Әлеумет

АҚШ Иранға қайтадан соққы жасады: Трамп жеке бұйрық берді

АҚШ әскері Ирандағы нысандарға қарсы жаңа әскери операция бастағанын мәлімдеді.

Фото: Atta Kenare/AFP/Getty Images

АҚШ-тың Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) хабарлауынша, операцияның мақсаты – Иранның Ормуз бұғазы арқылы өтетін халықаралық кеме қатынасына кедергі келтіру мүмкіндігін шектеу.

Ақ үйдің мәліметінше, әуе соққыларына қатысты бұйрықты АҚШ президенті Дональд Трамп жеке өзі берген. Әзірге шабуыл жасалған нақты нысандар туралы толық ақпарат жарияланған жоқ.

Бұған дейін CENTCOM Иран аумағындағы 80-нен астам нысанға соққы жасалғанын хабарлаған. АҚШ әскері олардың қатарында әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері, басқару және байланыс желілері, жағалаудағы радиолокациялық станциялар, кемеге қарсы зымыран кешендері және Ислам революциясы сақшылар корпусы пайдаланған 60-тан астам катер болғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар Вашингтон екі апта бұрын ғана тоқтатылған Иран мұнайына қатысты санкцияларды қайта күшіне енгізді.

Өз кезегінде Иран АҚШ-ты Ормуз бұғазындағы еркін кеме қатынасы жөніндегі меморандумның талаптарын бұзды деп айыптады. Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Исмаил Бағаи АҚШ-тың әрекеттері елдің егемендігіне қарсы бағытталғанын айтып, Тегеран ұлттық мүддесін қорғайтынын мәлімдеді.

Ирандық ақпарат құралдарының хабарлауынша, алғашқы америкалық соққылардан кейін Иран жауап ретінде Кувейт пен Бахрейн аумағындағы америкалық әскери нысандарға шабуыл жасаған. Бұл әрекет үшін жауапкершілікті Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы өз мойнына алды.

8 шілдеде НАТО саммиті кезінде журналистердің сұрағына жауап берген Трамп Иранмен жасалған бітімнің енді күшінде емес екенін мәлімдеді.

 «Меніңше, бәрі аяқталды. Олармен енді ешқандай іс жүргізгім келмейді», – деді АҚШ президенті.

Бұл АҚШ пен Иран арасындағы уақытша бітімнен кейінгі алғашқы ірі әскери эскалация. Сонымен қатар Ормуз бұғазын толық минадан тазарту мәселесі де шешілмеген күйінде қалып отыр. Соның салдарынан бұғаз арқылы жүк тасымалы соғысқа дейінгі деңгейдің жартысына да жетпеді.

Сайт Әкімшілігі