Қоғам

Әкімдіктер талапкерлерге 2,5 мыңға жуық грант бөлді

2024-2025 оқу жылына жергілікті атқарушы органдардан конкурстық негізде мемлекеттік білім беру грантына өтініштерді қабылдау басталды.

Фото: ortkom

Әкімдіктер жыл сайын басым мамандықтар бойынша нысаналы даярлыққа гранттар бөледі. Биыл жергілікті атқарушы органдар 2475 білім беру гранттарын бөлген. 

Атап өтетін болсақ, 858 грантты елорда әкімдігі бөліп отыр. Бұл – әкімдіктер арасындағы ең үлкен көрсеткіш. Одан кейінгі орында Шығыс Қазақстан облысы – 270 грант, Абай облысы – 200 грант, Маңғыстау облысы – 175 грант, Ақмола облысы – 160 грант және Жетісу мен Қызылорда облысы – 100 грант, қалған аймақтар 100-ден аз грант бөлген.

Білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін үміткер жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясына өтініш беру қажет. Сондай-ақ ЖОО-ға білімі туралы құжат, ҰБТ сертификатын, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін, жеңілдік санатын растайтын құжаттарды (бар болған жағдайда) тапсырады.

Құжаттарды қабылдау мерзімі туралы ақпаратты әкімдіктерден, сондай-ақ жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан алуға болады. Грант беру туралы шешімді әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызда аяқталады.

Nurbike Beksultan