Сараптама

АҚШ пен Иран 60 күндік бітімге келісті, бірақ Трамп құжатты әлі мақұлдаған жоқ

АҚШ пен Иран өкілдері қарулы қақтығысты тоқтату және ядролық бағдарлама бойынша келіссөздерді бастау жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум жобасын әзірлеуді аяқтады.

Фото: ашық дереккөз

Алайда АҚШ президенті Трамп құжатты әзірге мақұлдамаған. Бұл туралы Axios басылымы өз дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.

Басылымның мәліметінше, тараптар 60 күнге созылатын бітім және Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздерді бастау жөніндегі меморандумның негізгі шарттары бойынша келісімге келген.

Алайда құжаттың күшіне енуі үшін екі ел басшылығының ресми мақұлдауы қажет.

Ақпаратқа сәйкес, кейінірек Иран тарапы америкалық келіссөз жүргізушілерге хабарласып, Тегеран қажетті рұқсаттарды алғанын жеткізген. Бірақ бұл мәлімет Иранда әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Сондай-ақ америкалық келіссөз жүргізушілер келісімнің егжей-тегжейін Дональд Трампқа баяндаған. Алайда АҚШ президенті меморандумға бірден қол қоймай, «бұл мәселені тағы ой елегінен өткізгісі келетінін» айтқан.

Фото: Getty images

Ормуз бұғазы ашылады

Дереккөздердің айтуынша, меморандум аясында 60 күн бойы Ормуз бұғазындағы кеме қатынасы шектелмейді және еркін жүзеге асырылады.

Сонымен қатар Иран 30 күн ішінде бұғаз аймағында орнатылған миналарды алып тастауға міндеттеледі.

Фото: АР

Ядролық бағдарлама бойынша келіссөздер басталады

Құжатта Иранның ядролық қаруға қол жеткізуге ұмтылмайтыны туралы міндеттеме де қарастырылған.

Бітім мерзімі ішінде жоғары деңгейде байытылған уранның болашағы және жалпы Иран аумағында уран байыту мәселелері бойынша келіссөздер жүргізіледі.

АҚШ санкцияларды жеңілдетуге дайын

Егер меморандум түпкілікті мақұлданса, АҚШ Иранға қарсы кейбір санкцияларды жеңілдетуге және бұғатталған ирандық активтердің бір бөлігін ашуға уәде береді.

Осылайша, бірнеше ай бойы әскери қақтығыстар мен өзара соққылармен жалғасқан шиеленістен кейін Вашингтон мен Тегеран дипломатиялық келісімге келуге тағы бір қадам жақындады. Алайда құжаттың тағдыры әзірге Дональд Трамптың соңғы шешіміне байланысты болып отыр.

Сайт Әкімшілігі