Әлеумет

АҚШ азаматтарын Ираннан шұғыл кетуге шақырды

АҚШ Мемлекеттік департаменті өз азаматтарына Иран аумағынан мүмкіндігінше тез арада кетуге шақырды.

Фото: ашық дереккөз

 Бұл туралы Anadolu Ajansı хабарлады.

Хабарламада Иранның әуе кеңістігінің ішінара ашылып, шектеулі көлемде әуе қатынасының қайта жанданғаны айтылған.

Бұл туралы АҚШ-тың Тегерандағы виртуалды елшілігі жариялаған қауіпсіздік ескертпесінде көрсетілген.

21 сәуірдегі жағдай бойынша Иранның әуе кеңістігі жартылай ашылып, бірқатар рейстердің қайта іске қосылуына мүмкіндік берді. Осыған байланысты АҚШ азаматтарына елден дереу шығу ұсынылды.

Сондай-ақ оларға жергілікті ақпарат құралдарын тұрақты бақылап, әуе компанияларынан қолжетімді рейстер туралы мәліметті нақтылап отыру кеңес етілген.

Бұдан бөлек, АҚШ Мемлекеттік департаменті Ираннан шығудың балама бағыттарын да атады. Олардың қатарында Армения, Әзербайжан, Турция және Түрікменстан арқылы құрлық жолымен шығу мүмкіндігі бар.

Құжатта сондай-ақ азаматтарға Ауғанстан, Ирак және Пәкістанмен шекаралас аймақтарға бармау жөнінде ескерту жасалған.

Бұған дейін Иранның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Амир-Саид Иравани АҚШ-пен жаңа келіссөздер тек америкалық блокада тоқтатылған жағдайда ғана мүмкін болатынын мәлімдеген еді. Ол Вашингтонды «бітімді бұзды» деп айыптады.

Еске салсақ, Исламабадта өткен келіссөздердің алғашқы кезеңі нәтижесіз аяқталып, Иран мен АҚШ соғысты тоқтату жөнінде ортақ мәмілеге келе алмаған.

Ал бұған дейін Дональд Трамп Иранмен арадағы уақытша бітімді ұзартқан болатын.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: АҚШ Иран Иран