АҚШ Иранның серіктестеріне жаңа санкциялар салатынын ескертті
Вашингтон Иранмен кез келген экономикалық байланысты тоқтатуды талап етіп отыр. АҚШ санкция тізіміне әлем бойынша 60-тан астам заңды және жеке тұлғаны, сондай-ақ сауда кемелерін енгізуі мүмкін.
АҚШ Иранды экономикалық тұрғыдан одан әрі оқшаулау үшін оның серіктестеріне қарсы жаңа санкциялар енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент 24 тамызда өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, АҚШ Қаржы министрлігі Иран мұнай контрабандасы мен санкцияларды айналып өту үшін пайдаланған негізгі орталықтарды, делдалдар мен желілерді анықтаған.
60-тан астам ұйым, адам және кеме санкцияға ілігуі мүмкін
Бессенттің сөзінше, санкциялар 60-тан астам заңды және жеке тұлғаға, сондай-ақ әлемнің әр түкпіріндегі сауда кемелеріне қатысты енгізілуі ықтимал. Вашингтонның мәліметінше, олардың көмегімен Тегеран ядролық және зымыран технологияларын алып, мұнай саудасынан табыс тапқан және кибероперациялар жүргізген.
АҚШ қаржы министрі Иранның нақты қай серіктестері санкция тізіміне енгізілетінін айтпады.
Журналистер Иран мұнайының негізгі сатып алушысы саналатын Қытайға қарсы санкция енгізілуі мүмкін бе деп сұраған. Бессент бұған жауап ретінде ешкім Вашингтонның бұл мәселедегі табандылығын сынамауы керектігін мәлімдеді.
Вашингтон Иранның серіктестерінен әрекет күтеді
АҚШ билігі Иранмен ынтымақтастық жасады деген күдікке ілінген тараптардан тиісті байланыстарды тоқтатуды талап етпек. Қаржы министрлігі, Мемлекеттік департамент және Қорғаныс министрлігінің өкілдері әлемдегі серіктестермен байланысып, әр елге Иранға қатысты белгілі бір қызметті тоқтату үшін мерзім бермек.
Талаптар орындалмаған жағдайда Вашингтон тиісті шаралар қабылдайтынын ескертті. Алайда нақты қандай мерзім берілетіні және жекелеген мемлекеттерге қандай шара қолданылатыны әзірге айтылған жоқ.
Бессенттің мәлімдеуінше, Иранға ақша жылыстатуға көмектескен кез келген қаржы ұйымы АҚШ-тың доллар жүйесінен ажыратылады. Сондай-ақ осы аптаның соңына дейін Вашингтон қаржы ұйымдарының біріне қарсы санкция енгізуге байланысты «маңызды мәлімдеме» жасамақ.
Бес экономикалық секторға қауіп төніп тұр
Бессенттің баспасөз мәслихатынан кейін АҚШ Қаржы министрлігі бес салада жұмыс істейтін елдер мен ұйымдарға екінші реттік санкциялар енгізілуі мүмкін екенін хабарлады. Олар – цифрлық активтер, технология, алтын, авиация және кеме қатынасы.
Иран парламентінің төрағасы Мұхаммад Багер Галибаф АҚШ-тың жаңа шаралары нәтиже бермейді деп мәлімдеді. Оның сөзінше, Иранның сауда серіктестері Вашингтонның талаптарын елемейтінін білдірген.
Вашингтон мен Тегеран арасындағы текетіресте соңғы апталарда айтарлықтай ілгерілеу байқалмай отыр. АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы басталғанына алты ай өтсе де, Иранның ядролық бағдарламасын тоқтату мәселесінде нәтиже жоқ. Сонымен қатар әлемдік мұнай, газ және тыңайтқыш саудасы үшін аса маңызды Ормуз бұғазында кеме қатынасын қайта қалпына келтіру жөнінде де келісімге қол жеткізілген жоқ.