Ақпарат көп, ақиқат аз: қалың қалай, қазақ журналистикасы?
Ақпарат ағыны толассыз ағылған заманда журналистиканың тағдыры мен қоғамдағы орны бұрынғыдан да өзектілене түсті.
Кезінде жұртшылық үшін ақиқаттың басты мінбері болған ақпарат құралдары бүгінде үлкен өзгерістер кезеңін өткеріп жатыр. Бұрын бір жаңалықты жариялау үшін редакцияның сүзгісінен өтетін ақпарат қазір санаулы секундта әлеуметтік желі арқылы миллиондаған адамға жетеді. Осындай жағдайда «Кәсіби журналистиканың қоғам алдындағы миссиясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі қойыла бастады.
Қазақ журналистикасы бүгінде қай бағытқа бет алды? Оның ең үлкен мәселесі қаржы ма, кадр ма, әлде сенім дағдарысы ма? Сөз бостандығының деңгейі, журналистің жауапкершілігі мен кәсіби еркіндігі қаншалықты қамтамасыз етілген. Осы және өзге де маңызды сұрақтарға жауап іздеу үшін медиа саласының бүгінгі ахуалы мен келешегіне қатысты жайттарға журналистермен бірге тереңірек үңіліп көрдік.
Қайнар Олжай, ардагер журналист: Журналистің баспасөз хатшы қызметіне барғанына қарсымын
1990 жылдарға қарағанда Қазақстан журналистикасының орны нығайып, кеңістігі кеңейді. Ол кезде орыстілді журналистика басым болды, қоғамдық пікірдің негізі солардың жазғанына қарай ойысты. Ал кейін заман өзгеріп, қазақ журналистикасы алдыңғы шепке шықты. Бір байқағаным, қазір орыс тілінде жазатындар өздері аудармаса да, жасанды интеллекттің көмегімен қазақ тілінде ақпарат беретін болды. Бұл – бірінші құбылыс. Бірақ мұндай жағдайда қазақ журналистикасы күшеюі керек еді. Себебі республикадағы, шетелдегі оқырман тарапынан сұраныс көбейді. Өкініштісі, тура сол шақта сауатты жазатын журналистер азайып кетті, кейбірін үкімет құрылымдары баспасөз хатшылығына тартып алды. Өз басым мықты журналистің баспасөз хатшы қызметіне барғанына қарсымын. Ал депутат болып, билікке қызмет етіп кеткендер туралы әңгіме бөлек. Мұның бәрі қазақ журналистикасына кәдімгідей соққы. Мәселен, Мақсат Толықбай, Нартай Аралбайұлы сияқты жігіттерге депутат болып не керек? Жарайды, Ермұрат Бапиды түсінемін. Жасы келді, еңбегі сіңді, айтарын айтып, жазарын жазды. Демек, ол қоғамды өзгертуге бір кісідей атсалысты. Ал қалғандары әшейін депутат деген атқа қызығып барғандай көрінеді. Халыққа олардың депутаттығынан гөрі журналистігі анағұрлым пайдалы болар еді. 300 депутаттың қатарында болғанша, алдыңғы шептегі 10 журналистің ішінде жүрмей ме?
Үшінші мәселе – қазір кейбір журналистер әлеуметтік желіге байланған. Демек, сайт пен басылымда тіркелген журналист әлеуметтік желіге шықса, өз атынан жариялайды. Мысалы, газетке мақала жазып, оны желіге салсаң, ақпарат құралдарының әлеуметтік желідегі бір көрінісі. Ал журналистиканы оқымаған, еш БАҚ-та тіркелмеген адамның парақшасы мүлдем бөлек. Оны сауат, стиль жағынан ажырату қиын емес. Бұл жерде әңгіме өзектілікке келіп ойысады. Журналист алдымен жазғанын өз басылымына жариялайды. Ал өзін блогер санайтындар әлеуметтік желіге сол мезетте салады. Сөйтіп, кейде жылдамдық жағынан ұтылып жатады. Ендігі дүние айтатын ойға қатысты болуы керек. Ой неғұрлым салмақты, қоғамға өзекті болса, сонда ғана оқырман мен көрерменді ұстап қаламыз. Бізге көп газет керек болмауы мүмкін, бірақ қалай да газет керек! Себебі әлеуметтік желі, сайт өшіп қалса, жазғаныңды қайдан табасың? Ал газетке жарияланған дүние кез келген кітапханада сақтаулы тұр. Сондықтан газет 20-30 жылдан кейін де қажет.
