Әлеумет

АҚШ Иранмен соғыста алыс қашыққа арналған зымыран қорының басым бөлігін жұмсаған

Reuters агенттігінің дереккөздеріне сүйенсек, АҚШ Иранмен бес айға созылған соғыс барысында жоғары дәлдіктегі алыс қашықтыққа арналған зымырандарының негізгі бөлігін пайдаланып қойған.

Tomahawk-тың ұшырылу сәті. Фото: AUSTRALIAN DEFENCE / AFP

 Бұл Пентагонның жаңа қақтығыстарға дайындық деңгейіне қатысты алаңдаушылық туғызған.

Агенттік мәліметінше, АҚШ армиясы ATACMS тактикалық зымырандары мен оларды алмастыруға арналған жаңа PrSM зымырандарының «іс жүзінде барлығын» жұмсаған. Сондай-ақ бір дереккөздің айтуынша, АҚШ өзінің Tomahawk қанатты зымырандарының әлемдік қорының жартысына жуығын пайдаланған.

Бұл қарулардың әрқайсысының құны 1 миллион доллардан асады және олар ұшқыштарды қауіпке тікпей, алыс қашықтықтан дәл соққы жасауға мүмкіндік береді. Reuters дереккөздерінің айтуынша, қордың азаюы АҚШ-тың Ресей мен Қытай сияқты ықтимал қарсыластарды тежеу мүмкіндігіне әсер етуі мүмкін.

Сонымен қатар Ақ үй бұл ақпаратқа жауап ретінде президент Дональд Трамптың мәлімдемесін жариялап, АҚШ-та «әлемдегі кез келген елден әлдеқайда көп оқ-дәрі қоры бар» екенін және қорғаныс өнеркәсібі өндірісті рекордтық қарқынмен ұлғайтып жатқанын мәлімдеді.

Алайда сарапшылар өндіріс көлемі өсіп жатқанымен, ұзаққа созылатын соғыс жағдайында бұл жеткіліксіз болуы мүмкін екенін ескертеді.

Сайт Әкімшілігі