Оқиғалар

Ақмола облысында аңшының оғынан 64 жастағы ер адам көз жұмды

Ақмола облысында аңшылық кезінде қарудан оқ атылып, 64 жастағы ер адам қаза тапты.

Фото: әлеуметтік желіден

Оқиға 6 қыркүйек таңертең Қызылтан ауылының маңында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, алты адам елік аулауға шыққан. Аңды қаумалау кезінде аңшылардың бірі алда, екіншісі оның артында жүрген. Сол сәтте қарулы аңшы артқа қарай оқ атқан. Оқ артында келе жатқан 64 жастағы ер адамға тиіп, ол алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.

Полицияның мәліметінше, аңшылық тиісті рұқсаттар мен жолдамалар негізінде жүргізілген. Топ құрамында аңшылар, қорықшы, қаумалаушы және аңшылыққа қатыспаған тағы бір адам болған.

Құқық қорғау органдарының алдын ала нұсқасы бойынша, Көкшетау тұрғынына тиесілі аңшылық мылтықтан оқ кездейсоқ атылған.

Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қару иесі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оқтың қалай атылғаны және аңшылыққа қатысқан адамдардың әрекеті анықталып жатыр.

Сайт Әкімшілігі