Шын мәнінде, қазақта «Саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған» деген мақал бар. Дәл қазіргі жағдайда мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейтіндер осыған тап болып отыр. Әрине, мемлекеттік тапсырыс болмаса, көптеген газет пен сайт жабылып қалар еді. Газет сатудан зор пайдаға кенелген басылым жоқ. Шығынды ақтамайды. Екінші, оқылымды ақылы етіп қою. Мұны кейбір сайттар ұтымды пайдаланды. Бірақ жұрт тегін дүниеге үйреніп қалған.
Үшіншісі – жарнама. Оның өзі кейде бар, кейде жоқ. Демек, қазақ тіліндегі сапалы газет пен сайттарды сақтап қалу үшін мемлекеттің қолдауынан басқа жол жоқ. Бір өкініштісі, тапсырысты орындау барысында сыни материалдарға назар аудармайды. Тапсырысты тек мақтау деп түсінеді.
Егер ақпарат саласын басқарсам, дәл сыни материалдарға тапсырыс берер едім. Мақтау-мадақтау өсірмейді, өшіреді. Сондықтан мемлекеттік тапсырыс аясындағы материалдың 50 пайызын министр, әкімдердің жұмысына арнаса, қалғанын қоғамдағы олқылықтарды сынайтын материалдарға беру керек. Сонда журналистика да, қоғам да дамиды. Сынамаған қоғамда өмір сүріп келдік қой, пайдасы қайсы? Ұлт дамуы үшін сынау керек. Бірақ бізде біреу сынаса, аттандап шығамыз. Жоқ, сынға төзімділікпен қарау қажет. Ақын
Қадыр Мырза-Әлі: «Балам, озық өрен бол, Қыз көзіндей терең бол.
Даттады ма құлақ сал, Мақтады ма керең бол! Есте ұстар нәрсе – бұл...» деп өлең жазды. Бізге осы ұстаным керек!
Ермұрат Бапи, журналист, Мәжіліс депутаты: Емен есіктегілердің тілі қазақшаланса, қазақтілді медиа төрге шығады
Бүгінгі қазақ журналистикасының беталысы әлемдік өркениет көшінен өзгеше болып кеткен жоқ. Жалпы, журналистика әдебиет емес, мұнда құбылыс жасау немесе «Америка ашу» мүмкіндігі шектеулі. Батыс пен Еуропа жүріп өткен жолмен, бірақ 10-15 жыл кешігумен жүріп келеміз.
Ал «Не жетіспейді, неден кенже қалдық?» дегенде, журналистиканы елдегі мемлекеттік саясаттан бөліп алып, оны бір бөлек қоғамдық-әлеуметтік сала ретінде қарастыра алмаймыз. Біз – тәуелсіздік дәуірімен салыстыратын болсақ, соңғы 30 жылдан бергі стагнациядан кейінгі саяси және саналық транспарация үстіндегі елміз. Мемлекеттің дамуы заман талабына сәйкес, жаңа идеологиялық платформаға көшу барысында және геосаяси әлем жаңа саяси құбылыстар мен тәуекелдерге тап болған кезде, біз қоғамдық журналистиканың ажырамас бөлігі саналатын демократиялық қатынастарды қолмен басқару режимін бастан кешіруге мәжбүрміз. Бүгінгі жағдайда бізге басқалай альтернатива таңдау мүмкіндігі жоқ. Яғни масс-медиа мемлекеттік саясат белгілеген биіктіктен жоғарыға секіріп кете алмайды. Бұл қалыптасқан жағдайды біз журналистика кәсібінің иесі ретінде ғана емес, азаматтық жауапкершілікпен түсіне білуіміз керек!
Ал «Әлеуметтік желінің соңына еріп кеткен жоқпыз ба?» дегенге келсек, бұны технологиялық прогрестің саналық әсері ретінде қабылдауымыз керек. Кезінде теледидар пайда болғанда, баспасөзді тегістей тележәшік жұтып қоятындай көрінген. Кейіннен веб-сайттар пайда болғанда, ендігі журнализм интернет әлемге көшіп кетеді деп ойладық. Енді, міне, әлеуметтік ресурстар қарқындап дамып жатқан бүгінгі күнде медиа онлайн аспанға көшіп кететіндей көрінеді. Сондықтан бірте-бірте әлеуметтік желілер масс-медианың бір саласы болып қалады деп ойлаймын. Одан қорқатын түгі жоқ!
