АҚШ бір айдан кейін алғаш рет Иранға соққы жасады
АҚШ Қарулы күштері 30 тамызда Ормуз бұғазындағы Ларек аралында орналасқан Иранның екі зымыран қондырғысына соққы жасады.
Бұл туралы CBS News пен Axios хабарлады. Бұл – АҚШ-тың шілде айының соңынан бері Иран аумағына жасаған алғашқы соққысы.
АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) мәліметінше, Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы Ормуз бұғазына теңіз миналарын жеткізетін зымырандарды ұшыруға дайындалған.
CENTCOM өкілі Тим Хокинс өткен аптада америкалық әскерилер Ормуз бұғазы арқылы өтетін сауда жолдарын минадан тазарту жұмыстарын аяқтағанын еске салды.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранға мина тастайтын кез келген кеме немесе өзге де жүзу құралы «дереу әрі жүйелі түрде жойылатынын» ескерткен.
Иран жауап қайтаратынын мәлімдеді
Ларек аралы Иран жағалауынан бірнеше теңіз милі қашықтықта орналасқан. АҚШ соққысынан кейін Ислам революциясы сақшылар корпусы Вашингтонның бұл әрекеті үшін «экономикалық та, әскери де майданда жауап беретінін» мәлімдеді.
Иранның ИРСК-ке жақын Tasnim агенттігінің хабарлауынша, шабуыл дрон арқылы жасалған. Соққы салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екі адам жараланған.
Арада бірнеше сағат өткен соң Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы Иордания аумағындағы АҚШ-тың екі әскери базасына зымыранмен соққы жасағанын хабарлады. Иран тарапының мәліметінше, техникалық инфрақұрылым нысандары, қызмет көрсету пункттері және жойғыш ұшақтар орналасқан позициялар нысанаға алынған.
Ал Иордания армиясы елдің әуе кеңістігін бұзған сегіз зымыранның атып түсірілгенін мәлімдеді.
Келіссөздерде ілгерілеу жоқ
АҚШ шілде айының соңынан бері Иранға соққы жасамаған еді. Дональд Трамп мұны Тегеранмен Ормуз бұғазының болашағы, санкциялар және Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздерді жалғастыру ниетімен түсіндірген.
Алайда келіссөздерде айтарлықтай ілгерілеу болмаған соң Трамп Иранға қарсы «экономикалық соғыс» жариялады. АҚШ Қаржы министрлігі бірқатар компаниялар мен жеке тұлғаларға санкция енгізгенімен, Тегеранның негізгі табыс көздерін шектейтін ауқымды шаралар әзірге қабылданған жоқ.
Ормуз бұғазы әлемдік мұнай тасымалы үшін аса маңызды бағыт саналады. Қазір бұғазды бақылауға Иран да, АҚШ та таласып отыр.