Саясат

АҚШ Иран портына бет алған сауда кемесіне соққы жасады

АҚШ Қарулы күштері Иранға енгізілген блокаданы бұзып, ел порттарының біріне өтуге әрекеттенген Панама туы астындағы жүк кемесіне зымыранмен соққы жасады.

Фото: Getty images

 Бұл туралы 11 тамызда АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) хабарлады.

CENTCOM мәліметінше, M/V Vela Nova жүк кемесі Оман шығанағы арқылы атауы аталмаған Иран портына бет алған. АҚШ әскері экипажға бірнеше рет ескерту жасағанымен, кеме бағытын өзгертпеген.

Осыдан кейін АҚШ Әскери-теңіз күштерінің MH-60 тікұшағы Vela Nova кемесінің машина бөліміне екі Hellfire зымыранын атқан. Соққы салдарынан кеменің басқару жүйесі істен шыққан.

АҚШ әскерінің дерегінше, 11 тамызға дейін Орталық қолбасшылық блокаданы бұзуға әрекеттенген 55 коммерциялық кеменің бағытын өзгерткен. Тағы үш кеме істен шығарылып, екеуіне АҚШ әскері мінген.

VesselFinder мәліметі бойынша, Vela Nova контейнер тасымалдаушысының орналасқан жері туралы соңғы ақпарат 6 тамызда тіркелген. Ол кезде кеме Үндістанның Нава-Шева портында болған.

Трамп: Ормуз бұғазын толық бақылауда ұстап отырмыз

АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон Ормуз бұғазын толық бақылауға алғанын мәлімдеді.

«Иранға қатысты жағдай өте жақсы жүріп жатыр. Біз Ормуз бұғазын толық бақылауда ұстап отырмыз», – деді Трамп журналистерге. Ол Тегеранға сенбейтінін де атап өтті.

АҚШ президентінің сөзінше, егер Иран қандай да бір әрекетке барса, оған соққы жасалады.

Бұған дейін Иран билігі Ормуз бұғазын кеме қатынасына қайта ашу үшін АҚШ-қа жаңа талаптар қойған. Олардың қатарында соғыс үшін өтемақы төлеу және санкцияларды алып тастау бар.

Сайт Әкімшілігі