Ал қазақтілді медианың жағдайы қазақ тіліне байланысты дамиды. Қашан емен есікті кабинеттегілердің қазынашылық тілі қазақша болады, сол кезде қазақтілді медиа төрге шығады. Сол кезде қаржы да, контент те, жарнама да болады. Бірақ ол кезге жетер күн алыс емес деп ойлаймын. Ең бастысы, сол күнде баласы орыстілді қазақты аяймын.
Қазыбек Иса, ақын, журналист, Мәжіліс депутаты: Қазақ журналистикасында қаржыдан басқаның бәрі бар
Еліміз Тәуелсіздік алған қиын кездерден бері қазақ басылымдары ұлттық партияның рөлін атқарып келеді. Қандай қиындық көрсе де, қазақ журналистері ұлттық мүддені қорғау жолында жалаңаяқ, жалаңбас болса да, жалаңтөс жанкештіліктен танған емес! Мемлекеттің рухани іргетасын қалауда қазақ баспасөзінің рөлі өте зор.
Әрине, бүгінде қалың оқырманды тарту мәселесінде әлеуметтік желінің ел қарату әдістерін пайдалану бар. Бірақ әлеуметтік желінің де әртүрлісі бар екенін ұмытпайық. Ұлттық мүддені қорғап отырған авторлар бар, өз оқырмандары бар. Қазақтілді медианың басты мәселесі – қаржы. Өйткені қазақтілді медиада қаржыдан басқаның бәрі бар! Қазақтілді контент күннен-күнге күшейіп келеді және ол күшейе береді. Кадр жетеді, құдайға шүкір. Тек барлығы қаржыға байланысты. Қаржы болса, кадр да болады, контент те болады.
Алайда 2020 жылғы ғаламдық пандемия өзі де таралуы мәз емес қазақ басылымдарына өте ауыр тиді. «Қазпоштаның» қымбат және сапасыз қызметінен бас тартқан көптеген қазақ газеттері, мысалы, «Дат», «Қазақ үні» және тағы басқа жеке таратушылармен жұмыс істеп, шамалары келгенше ұжымдық жазылым жасаған мекемелерге тікелей өздері жеткізіп беріп жүретін. Пандемия кезінде транспортқа шектеу қойылған кезеңде қазақ басылымдарының таралымы бірнеше есеге күрт төмен түсіп кетті. Оның үстіне Алматы, Астана қалаларындағы қазақ газеттерін сататын киоскілер жау тигендей жойылды. Алматы қаласында қайбір жылы 264 киоск жойылып, қазақ газеттері мыңдаған тираждан айырылғанын білеміз. Иә, «Жұт жеті ағайынды» дегендей, осындай қазақ газеттерінің таралымын шектеу мақсатында қолдан жасалған кедергілер мен пандемияның салдарынан таралымдары бірнеше есе түсіп кеткен қазақ газеттері содан бері қайта көтеріле алмай келеді.
Соған қарамастан, Қазақстанда сөз бостандығы бар. Өйткені әлеуметтік желілер арқылы, тәуелсіз медиалар арқылы барлығы айтылып келеді. Тәуелсіз медиада айтуға болмайды дейтін, шектеу қойылған тақырыптар жоқ. Резонансты ақпараттарды ең алдымен тәуелсіз медиалар жеткізеді. Бұл жағынан мемлекеттік баспасөздің шұғыл әрекет етуі шектеулі. Сондықтан да оқырманның тәуелсіз медиаға бүйрегі бұрып тұрады.
Ал қарапайым халық сол блогерлерді журналистермен шатастырып жүр. «Қазақ журналистикасы», «қазақ журналисі» деген қасиетті мамандық иелерін блогерлер деңгейіне түсіруге болмайды. Кез келген өз қадірін білетін қазақ журналисі өзіне «блогер» деген атауды қорлық көреді. Өйткені бүгінгі әлеуметтік желілердің шуы мен шаңы сондай жағдайға жеткізді. Олардың көбісі сауатсыз әрі жауапсыз. Атын жаза алмаса да, атын шығару үшін жер өртеуге дайын блогерлер көп. Олардың ішінде бопсалаумен ұсталып жатқандары да аз емес...
Мәдениет және ақпарат министрлігі қазақ газеттерін далада қалдырған жоқ. Мәжілісте «Масс-медиа туралы» заң қабылдағанда қазақ газеттерін қолдау жөнінде заңдық тетіктер жасап, енгізуге тырыстық. Бірақ кітапханалар арқылы жазылу тұрақты қаржыландыру көзі және тұрақты таралым болар еді.
