұйымдар да сенің журналистік қызметпен айналысатыныңды растауы қажет.

Михаил Комиссаров, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің "Талдау және ақпарат орталығы" РМК директоры:

 Өткір материалдар көбірек өшіріледі

Фото: JasAlash/Михаил Комиссаров

Онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты соңғы заңдар 2023-2024 жылдары қабылданды. Ал интернет-ресурстарды бұғаттау тәртібі 2016 жылдан бастап бекітілген. Содан бері қандай жағдайда және қандай негіздермен интернет-ресурстарға қолжетімділік шектелетіні белгіленген. Ал онлайн-платформалармен өзара іс-қимыл орнату жұмыстары шамамен 2017-2018 жылдары басталды. Сол кезде министрлік онлайн-платформалардың әкімшіліктерімен байланыс орнатуға күш салды. Бұл жұмыс онлайн-платформалар туралы заң қабылданбай тұрып жүргізілген еді. Демек, мемлекет пен платформалар арасындағы ынтымақтастықтың негізі шамамен он жыл бұрын қаланды.

Соңғы үш жылда онлайн-платформалардағы заң бұзушылық белгілері бар материалдарды өшіру көрсеткіші екі есе өскен деп айта аламын. Жұмыстың бастапқы кезеңінде платформаларға жіберілген хабарламалар бойынша материалдарды өшіру көрсеткіші шамамен 30 пайыз болған. Бұл көрсеткіш құқық бұзушылықтың санатына және нақты платформаға қарай өзгеріп отырды. Қазір министрлік атынан жолданатын хабарламалар бойынша онлайн-платформалардағы заңға қайшы контенттің орта есеппен 60-70 пайызы өшіріледі. Мониторинг кезінде анықталған заңсыз материалдардың үштен екісі өшіріледі. Бұл жерде бір нәрсені дұрыс түсіну керек. Мұнда халықаралық нормалар мен Қазақстан заңнамасында тыйым салынған контент туралы сөз болып отыр. Олардың қатарына порнография, есірткіні насихаттау мен тарату, интернет-алаяқтық, онлайн-казино және басқа да заңсыз әрекеттер жатады. Ал бүгін сіздер көтеріп отырған медиа саласындағы мәселеге келсек, мұндай мәселенің барын мойындаймын. Дегенмен бұл жағдайларға мемлекеттің қатысы бар деген тұжырым жасалмауы керек деп ойлаймын. Осындай жағдайларға тап болатын журналистер мен медиа ұйымдар көбіне өткір материалдар жариялайды. Олардың жарияланымдары коммерциялық құрылымдардың немесе танымал тұлғалардың мүдделеріне қайшы келуі мүмкін. Мұндай тараптар өздеріне қатысты материалдардың таралуын шектеу үшін шетелдік мамандандырылған компанияларға жүгінуі мүмкін.

Мөлдір Өтегенова, MediaNet халықаралық журналистика орталығының жобалар менеджері:

Қазақстан сөз бостандығы жөніндегі халықаралық рейтингтерде төмендеп келеді

Фото: JasAlash/Мөлдір Өтегенова

Қазір әлеуметтік желілер Қазақстандағы тәуелсіз медианың жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін негізгі, тіпті кей жағдайда жалғыз арнасына айналды. Өйткені медианы ұстау қымбатқа түседі. Ал әлеуметтік желілер арқылы ақпарат таратуға көп уақыт, қаражат пен адам ресурсын жұмсаудың қажеті жоқ. Сондықтан тәуелсіз журналистер мен олардың редакцияларын нысанаға алып, авторлық құқықты бұзу жөнінде жаппай шағым түсіріп жатқаны алаңдатады. Қазақстан сөз бостандығы жөніндегі халықаралық рейтингтерде де жыл сайын төмендеп келеді. "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының 2025 жылғы рейтингінде еліміз 149-орынға тұрақтады. Ұйымның есебінде Қазақстанның бұл көрсеткішке ие болуына ықпал еткен бірқатар фактор көрсетілген.

Мемлекетте жалған ақпарат тарату, порнографиялық контент, экстремизм мен терроризмге қатысты заң талаптары бар. Осы талаптарға сүйене отырып, мемлекеттік органдар ірі платформаларға белгілі бір материалды алып тастау жөнінде өтініш немесе талап жібере алады. Сайт, аккаунт бір-екі күнге бұғатталса да, редакция аудиториясынан, уақытынан айырылады және кәсіби қызметін уақытша тоқтатуға мәжбүр болады. Кейбір медианың тек бір ғана жұмыс алаңы бар. Мәселен, жаңалықтарын тек Instagram арқылы таратады, ал балама платформасы немесе қосымша арнасы жоқ. Мұндай жағдайда бұғаттау редакция жұмысына айтарлықтай зиян келтіреді. Сондықтан контентті өшіру және аккаунтты бұғаттау тәртібі ашық болуы керек. Егер мұндай шешімді мемлекет талап етсе, оның қандай негізде қабылданғаны және шектеудің қаншалықты орынды екені түсіндірілуі қажет.

Контенттерді жаппай өшіру жағдайлары көбіне саяси оқиғалар қарсаңында жиілейді. Мәселен, биыл референдум мен сайлау алдында тәуелсіз медианың кейбір материалдары іріктеп өшірілген жағдайлар болды. Біз осындай қайталанатын жағдайларды бақылап, олардың нәтижесі бойынша есептер дайындап жүрміз.

Маржан Сәбет                                                                 

Сайт Әкімшілігі