Қоғам

Ақмола облысында алтынды заңсыз өндірумен айналысқан жасырын цех анықталды

Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен Шортанды ауданы аумағында бағалы металдарды заңсыз өндірумен айналысқан адамдар тобының қызметін тоқтатты.

Фото: из открытых источников

Жедел-іздестіру шаралары барысында құрамында алтыны бар кенді өңдеуге және бағалы металдарды бөліп алуға арналған жасырын цех анықталды.

Кенді ұсақтауға және балқытуға арналған жабдық, салмағы 446 грамм алтын құймасы, 4 тонна алтын құрамды материал, 6 келі сынап, сондай-ақ 2 млн теңгеден астам және 8 мың АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай қаражат тәркіленді. Тінту барысында қару мен оқ-дәрілер табылды.

Қазіргі уақытта заңсыз қызметке қатысы бар барлық тұлғалар, сондай-ақ заңсыз өндірілген бағалы металдардың көлемі анықталуда. Ұйымдастырушы қамауға алынды. Тергеу жалғасуда.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Сайт Әкімшілігі