Қазір 11 мың кітапхананың әрқайсысы жетекші қазақ газеттерін жаздырып алатын болса, кемінде 10 мың таралымы бар басылымдар ханға сәлем бермес еді. Сонда әкімдерге де, ешкімге де тәуелді болып, ешкімнің сөзін сөйлемей, ақиқаттың ақ туын көтеріп, ұлттық мүддемізді қорғап, қолдап отырар еді.
Өңірлік басылымдардың жағдайы қиын қазір. Аудандық газеттердің бәрі сатылып кетті. Ол кімдердің қолына тиді? Газеттен, жалпы руханияттан хабары бар азаматтар иелік етсе жақсы, ал тек қалтасы қалың, патриоттықтан жұрдай пайдакештердің қолына тисе ше? Газетке, әсіресе қазақ басылымдарына өз күнін өзі көруі тиіс деп қарамау керек. Қазақ газеттеріне бизнес емес, саясат, идеология құралы деп қарау керек.
Арман Сқабылұлы, журналист: «Мен» дейтін журналистердің өзі әлеуметтік желінің стиліне бейімделіп алды
Қазір журналистика әлеуметтік желінің соңынан еріп кеткен сияқты. Бізге әлеуметтік желі 2010 жылдары келді. Сонда кәсіби журналистің көбі осында тоқайласты. Алғашқы кезде қазір айтылып жүргендей ағартушылық қызмет жасаған шығармыз. Расында да, ол кезде журналистердің жазғанын оқып, астына сауатты пікір жазып отырдық. Бүгінгідей шұқылап, тиісу жоқ еді. Жасыратыны жоқ, әу баста әлеуметтік желі бізге де ұнады. Кейбірінің жазылушы саны артып, «жұлдыз» болып кетті. Тіпті жазған-сызғанымызды интернет сайттары көшіріп басты. Басқаны білмеймін, бір күні өзім әлеуметтік желіде шамадан тыс көп отырғаннан кейін журналистикадан алыстап, жазу қабілетім төмен деңгейге түсіп бара жатқанын байқай бастадым. Пікір алмасуға келгенде әркіммен сөзге келесің. Мұның бәрі жүйкеңе де тиеді. Әлеуметтік желі – журналистиканы құртып барады. Бұл өзара есеп айырылысатын, біреудің ар-намысына тиетін ортаға айналып кетті. Бес жылдай болды, қазір тек оқығаным болмаса, ештеңе жазбауға тырысамын.
Бүгінде кәсіби журналист те, блогер де әлеуметтік желінің деңгейіне түсті. Қазір кімнің кім екенін ажырата алмайсың. Ал жалпы журналистиканың беталысына көңілім толмайды. Журналистерді дайындайтын факультеттің ең негізгісі ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Л.Гумилев атындағы Еуразия университеті аталады ғой. Бұлар соңғы заманға ілесетін журналистерді дайындауға талаптанып келеді. Бірақ жасанды интеллект дамыған кезеңде қуып жету қиындау. Алайда бүгінгі жастардың жазу деңгейі әлсіз. Қазір бетке ұстарлық басылымның өзінде тұшымды дүние жазатын журналист қалмады. Бұл да бір өтпелі кезең шығар. Әлеуметтік желінің соңынан еріп кеттік дегенім сол. Сондағы жазбаны аңдып, көшіріп басып, күн көріп отырғандар бар. Ал оны жазғандар стилі жоқ, кәсіби емес қолданушылар емес пе?
Қазір бізде сайт көп. Өкініштісі, соның ішінде сараптама жазатын салалық сайт жоқ. Тек танымал адамдардың жүріп-тұрғанын ғана салып отырады. Бұл журналистика ма?! Демек, кәсіби журналист азайды, болғанның өзінде қаралым жинайтын жеңіл-желпі дүниеге ойысып кетті. «Мен» дейтін журналистердің өзі әлеуметтік желінің стиліне бейімделіп алды.
Қазақтілді басылымды құтқаратыны – жарнама, демеуші. Шындығында, жарнаманың өзі әлі күнге дейін қазақ ақпарат құралдарына бұрыла қойған жоқ. Баяғыдан бері орыстілді басылымға кетіп жатыр. Бір кезде қазақтілді басылымға да жарнама беруді міндеттеу туралы сөз болған. Бірақ бұл заңнамалық құжаттарға енген жоқ.
