Әкімдіктегі аудиожазбаны жариялаған журналист Аруна Ортай 15 тәулікке қамалды
Алматыда Көкжайлаудағы құрылысқа қарсы шығып жүрген журналист Аруна Ортай 15 тәулікке қамалды. Бұған дейін ол әлеуметтік желіде Алматы әкімдігіндегі жабық жиынға тиесілі делінген аудиожазбаларды жариялаған.
29 тамызда А. Ортайдың үйінде тінту жүргізіліп, кейін ол Алматы қалалық полиция департаментіне жеткізілген. Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының мәліметінше, белсендіге Қылмыстық кодекстің 148-бабы – хат жазысу, телефон арқылы сөйлесу және өзге де хабарлар құпиясын заңсыз бұзу бойынша «қорғалуға құқығы бар куәгер» мәртебесі берілген.
15 тәулікке әкімшілік қамау Ортайға полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбады деген негізбен тағайындалған. Ал аудиожазбаның таралуына байланысты бөлек қылмыстық іс қозғалған.
Ортаева жариялаған жазбаларда Алматы әкімдігінің қызметкерлері мен Almaty SuperSki жобасына қатысы бар тұлғалар болуы мүмкін адамдар Көкжайлаудағы жол құрылысы кезінде кесілетін ағаштар мәселесін талқылайды. Жазбада жолдың «қызыл сызығына» 2010 ағаш түсетіні, оның шамамен 700-і Қызыл кітапқа енген ағаштар екені айтылады. Сондай-ақ қоғамдық тыңдауды өткізу тәртібі де сөз болған.
Аудиожазбаның түпнұсқалығы мен онда сөз сөйлеген адамдардың кім екені ресми түрде расталған жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Аруна Ортай «Жас Алашқа» Көкжайлаудағы құрылысқа қатысты пікір білдірген еді. Ол Almaty SuperSki жобасының бұрынғы Көкжайлау жобасынан айтарлықтай айырмашылығы жоқ екенін айтып, жоба авторлары президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тау туризмін дамыту жөніндегі тапсырмасын бұрмалап отыр деп мәлімдеген. Сондай-ақ белсенді Президент әкімшілігіне 2019 жылы Тоқаевтың Көкжайлауда тау шаңғысы курортын салуға тыйым салған тапсырмасының күшін жоятын ресми құжатты көрсету туралы сауал жолдағанын айтқан еді.