Саясат

АҚШ конгресмені: КҚК-ға бұдан әрі шабуыл жасауға жол беруге болмайды

АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының Сыртқы істер комитетіне қарасты Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі кіші комитетінің төрағасы Билл Хьюзенга Қазақстан мұнайының негізгі экспорттық бағыты саналатын Каспий құбыр консорциумы (КҚК) терминалына жасалатын шабуылдарға бұдан әрі жол беруге болмайтынын мәлімдеді.

Фото: Michael Shtekel/Copyright 2026 The AP

Times of Central Asia басылымының сауалына жауап берген конгресмен Украина Қазақстанның заңды мұнай экспортын және АҚШ-тың мүдделерін қорғауға міндетті екенін айтты.

«Әкімшілік Украинаға анық мәлімдеуі керек: КҚК терминалын атқылау тек бейбіт тұрғындарға ғана емес, АҚШ-тың мүдделеріне де қауіп төндіреді. Украина жаһандық энергетикалық қауіпсіздік пен экономикалық тұрақтылыққа үлес қосып отырған одақтастардың заңды энергетикалық инфрақұрылымына соққы жасаудан бас тартуы тиіс. АҚШ халқының Украинаға көрсеткен шамамен 200 миллиард доллар көлеміндегі қолдауы қайырымдылық емес. Мұндай шабуылдарға бұдан былай жол берілмеуі керек», – деді Хьюзенга.

Конгресменнің айтуынша, АҚШ-тың Украинаға көрсетіп отырған көмегі белгілі бір жауапкершілік жүктейді. Оның пікірінше, егер Қазақстан мұнайын экспорттайтын инфрақұрылымға шабуылдар жалғаса берсе, бұл Вашингтонның Киевке қолдау көрсету мәселесіне де әсер етуі мүмкін.

Басылымның жазуынша, бұған дейін де АҚШ әкімшілігі Киевке осы мәселеге қатысты бірнеше мәрте ескерту жасаған. Ақпан айында Украинаның АҚШ-тағы елшісі Ольга Стефанишина Мемлекеттік департамент Новороссийск маңындағы шабуылдардан кейін Қазақстан мен АҚШ-тың экономикалық мүдделеріне нұқсан келгенін айтып, ресми демарш жолдағанын растаған.

Ал The Wall Street Journal басылымы шілде айында Ақ үй Украинадан Ресейге тиесілі емес азаматтық танкерлерге шабуыл жасауды тоқтатуды талап еткенін хабарлаған.

Соңғы күндері КҚК терминалы маңында бірнеше танкерге шабуыл жасалып, мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылған. Соның салдарынан Каспий құбыр консорциумы Қазақстаннан мұнай қабылдауды уақытша доғарып, қоймалар толып кеткендіктен экспортқа шектеу енгізілді.

Қазақстанның Энергетика министрлігі мұнай экспортындағы шектеулерге байланысты бірқатар кен орындарында өндіріс көлемі уақытша қысқарғанын мәлімдеді. Reuters агенттігінің мәліметінше, Теңіз кен орнындағы тәуліктік өндіріс шілде айының басындағы шамамен 925 мың баррельден 406 мың баррельге дейін төмендеген.

Каспий құбыр консорциумы арқылы Қазақстанның мұнай экспортының шамамен 80 пайызы тасымалданады. Сондықтан терминал жұмысының бұзылуы елдің мұнай өндірісіне және экспорттық түсіміне тікелей әсер етеді.

Сайт Әкімшілігі