Қоғам

Ақмола облысында сүт зауытында газ қоспасы жарылып, екі адам зардап шекті

Ақмола облысының Жібек жолы ауылында орналасқан сүт зауытында газ қоспасы жарылып, екі адам зардап шекті.

Pixabay

Ақмола облыстық Полиция департаменті таратқан мәліметке сәйкес, зардап шеккендер түрлі дәрежедегі күйік жарақаттарымен Астана қаласындағы №1 қалалық ауруханаға жеткізілген.

Дәрігерлердің бағалауынша, 1985 жылы туған ер адамның денесінің шамамен 30 пайызы күйген. Ал 1988 жылы туған екінші азаматты 7 пайыз күйік шалған.

Төтенше жағдайлар департаменті оқиғаның себебі ретінде газ-ауа қоспасының атылуын атады. Мамандардың түсіндіруінше, «жарылыс» пен «атылу» ұғымдарының айырмашылығы бар.

«Жарылыс кезінде ғимарат қабырғалары қирап, нысан бұзылады, ал атылу кезінде соққы әлсіз болып, негізгі конструкцияларға зақым келмейді. Бұл жағдайда атылудан кейін өрт шықпаған, сондықтан ТЖД күштері мен құралдары тартылмаған», – деп мәлімдеді министрлік өкілдері.

Қазіргі таңда аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сайт Әкімшілігі