Есенгүл Кәпқызы, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі: Құқықтық, қаржылық ресурс берілсе, журналистика дамиды
Қазіргі журналистиканың деңгейі туралы екіұшты пікір айтуға болады. Бір жағынан, өсім бар сияқты. Алға жылжу бар. Тілді, жаңа медиа құралдарын білетін журналистер өсіп келеді. Екіншіден, жақында ғана тәуелсіз байқаудың қазылар алқасында мүше болдым. Келіп түскен материалдарды оқып, қатты қынжылдым. Тіпті кейбірі баспасөз релизінен жаза салып, байқауға жібере салған. Бұл жерде мынандай мәселе бар. 20-30 жыл журналистикада жүріп, әлі күнге кәсіптік принципті түсінбейтіндер көп. Бейтараптық пен пікір тепе-теңдігін ұстану, ізденіс пен зерттеу жасау дегенге терең бойламайды. Қазір қазақтілді журналистердің біліктілігін арттыратын семинар-тренингтер азайып кетті. Жаңа медиа технологияны қолдану, оның мүмкіндігін пайдалану кемшін. Жасанды интеллекттің дүниесін өзіне теліп алатындар көп. Демек, бүгінгі қазақ журналистикасының басты мәселесі – қаржы, кадр, мақала сапасы.
Бұл үшеуі бір-бірімен тығыз байланысты және сапалы журналистикаға әсер ететін ресурстар. Қаржылай тәуелсіз болмаған соң еркіндік азаяды. Әрбірден соң редакциялық саясат шектеледі. Болашақта бұл журналистің өзін-өзі цензуралауына әкеледі. Журналистикада «үнсіздік спиралы» деген термин бар. Журналистер жалпыға ортақ пікірден немесе ресми позициядан алшақтамауға тырысады. Яғни нақты жағдайды ашық бағалауға кедергі келтіреді. Әрине, бұл мақаланың сапасына кері әсер етіп, кадр мәселесін туындатады. Сондықтан сөз бостандығының деңгейін көбінесе жүйеден тыс жұмыс істейтін тәуелсіз медиа өкілдері шынайы бағалай алады.
Журналистерді жазалауға келгенде 274, 131 бап әртүрлі қолданылады. Мәселен, билік төңірегінде жүрген журналистерге кешіріммен қарайды, ал екінші тарапта жүргендерге басқаша көзқарас ұстанады. Мәселе, рұқсат етілген шекараның тарлығында жатыр. Бізге титтей болса да құқықтық, қаржылық ресурс берілсе, журналистика алға дамиды. Өкініштісі, құқықтық шектеу мықтап қойылған. Соңғы жылдары кәсіби міндетін атқару барысында қудаланған, жазаланған, қамалған журналистер саны артқаны сондықтан.
Бүгінде шынайылық пен ресми ақпараттың алшақтығы басым. Дәстүрлі медианың ішіндегі мемлекеттік органдардың ақпарат құралдары жылтыр жаңалықты берумен шектеледі.
Ал тәуелсіз журналистер мен блогерлер халықты толғандыратын экономикалық-әлеуметтік мәселелерді жазғанмен, оған ресурсы жетпейді. Осы тұрғыдан алғанда, әлеуметтік желіге жарияланған ақпарат жылдам тарайды. Себебі блогерлердің оқырманы көп. Есесіне, жұрттың назары елең етерлік жаңалыққа ауып, нақты, шынайы ақпарат тасада қалып қояды.
Тәуелсіз медиа мен блогерлер аудиторияға дәстүрлі БАҚ бере алмаған жылдамдық пен ішінара батылдықты беріп отыр. Содан ба, дәстүрлі медиаға деген сұраныс та, сенім де аз. Оның үстіне мемлекеттік тапсырыс аясында күн көріп келе жатқандары бар. Бұл біздің ел ойлап тапқан дүние емес, бүкіл әлемде бар тәжірибе. Бірақ олар мақаланың сапасына араласпайды, бізде керісінше.
Соңғы кезде редакциялар ЖИ-ді көмекші құрал ретінде ғана қолданбайды. ЖИ туралы заң аясында әр редакция өзінің ЖИ саясатын жасау керек. Болашақта ЖИ журналистік қызметке қалай әсер етеді? Журналист мәтін құрылымын жасау үшін ЖИ-ге тапсырма береді. Мақаланың сапасын, дерегін тексеріп, жаңаша сипат қосады. Бұл қазақтілді контенттің ЖИ тұрғысынан дамуына ықпал етеді. Алайда ЖИ – адам емес. Бәрібір ой еңбегінің құны артады. Бірақ ЖИ ауқымды зерттеуден анализ жасауға, дерек табуға көмектеседі.
Динара Мыңжасарқызы